«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демей ме халқымыз?! Ендеше, қазіргі уақытта ел ішін жайлаған қауіпті індетпен күрес жүргізу, сонымен қатар ауыл тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында игілікті іс атқарып жүрген Таңдай ауылының тұрғыны Гүлжан Темірғалиқызы жөнінде сөз қозғамақпын.
Гүлжан Темірғалиқызы Нысанқұлова Алматы медициналық институтының Шымкенттегі филиалын провизор-фармацевт мамандығы бойынша бітірген. Шымкент, Атырау қалаларындағы дәріханаларда қызмет атқарған.
2002 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Өзінің қажыр-қайраты мен күш-жігерінің арқасында Аққыстау ауылында екі қатарлы «Еркежан» атты дәріхана салып, аудан кәсіпкерлерінің арасында жоғары беделге ие болды.
2018 жылы Жанбай ауылына жаңа заман талаптарына сай салынған дәріхананы пайдалануға берді. Бұл дәріхана әлі күнге дейін өз жұмысын атқарып тұр.
Гүлжан Темірғалиқызы Қазақстан іскер әйелдері VI конгресінің және облыстық кәсіпкер әйелдер форумының делегаты. Ауруы жанына батып, дертіне ем іздеген бірсыпыра халық аурухана табалдырығын тоздырса, енді біреулері қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығын алға тартып, дәріхана жағалап жүрді.
Ел басындағы осы іспеттес маңызды мәселелерді ескерген Гүлжан Нысанқұлова өткен жылы Таңдай ауылында «Еркежан-3» атты дәріхана ашып, ел игілігіне қызмет етуді мақсат еткелі ауыл жұртының алғысын алып, ризашылығына бөленіп жүр. Әзірге дүкеннің бір бөлмесін жалға алып отыр. Гүлжан Темірғалиқызы кез келген адаммен тез тіл табысып, сыпайы қарым-қатынас жасауының арқасында халықтың көңілінен шыға білді.
Пандемия басталғалы бері вирусқа қарсы әрекет ететін дәрілердің ешқайсысының дәріханада болмай қалған күні жоқ. Сонымен қатар Гүлжан Темірғалиқызы тұтынушыларға уақыт талғамай қызмет етеді. Парацетамол, аспирин секілді жоғары сұранысқа ие дәрілер аудан тұрмақ, қалада да тапшы болған уақыттарда ауылымыздағы дәріхана сөрелерінен табылып тұрды.
Қазіргі таңда Гүлжан Нысанқұлованың дәріханасынан Махамбет, Ақтоғай, Жалғансай, тіпті Исатай ауданына қарасты бірнеше ауылдардан да арнайы келіп, дәрі сатып алушылар қатары сиреген емес.
Жақсылыққа жаны жақын Гүлжан Темірғалиқызы «Парыз» еріктілер тобының мүшесі ретінде биылғы жылы көктемде көп балалы отбасыларға 500 дана бетпердені тегін таратып берді. Сондай-ақ жеңілдетілген бағамен ұсына отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз еткен болатын.
Гүлжанның бұл ізгі әрекетіне барша ауыл тұрғындары ризашылық танытуда. Гүлжан Нысанқұлова білікті маман әрі кәсіпкер ғана емес, отбасының ұйытқысы, жарының да көңілін қас-қабағынан-ақ таба білетін отанасы. Өз тарапымнан әрі ауыл тұрғындары атынан Гүлжан Темірғалиқызына шексіз ришалығымды білдіремін. Ел үшін төккен маңдай теріңіз бен ақ адал еңбегіңіз елене берсін!
Ісіңіз оңға басып, алғаныңыз алғыс болып, ел құрметіне бөлене беріңіз.
Қансұлу МАМАЙҚЫЗЫ, ауыл тұрғыны