Жаңа жылдың басымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетінде көлемді сұқбат беріп, көпшіліктің көкейінде қордаланған біраз сұраққа жауабын айтты.Оның ішінде өткен жылдың ең өзекті мәселесі болған су тасқыны мен оның салдарын да ашвқ жеткізді. Көктемгі қарғын судан Қазақстанның бірнеше облысы зардап шегіп, халық қауіпсіз аймаққа көшірілді. Осы тұста жұдырықтай жұмылған бірлігіміздің арқасында алапат апаттан аман қалдық.
"Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жүмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматтарды құтқарып, аман сақтап қалдық"-деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Расында, су тасқыны кезінде еліміздің Қарулы күштері біздің ауданға 900-ге жуық сарбаз жіберді.
Бір ғана Махамбет ауданы бойынша 93 шаруа қожалық тасқын судан зардап шекті. Оның ішінде 66 егін шаруашылығы, 3 мал шаруашылығымен айналысып отырған қожалық бар. Ауыл шаруашылығы мақсатында орналасқан 48 қызметтік үйге залал келді.
Қазіргі таңда бір ғана аудан бойынша 741 млн теңге үкіметтен шығын өтелді. Бұл егістік пен мал басының шығыны ғана.Алдағы уақытта үй-жайлар мен қораларға да төленбек.
Президентіміз өз сөзінде өткен жылғы тасқынның бұрын соңды елімізде орын алмаған, біз үшін үлкен сынақ пен сабақ болғанын ерекше атап өтті.
« Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты. Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады»- деді Президент өз сұхбатында. Расында осы бір қиын қыстау шақта елдің бірлігі мен тұстастығы, азаматтардың ұйымшылдығы арқасында, күштік құрылымдардың көмегімен ауыл-аймақ апаттан аман қалды. Күні-түні жаға күзетіп, қара басының ғана емес халықтың қамын жеген жігіттердің жігері елді қандай қиын сәтте де демеп тұрды. Осы еңбектері үшін мемлекет басшысы да лайықты түрде марапаттап, алғысын білдірді. Мемлекет басшысы ендігі жылдарда табиғи техногендік апаттардың алдын-алу үшін бірқатар шаралар іске асырылатынын да атап өтті. 2030 жылға дейін елімізде 40-тан астам су қоймасы салынатынын айтты. Ендігі кезекте осы атқарылатын жұмыстарға жұмыла кірісу қолымызда.
О. Мырзабаев
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы