Теңге – дербестік тірегі

Егемендік – еліміздің мәңгілік құндылығы. Қазақ елі бүгінге дейінгі барлық жетістіктерге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізді.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған он бес ел тәуелсіздігін жариялап, өзінің мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Қазақстан да өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын заңмен бекітті. Өзінің ұлттық валютасын шығарды.

1990 жылы елімізде теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобы құрылды.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Біз ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет», - деді. Теңгені енгізу өте қиын, ауыр процесс болды. Бастапқыда ұлттық валютаға екі кезеңмен көшу жоспарланды: бірінші уақытша, ал кейін тұрақты ақшаны енгізу, алайда нәтижесінде ресми валютаны енгізу туралы шешім қабылданды.Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтердің Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін тынымсыз зерттеуінің нәтижесінде қазақтың төл теңгесі өмірге келді. Сол кездегі ҚР Жоғарғы кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановтың ұсынысымен ұлттық валюта «теңге», ал оның жүзден бір бөлігі «тиын» деп аталды. 1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері орын алды. Алатау мен Көкшетау көріністері. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі. Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте - Абай, елу теңгелікте – Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынды. 1993 ж. 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. 3 күннен кейін теңге айналымға енді. Бұл Қазақстанның қаржы жүйесін құруға және ақша айналысын тұрақтандыруға ықпал етті.Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль болды. Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңгені құрады. Алғашқы банкноттар Ұлыбританияда «Harrison & Sons» шағын компаниясында басып шығарылды. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де ойдағыдай аяқталды. Осы кезеңде Ұлттық Банкке үлкен салмақ түсті. Еліміздегі барлық екінші деңгейдегі банктер мен бюджеттік ұйымдардан түскен барлық ақша көлемін өңдеу, қайта санау, сұрыптау жұмыстарын тәулік бойы, демалыссыз әрі мүлтіксіз атқарып шықты.1994 жылы жезден жасалған монеталар өмірге келді. 1995 жылы Алматыда өз банкнот фабрикамыздың тұсауы кесіліп, төл валютамыз өз елімізде басып шығарыла бастады. 2006 жылы теңгенің бейнесі өзгеріске ұшырады. Онда Қазақстанның қазіргі бейнесі бейнеленді. Бүгінде экономикамыз қарқынды даму үстінде. Теңгеміздің де тұғыры тұрақты. Біздің теңгемізге жақын шет елдерден сұраныс жиі түсіп отыр. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты елдерде төл теңгеміздің евро, доллармен бірге айналымда жүргені біз үшін зор мақтаныш.

Айгүл САҒЫНБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Атырау филиалының қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің басшысы.

Тарихтың толымды бөлігі

Жас қазақ елі 1993 жылдың 15 қарашасында өз валютасын жариялау арқылы, ел экономикасының дамуына жол ашты. Сол күннен бастап теңгенің өсіп-өркендеу кезеңі басталды.

Әрине, тәуелсіз мемлекетті өз аяғына тұрғызудың қиындығымен бірге, теңгені де қазіргі деңгейге жеткізу үшін қажырлы еңбек, сарқылмас төзім керек болды. Бірақ бұған дейін мың өліп мың тірілген қазақ халқы бұл қиындықты да жеңіп шықты. Бұл жерде әрние Елбасымыз Н.Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Мемлекет басшысы айтқандай, теңге ұлттық валюта ретінде, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысанына айналды. Әлемнің алпауыт елдерінің алдында зор мәртебеге ие болды. Ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құруда осы теңгені айналысқа енгізудің бірден-бір маңызды қадамы болғаны ақиқат.

Еркебұлан СҮНДЕТОВ,

халық банкі аудандық филиалының директоры.

Өз үлесімізді қосамыз

Ең алдымен төл теңгеміздің 25 жылдығы және қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен барша әріптестерімді құттықтағым келеді.

Біздің аудандық қаржы бөлімі 1938 жылы ақпан айында құрылды. Алғашқы бөлім меңгерушісі болып Ғ.Рысбаев тағайындалды. Кейіннен Ж.Қожрақов, Н.Тасмағамбетов, Е.Алмағамбетов, Қ.Ақкөзов атты ағаларымыз осы қаржы саласында қажырлы еңбек етті. 2006 жылдан бері Е.Құлмағамбетов басшылық жасап келеді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінде бүгінгі таңда 9 мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. Қаржы саласы қызметкерлері қолдарынан келгенше аудан экономикасының дамуына, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдалану істерін жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Қаржы саласына саналы ғұмырын арнаған зейнеткерлеріміз де жетерлік.

Қамқа НЫҒМЕТОВА,

аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары.

Керек дерек

-2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында инфляция 3,3% болды, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен.Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді.

-Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6% болатын жаңа барынша төмен нысаналы дәліздің жоғары шегінің жанында қалыптасуы керек.

-Жылдың басынан бастап 24 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,1%-ға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 365,82 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының күшеюі.

Екінші фактор - Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатайту туралы хабарлау. Осыған орай, жылдың басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15% болды. Ұлттық Банк шекарасы, дәлізі немесе басқа да бағдарлары жоқ өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастырады.

-Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері 30 млрд. АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд. АҚШ долларына жетті.

-Ағымдағы жылдың 9 айында депозиттер 0,8%-ға 17,6 трлн. теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 1,1% немесе 97 млрд. теңгені құрды. Шетел валютасындағы депозиттер 0,5%-ға немесе 40,8 млрд. теңгеге көбейді. Нәтижесінде, депозиттердің долларландыруы 47,5%-ға дейін төмендеді.

-1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер мерзім және салым түрі бойынша жіктеледі. -Кредит нарығы қалпына келді. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 айда жаңа несиелер беру көлемі 25,8%-ға немесе 2 трлн. теңгеге өсті.

Дайындаған: Махамбет МАДЕНОВ,

Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT