ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

Мынау жарық ғаламда кез келген тіршілік иесі өмірге келген сәттен бастап ананың мейіріміне, қорғанына, қамқорлығына мұқтаж. Ананың ақ сүті, жүрек жылуы, әлдиі арқылы бала бойына ұлт болмысын айқындайтын ізгі қасиеттер, тілі мен діні, салт- дәстүрі, әдет-ғұрпы сіңіріледі. Сондықтан да ана ұлттық құндылықтар мен рухани болмыстың бастауы саналды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, тұтас ұлттың қалыптасуына ұйытқы болып жүрген аналарымызға деген құрмет қашанда жоғары. Олардың өмірлік тәжірибесін, даналығын пайдалана отырып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу, отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау бағытында он жыл бұрын «Ана­лар» кеңесі құрылған болатын. Бүгінде мыңдаған ананың басын біріктірген «Аналар кеңесі» қоғамда әлеуметтік маңызы зор жобаларды дамыту, отбасыларды қолдау және мәдени құндылықтарды қалыптастыру бағытында елеулі жұмыстар атқарып келеді.

Өткен аптада аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде облыстық Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ана – ұлттық құндылықтар мен рухани болмысты қалыптастырушы» атты аналар кеңесінің облыстық семинары өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ана­лар» кеңесінің «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобалары аясында өткен шараға республикалық «Аналар» кеңесінің төрайымы Назипа Шанай және орын­басары Баян Ахатай, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ләззат Жылқышиева, Қазақстан халқы Ассамблесы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрағасы Жанар Әбіш және ауылдық округтер­ден келген кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен шара қонақтары ақ жаулықты аналарымыздың шеруін тамашалап, алдын ала дайындалған кітап көрмесімен, аудандық мұражай жәдігерлермен, қолөнер шеберлерінің көз жауын аларлық туындыларымен танысты.

Тағылымды шараның шымылдығы ел тарихының әр кезеңіндегі аналар тағдырынан сыр шерткен сахналық қойылыммен ашылды. Алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Қ.Нұрлыбаевқа берілді.

– Құрметті қонақтар, ардақты аналар! «Ана. Отбасы. Қоғам. Ұлт руханияты: ұрпақ сабақтастығының негізі» атты облыстық үш күндік форум аясында ауданымызда жалғасын тауып жатқан тағылымы мен тәрбиелік мәні зор шараға қош келдіңіздер!

Ана – өмірдің алтын діңгегі, отбасының шырағы, ұлттың ұйытқысы. Сіздердің мейірімдеріңізден, табан- дылықтарыңыздан, төзімдеріңізден тұтас бір елдің болашағы қалыптасады. Сондықтан анаға құрмет – елге құрмет, анаға қамқорлық – болашаққа қамқорлық.

Аналар кеңесі – мемлекетіміздің гендерлік саясатын дамытуда, отбасылық құндылықтарды дәріптеуде, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруде өзіндік орны бар еліміздегі үлкен қоғамдық құрылымдардың бірі. Осы бағытта республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген аналарымыздың еңбегі өлшеусіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ- береке, еңбектеріңізге табыс және бүгінгі семинар жұмысына сәттілік тілеймін, - деген ізгі тілегін білдірген ау­дан басшысы Қ.Есқабылұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан бір топ үздік анаға Алғыс хат табыс етті.

Олардың қатарында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ана­лар» кеңесінің мүшесі, білім саласының ардагері Ж.Мұғауова, Есбол орта мектебінің қызметкері М.Оразова, «Көктем гүлі» бөбекжайының қызметкері Ғ.Кенжеғұлова, зейнет­керлер Р.Кабдыкаримова, С.Сапиева, Ақтоғай ауылдық округі аппаратының қызметкері С.Аженова, Бақсай ауылдық округі Томан елді мекенінің тұрғыны К.Уапова, Ақжайық ауылдық мәдениет үйінің тазалықшысы С.Гумарова, Сарайшық ауылдық округінің ақылы қоғамдық қызметкері Ж.Хисина, Алға ауылдық округі әкімдігінің қызметкері А.Айтқалиева, Бейбарыс ауылдық округі «Мұра» ЖК сатушысы А.Қарабалина, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Э.Файзуллаева, Қосарал орта мектебінің мұғалімі З.Есенова, Қ.Ахмедияров атындағы мектебінің мұғалімі С.Бержанова, аудандық орталық кітапхананың оқырман залының кітапханашысы А.Идеятолла, Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Қарабалина марапат­талды. Ауданымыздың үздік аналарына көрсетілген құрмет-қошеметтен соң сахна төріне Астана төрінен арнайы келген шараның құрметті қонағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ана­лар» кеңесінің төрайымы Назипа Ша­най Ыдырысқызы шақырылды.

– «Аналар» кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ауызбіршілікті сақтап, келісімді нығайту. Кеңестің құрылғанына он жылдан астам уақыт өтті. Сол жылдар ішінде бір күн де арасын суытпай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – осы аудандағы Жібек Шамалиқызы. Еліміздің әр өңіріндегі осындай аналарымыздың арқасында бүгінгі күні мемлекеттік биліктің барлық тармағы мойындаған, Президент тікелей тапсырма беретін үлкен ұйымға айналдық.

Естеріңізде болса, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­шысы қоғамдағы бес кеселді қозғады. Нашақорлық, ойынқұмарлық, вандализм, ысырапшылдық, зорлық- зомбылық – ұлттың дамуы мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін тежейтін жаман әдеттер. Осы орайда аталған кеселдерге қарсы алдын алу шараларын жүргізу тапсырмасы «Аналар» кеңесіне де жүктелді. Біз бұл бағытта «Салауатты сана» атты жоба­сын қолға алып, соның аясында түрлі іс-шараларымыз жалғасын табуда.

Қымбатты аналар, қай жағынан алып қарасақ та, қоғамның осындай жағымсыз құбылыстарға бітіспес көзқарасын қалыптастыру және олардың алдын алу – сіз бен біздің ортақ жауапкершілігіміз. Ұлт мәдениетті болуы керек, ал ұлттың мәдениетті болуы тікелей аналарымызға байланы­сты. Себебі ұрпақты ана тәрбиелейді, әке – үлгі. Әкенің үлгісін де ұрпаққа жеткізетін ана. Ол үшін біз өзіміз сауатты, білімді, мәдениетті болуымыз керек, - деді Н.Шанайқызы

Қоғамда әйел-аналардың мәртебесін көтеріп, оларды ел игілігі жолында қызмет етуге жұмылдырып, келешек ұрпақтың саулығы мен тәрбиесіне зор еңбек сіңіріп жүрген республикалық «Аналар» кеңесінің төрайымы Н.Ыдырысқызына аудан халқы атынан сый-құрмет көрсетілді.

Ассамблея аналары «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» деген но­минациялармен үлгілі отбасыларды марапаттау, «Ел анасы» құрметті атағын беру, «Аялы алақан» алқасын тапсыру арқылы отбасы институтын қолдау шараларын атқарып келеді. Дәл осы шарада кеңес төрайымы өз қолымен бір шаңырақ астында жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп өсіріп, бүгінде өнегелі отбасы атанған махамбеттік Қуан Әлиев пен Раушан Айтжанқызына «Алтын шаңырақ» белгісін табыс етті.

Облыстық семинардың салтанатты шарасы ресми бөліммен жалғасын та­уып, онда отбасы институтын нығайту, аналардың көшбасшылық рөлін артты­ру турасында тағылымды ойлар ортаға салынып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жаңа бағыттары жайында сөз болды.

Ресми бөлімнің алғашқы спикері Қазақстан халқы Ассамблясы «Ана­лар» кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай «Тәуелділіктердің түбі бір» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі қоғамдағы тәуелділіктің түрлері мен олардың ұрпақ тәрбиесіне әсері туралы тоқталды. Мұндай зиянды әдеттердің алдын алу үшін отбасындағы тәрбие мен ата-ана үлгісінің маңызы зор екенін атап өтті.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Аналар» кеңесінің мүшесі, білім саласының ардагері Жібек Мұғауованың «Туған жер ақындары. Туған жер туралы 100 өлең» жобасының мақсаты – жергілікті ақындар жырларындағы елжандылық пен елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік арқылы жас ұрпақтың бойында салауатты сана қалыптастыру. Оның ішінде жергілікті ақын- жазушылар С.Бердімұратов, Қ.Бекбаев, М.Оңдағани, З.Деменов, І.Есқалиев, Қ.Есқалиев, Ә.Молдашев, Ә.Құлмашев, Т.Есенғалиев, Қ.Қазымбекұлы, Ж.Қарасаева, Н.Ерғалиев, А.Есенғалиев, Т.Наурызалиев, С.Қойшығұловтардың есімдерін атап, кейбірінің шығармаларынан үзінді оқып берді.

Қосарал орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ауылдық «Аналар» кеңесінің мүшесі З.Есенова С.Бердімұратовтың шығармашылығынан «Туған жер тынысы» еңбегі бойынша тәрбие бағытындағы шығармашылық жұмысымен таныстырды.

Ал, аудандық орталық кітапхананың оқырман залының кітапханашысы А.Идеятолла ақын, журналист Қ.Есқалиевтың «Күз түсті ме?» жыр- жинағы бойынша әңгімеледі.

– Қажымұқан ақынның жырларын оқи отырып, өмірге деген құштарлықты, елге деген сүйіспеншілік, ата-ана, бала- перзентке, досқа деген бауырмалдықты байқайсыз. Әсіресе, туған жерге, Отанға деген патриоттық сезімдерге жетелейтін өлеңдері көп. Жинаққа енген «Сары кемпір» өлеңіне ол қарапайым ауыл халқының бір-біріне деген ыстық-ықыласы мен дархан көңілін әдемі сыйғыза білген. Өмірдің өзінен алынып, шумақты тіркеске салынған тәрбиелік мәні зор «Сары кемпір» өлеңін оқыған әр қазақтың көз алдына балалық шағы елестейтіні сөзсіз, - дейді.

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Бержанова жергілікті айтыскер-ақын Ж.Қарасаеваның «Сүт ақы» еңбегіне кеңірек тоқталды.

– «Махамбет ауданының Құрметті азаматы», Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Ерен еңбегі үшін» және т.б. медальдардың иегері, танымал айтыскер-ақын Ж.Қарасаеваның поэзиялары мен әңгімелері туралы айту – мен үшін үлкен жауапкершілік. Оның шығармасынан 2012 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология магистрі М.Ақтажиева кандидаттық диссерта­ция қорғады. Атақты ғалым,академик, ақын, жазушысы, Қазақстанның Құрметті жазушы Қ.Жүсіп моногра­фия жазған.

Қ.Жүсіп: «Қазақ өлеңіндегі әйел ақындардың жұлдызды шоғырының ішіне Ж.Қарасаеваның шығар- машылығын сыйғызуға болады» десе, ал М.Ақтажиева: «Жәниба поэзиясы – өз оқырманының көңілін аулап, кішкентай кірбің-ренішін жуып-ша­ямын деп сылап-сипап, бәйек бола қалатын елгезек поэзия емес, қайта қалғып кеткен оқырман көңілін алай- дүлей етіп астаң-кестеңін шығаратын, кірбің-ренішін күл етіп ұшырып, оның жан жүрегіндегі жараны қандауырмен қанын сорғалатып тұрып сылып та­стайтын тегеурінді поэзия» депті.

Жәниба ақын поэзия табалдырығын ел мен жер, әке мен бала, табиғаттың түрлі тіршілігін жырлап аттады. Оның туған жер тақырыбына арнаған біршама өлеңдері осы «Сүт ақы» еңбегінде баршылық.

Қай кезеңде де қазақ әйел- аналарының еңбегін, ұрпақ алдындағы парызын ерекше сүйіспеншілікпен жырлаған Жәниба ақын шығармалары шеберліктің, суреткерліктің жемісі деп білемін, - дейді С.Бержанова.

Тағылымды ой, терең мазмұнға толы семинардың алғашқы бөлімінде облыстық абысын-ажын байқауының жүлдегері атанған Избуловтар әулетінің келіндері «Қазақ осы» әнін шырқап, көпшіліктің ыстық-ықыласына ие бо­лады. Шара жергілікті айтыскер ақын С.Қойшығұлов пен музыкант Д.Юннің шығармашылығынан туған аудан өнерпаздарының орындауындағы «Махамбет жастарының» гимнімен қорытындыланды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT