Таңдайда «Ақ кербез» қыз-келіншектер клубы жұмысын бастады

«Ақ кербез» қыз-келіншектер клубы

Қыз-келіншектердің қоғамдағы өзіндік орны мен беделін, отбасы ынтымақтастығын, мәдениетін арттыру мақсатында Бақсай ауылдық мәдениет үйі жанынан «Ақ кербез» қыз-келіншектер клубы ашылды.

Ашылу салтанатына Таңдай ауылының аналар кеңесінің төрайымы Биғайша Құмарова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова, ақын Жаниба Қарасаева, «Қоғамдық келісім» КММ Махамбет ауданының сарапшысы Гүлмира Сембаева, іскер ана Гүлжан Нысанқұлова және түрлі салада еңбек еткен аналар, қыз-келіншектер қатысты.

Жобаның тұсаукесерінде ауыл келіндері ұмыт болып бара жатқан «Бие қысырамас», «Итаяғына салу», «Құрсақ шашу» сынды ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, қазақылықтың иісін аңқытқан көріністер қойып, көрермендердің қошеметіне ие болды. Анасы мен қызының диалогы, әсем ән, мың бұралған бишілердің өнері де шараның әрін кіргізді.  «Райхан гүлі» бөбекжай-бақшасының қызметкерлері «Қыз-келіншектер» биін билесе, ауылдың әжелері «Киіз басу» биімен көпшілікті тәнті етті. Ұлттық нақышта киінген келіндер көрерменге иіле сәлем салып, өздері дайындап әкелген ұлттық тағамдарын ұсынды.

– Бұл клуб ақпан айында өткен аудандық семинарда «Клубтық ұйымдар – мәдени-сауық және тұлғалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту орталығы» тақырыбында берілген тапсырмаға сәйкес ашылды. Адам баласы өмір сүру барысында ізгі мақсаттарға жету үшін үнемі ізденісте және әрекетте болады. Әр адамның діттеген арманына жету үшін қолғабыс болатын ең құнды дүние ол – ауызбіршілік. Егер халық арасында бірлік пен татулық болса, ел өркендеп дамиды және гүлденеді. Осы ретте шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ауылдың келіндеріне, «Райхан гүлі» бөбекжайы-бақшасы мен мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, - дейді «Ақ кербез» клубының жетекшісі Жадыра Есенова.

«Ақ кербездің» қатарына қосылған қыз-келіншектерге өңірлік белгілер тағылды. Кеш соңында шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан Балауса Габдуллина мен Рахат Каловаға алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521