Тас жол төрт жолаққа кеңейтіледі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Ақтоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың жай-күйімен танысып, мұқтаждықтарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Кездесуді аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы ашып, ауылдың жалпы ахуалына қысқаша тоқталды.

-Ақтоғай ауылы ауылшаруашылығы дамыған ауылдарымыздың бірі. Ауылға «Атамбаев», «Бала Ораз», «Кең Өріс» елді мекендері қарайды. Бұл елді мекендерде негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар тұрады. Халықтың қоныстану деңгейі жылдан-жылға жоғарылап келе жатқанын ескеріп, өткен жылы «Атамбаев» және «Бала Ораз» мекендеріне табиғи газ желісі жүргізілді. Әлі жүзеге асырылмаған, бірақ жоспарда тұрған мәселенің бірі ауыл ішілік жол болып табылады. 2018 жылы жобалау-сметалық құжаттамасын аяқтадық, қаражаты қарастырылған. Бұдан басқа алты елді мекенге спорт алаңдарын салу ойымызда бар, – деген аудан басшысы келесі сөз кезегін Ғұмар Дүйсембаевқа ұсынды.

5

i

5

Сенат депутаты алдымен облыс көлеміндегі жол мәселесіне тоқталды. Жолдарымыздың сапасы жөнінен республика бойынша соңғы орындарда тұрғанымызды қынжыла жеткізді. Осы мәселені депутаттық сауал қылып жолдап, парламент қабырғасында көтеріп жүргендерін тілге тиек етті.

-«Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы басталды. 60 шақырым жол үшін 26 миллиардтан астам қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Жолдың қалған бөлігінің де қаржысы шешіліп тұр. Жоспар бойынша жұмыс үш жылда аяқталуы керек. Қала ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында айналма жолдың да жобасы жасалды. Соның арқасында ірі көліктер қаланың ішіне кірмей-ақ сыртқы жолмен өтеді. Доссор, Құлсары, Мақат аудандарының айналма жолдары да осы жобаға енгізілген. Махамбет ауданының тас жолын төрт жолаққа дейін кеңейту де облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының Президенттің алдына қойып жүрген мәселелерінің бірі. Өйткені, қазіргі екі жолақ енсіз болғандықтан көлік құралдарының жоғары тығыздығы мен әртүрлі қозғалыс жылдамдығы кезінде көліктердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кету қаупін жоғарылатады ,– деді Ғұмар Ислямұлы.

Депутат сондай-ақ таза ауыз су мәселесінің шешілу жолдарын да атап өтті.

-Жайықтың суы күн өткен сайын азайып барады. Өкінішке орай, Атырау облысының аумағында жер асты сулары да жоқтың қасы. Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданында «Көкжиде» деп аталатын үлкен су қоймасы кеңес үкіметі кезінде бастап зерттелген екен де, кейін аяқсыз қалдырылған көрінеді. Сол кездегі зерттеу бойынша су қоймасының суы екі облысты да сумен қамтамасыз етуге жетеді деген тұжырым жасалған. Біздің мақсатымыз осы зерттеуді аяғына дейін жеткізіп, одан әрі жоба жасақтап, «Көкжиденің» суын Атырауға әкелу болып отыр.

Жақында Орал қаласында Жайықтың мәселесіне орай үлкен жиын өтеді. Оған Ресей мен Қазақстаннан арнайы өкілдер қатысады. Сол жиынға арнайы комиссияның өкілі ретінде мен де қатысамын. Жайықтың ахуалын, оны жағалай қоныстанған халықтың жанайқайын жеткізетін боламын, – деген Ғ. Дүйсембаев Президенттің бастамасымен көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер, жастарға кәсіпкерлікпен айналысуы үшін беріліп жатқан жеңілдіктерге де тоқталып өтті.

Ауыл ақсақалдары Жеңісбай Досқайыров пен Бақыт Қазимұлы депутаттың жұмысына сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін арнады. Ауыл тұрғыны Нұржан Аманов ауылға ауыл ішілік жол мен көше жарығы қашан салынатынын сұрады. Сонымен қатар ауыз су сағатпен берілмей, күндіз-түні жүріп тұрса деген ұсынысын жеткізді. Бұл сауалға жауап берген аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы Ақтоғайдың ауыл ішілік жолдарының жобасы жасақталып тұрғанын, қаражат бөлінген кезде жасалатынын айтты. Жолмен бірге, жаяу жүргінші жолы және көше жарығы бірге тартылатынын да қаперге берді.

Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып отырған, су тазарту қондырғыларын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер, халықтың судың ақшасын уақытында төлемеуі, тарифтің қымбаттауы т.б. мәселелерге байланысты өз жұмыстарын қиындықпен атқарып жүргендерін, судың тазалығын, сапасын сақтайтын құрылғы алуға мүмкіндіктері жетпейтіндіктен ендігі жерде барлық су тазарту қондырғылары «Атырау су арнасы» мекемесіне берілетінін айтты. «Атырау су арнасынан» алдымен судың сапасы, содан соң уақытында берілуі талап етілетін болады.

Ауыл тұрғындары депутатпен кездесу барысында көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Кездесуді аудан әкімі Ж.Ахметов қорытындылады.

Баян СҮЙЕУОВА

Сурет:автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT