Таңдай ауылында "Ғажайып" ерекше балалар клубы ашылды

 Таңдай ауылындағы Бақсай мәдениет үйі жанынан «Ғажайып» ерекше балалар клубы ашылды. Бұл клуб бейнелеу өнері, ән, күй бағытында жұмыс жасайды. Бұл бастаманы Жадыра Есенова  үстіміздегі жылдың ақпанында Алға мәдениет үйінде өткен аудан мәдениет қызметкерлерінің семинарында бастама көтеріп, ерекше балаларға арналған клуб ашу жөнінде жобасын ұсынған еді.  Сол ерекше жобаның тұсаукесері күні кеше балалар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.

 Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Өтегенұлы клубтың ашылуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.  Клубтың ашылу салтанатында Қ.Ахмедияров мектебінің директоры С.Қойбақов, «Райхан гүлі»  бөбекжайы меңгерушісі Б.Құмарова да құттықтап, клуб жұмысына табыс, жемісті еңбек тілеп, ерекше балалар дарыны ашылып, мерейлері үстем болсын деген ақжарма тілектерін арнады. 

 «Ғажайып» ерекше балалар клубы жобасының авторы Жадыра Есенова  клуб жоспарымен, мақсат-мүддесімен, жетекшілері- Қалығыз Сарсенғалиева, Гүлмира Наутиевамен таныстырып, бірлесіп атқаратын жұмыстарға сәттілік тіледі.

 Таңдай ауылдық кітапханасы меңгерушісі  Күләш Есмурзина «Бақытты бол, бүлдіршін!» кітап көрмесін таныстырды.  Аудандық мүгедектер қоғамның қолдауымен  ерекше балаларға   «Алімау» ЖШС директоры Е.Андашев, «Қожан» АҚ бас директоры Ю.Лункун, ЖК «Атырау-Авто» басшысы Е.Джакумбаев, Таңдай мектебінің 40 жылдық түлектері  демеушілік көрсетіп, сый-сияпаттарын, қаржылай сыйлықтарын ұсынды. 

 Кеш соңына таман  Парасат Амандықұлы Жадыра апайына майлы бояумен салынған портретін сыйлады. Ата-ана  А.Молдағалиева  мүмкіндігі шектеулі балалардың  бұрынғыдай үйде отырмай, мәдениет үйіне келіп,  көпшілік ортада  басқа балалармен тең дәрежеде  үйірмелерге  қатысуына мүмкіндік туғанына ризашылығын білдірді.  Одан әрі жас өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен көпті тәнті етті. 

Иа, ерекше баланың дарынын ашып, бар жағдай туғызып, қоғамнан шектелмеуіне «Ғажайып» клубы да мол үлес қосады деген сенімдеміз.  Әр баланың өз қалауы, өз құқығы барын ұмытпайық.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521