Махамбет ауданында шілде мен тамыз - тазалық айлығы болып жарияланып, санитарлық тазалық жұмыстары белсенді жүргізілуде.
«Цито Bilim-Bolahak» ЖШС жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіп, туған жердің келбетін көріктендіруге барынша күш салуда. Серіктес осы орайда Махамбет ауылының тұрғындары арасында "Туған жердің тазалығы- баршаға ортақ" атты тазалық акциясын жүргізіпті. «Тазалық – денсаулық кепілі» деп халқымыз бекер айтпаған. Тазалық жоқ жерде құт-береке болмайды. Әр саналы азамат өзі тұратын жеріне, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін өз үлесін қосуы тиіс.
Соңғы кездері Махамбетіміз көркейіп келеді. Соңғы жылдары бұрынғыдай емес, көгалдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлініп, жасыл желектер, тал-теректер көп отырғызып, маңайға небір жайнаған гүлдер егілуде.Ауданымыздың күннен-күнге гүлденіп- көркейіп келе жатқанын көріп, ауыл тұрғындары да қуанып отырады. Жалпы өмір сүріп отырған ортамыздың, ауыл-елді мекеннің айнадай таза, әдемі болғанына не жетсін.
-Оны жасау, оған мол үлес қосу – әрбір азаматтың абыройлы міндеті.Осы жоба бойынша біз жастардың ортасында үлкен тазалық жарысын откіземіз. Ол жоба бойынша әрбір аудан «қалдықтарды және күл-қоқысты қайта өңдеу» тақырыбында өзiнiң жеке жоспарын қорғайды. Бірақ тазалық екі айлықпен бітпейді, ол бізге күнде керек. Себебі, күл-қоқыс әрбір үйден күнде шығарылады. Кей тұрғын әр жерге бір төгіп, кез келген жерге тастай салады. Сол күл-қоқысты белгілі бір тастайтын жерді біліп, оны сол тиісті орынға ұқыпты тастаған дұрыс. Тазалық алдымен өзімізге, бала-шағамызға керек. Біз сол жердің ауасымен тыныстап жатырмыз. Айлық аясында біздің мекеме де сенбілікке шығып, өз мекемеміздің айналасына өсіп тұрған ағаштардың түбін әктеп, жан-жағымызды тазартудамыз. Әсіресе, мекемеміздің айналасын, жаяу жүргіншілер жолын сыпырып, күл-қоқысын шығарып тастаймыз. Туған жердің тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы – барлық тұрғынға ортақ міндет-дейді олар.
Сондықтан әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып отырса, артық етпес еді. «Тазалық-табалдырықтан басталады» демей ме.
А.Қуанышқалиева