Тарих пен туризмді тоғыстырған велошеру

Жуырда Атырау облысында ел тарихы мен қазіргі заман өрнегін тоғыстырған ерекше спорттық-туристік шара – «Tour de Saraishyq-2025» республикалық велошеруі өтті. Оған Астана, Ал­маты, Ақтау және өзге де өңірлерден келген 120-дан астам әуесқой спортшы қатысты.

САРАЙШЫҚТАН «ІNFINITY MALL»-ҒА ДЕЙІН

Шараның бастау нүктесі – көне Сарайшық қалашығы. Алтын Орда, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының саяси және рухани орталығы болған бұл тарихи мекеннен шыққан велошерушілер заманауи Атыраудың ірі нысандары арқылы жүріп өтті. 80 шақырымдық бағыт дала жолдарын, қала көпірлерін және Еуропа мен Ази­яны жалғап тұрған шартты шекараны қамтыды. 40-шақырымда, Алмалы ауылы маңында арнайы пит-стоп ұйымдастырылды.

Бұл жол жүру тек спорттық шара емес, тарихқа тағзым ету, туризмді насихаттау және Атырау өңірінің бай мұрасын дәріптеу мақсатын көздеді. Көне Сарайшықтың асқақ даңқы мен заманауи Атыраудың серпіні дәл осы велошеруде тоғысты. Жарысқа 14 пен 65 жас аралығындағы әуесқойлармен қатар, шетелдік қатысушылар да келді. Олардың ішінде Атырауда қызмет атқарып жүрген Томас есімді австралиялық азамат та бар.

«18 айдан бері Атырауда қызметтемін. Велосипед – мен үшін ең қолжетімді әрі көңілді хобби. Сарайшыққа алғаш рет келіп отырмын. Бұл жердің тарихи маңызын сезініп, велошеру арқылы көру мүмкіндігі туды. Мұндай шаралар спортты да, туризмді де дамытады»,- деді ол.

РАББИМ БОРАШЕВ  ӘУЛЕТІНІҢ ҮЛГІСІ

Велошерудің ең әсерлі сәттерінің бірі Бейнеу ауданында дүниеге келген, бүгінде 64 жастағы Раббим Борашевтың отбасымен бірге қатысуы болды. Құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек еткен ол зейнетке шыққан соң вело­сипед спортына ден қойып, бірнеше жарысқа қатысып та үлгерген. Оның ең үлкен жетістігі – Париждегі Жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында жасаған халықаралық велосапары. Сол сапарда ол 7 мемлекетті басып өтіп, 5000 шақырымды еңсерген.

Бұл жолы Раббим Борашев ұлдары Бөкенбай, Ардақ, Данышпан және немересі Дінасылмен бірге бір сапта жүріп өтті. Әсіресе, 15 жасар немересі атасы мен әкесінің жанында қатар жүріп, көпшілікті тәнті етті.

– Бұл велошеру мен үшін жай ғана спорт емес, үлкен рухани сапар болды. Аталарымыздың ізі қалған Сарайшықтан бастап, заманауи қалаға дейін жүріп өту тарих пен болашақтың сабақтастығын сездірді. Немерем Дінасылмен бірге қатар жүруім – өмірімдегі ең үлкен бақыттардың бірі. Осындай шаралар жастардың да, ересектердің де жігерін шыңдайды,- деді ол.

ҚОҒАМДЫҚ МӘНІ НЕДЕ?

«Tour de Saraishyq-2025» – тек спорттық іс-шара емес. Бұл – тарихты тану, өңірдің туристік әлеуетін артты­ру және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастама.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында туризм са­ласын жаңа деңгейге көтеру, халықтың денсаулығын нығайтуда бұқаралық спорттың рөлін арттыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Атыраудағы бұл велошеру – сол стратегиялық мақсаттардың жүзеге асуына үлес қосатын жарқын қадам.

Атырауда өткен «Tour de Saraishyq-2025» республикалық велошеруі тарих пен бүгінгі күнді жалғап, халықты салауатты өмір салты­на үндеген тағылымды шара болды. Ол тек спортсүйер қауымның емес, тұтас қоғамның назарын аударып, өңірдің туристік келбетін айшықтай түсті.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT