Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, саланың дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, осы бағытта тұрғындардың кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда.
Бұл махамбеттіктердің аталған саладан мол табыс табуға болатынын түсінгенін байқатады. Солардың бірі – Таңдай ауылының іргесінде орналасқан «Ердәулет» шаруа қожалығының басшысы Тілекқали Иманғалиев. Отбасылық кәсіпті, 1996 жылы бастап, 2001 жылға дейін жүргізген кәсіпкер араға біраз уақыт салып, қайта егін салу кәсібін жандандырыпты.
– 2016 жылы Таңдайдан жер алып, жұмысты қолға алдым. Мемлекет тарапынан суға, тамшылатып суаруға арналған лентаға субсидия аламыз. Көктемгі дала жұмыстары басталғаннан күздегі жинау науқанына дейін ауылдың еңбекқор азаматтары көмегін беріп келеді. Шілденің шіліңгір ыстығында жүріп, маңдай терімен еңбек етіп жүрген әрбір азаматқа тәулігіне 5-6 мың көлемінде еңбекақы төлейміз. Сонымен қатар үйдің жанынан жылыжай салып, жұмыс бастадық. Ол үшін Үкімет тарапынан 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз несие берілді. Қимылдаған адамға істейтін тіркіл көп. Тек ниет қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қолдау жоғары деңгейде көрсетілуде,- дейді шаруашылық иесі.
Айта кету керек, «Ердәулет» шаруа қожалығы биыл қияр, қауын, қарбыз, асқабақ тұқымын егіп, мол өніп жинапты. Шыққан өнімді ауданға, Атырау, Құлсары қалалары, Бейнеу ауданы Боранқұл ауылдарына дейін тасымалдап, халыққа тиімді бағада ұсынады.
Таңдайдың таңдайдан кетпес дәмі бар қарбызын халыққа бірінші ұсынатын «Медеуов» шаруа қожалығы осымен үшінші жыл қатарынан егін екті. Пандемияның салқыны ұрып тұрған кезде жұмысын бастаған шаруашылық сенімді түрде алға жылжып келеді.
– 2020 жылдан бері осы жерде егін салумен айналысамыз. Негізінен қауын, қарбыз, қиярдан өнім аламыз. Биыл тәжірибе ретінде пияз бен сәбіз ектік. Осы жылы да қарбызды алғашқылардың бірі болып шығардық. Қуанышымызға орай, егінге шабуыл жасайтын зиянкестердің мөлшері өткен жылмен салыстырғанда аз болды. Улау жұмыстарын уақытылы және тиімді жүргізудің нәтижесінде егістікке қауіп төнбеді,- дейді шаруа қожалықтың агрономы Бауыржан Тыныштықов.
Иә, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылайтын аудан шаруалары биыл да үлкен өнімнен үмітті. Жалпы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар мен сол көмекті ұтымды пайдалана білген өңір шаруаларының еткен еңбектері ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашып отыр. Сала заманауи техникалармен жарақталып, шаруалар табысы еселенуде.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ