ТАЛАЙЫМ ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ

Бес жылға созылған қанды қырғын соғыстың зардабы Кеңес үкіметі халықтары үшін өте ауыр болып еді. Миллиондаған адам құрбан болып, жүз мыңдағаны еліне жаралы, мүгедек болып оралды. Соғыс шырғалаңынан жазықсыз жаза арқалап, та­лай тағдыр тәлкегін тартқандары қаншама? Сұм соғыстың аяқталғанына бұл күнде 80 жыл өтсе де, қайсыбір соғыс жауынгерлерінің басынан кешкен тағдырларының бүгінгі ұрпаққа әлі де беймәлім тұстары жетерлік. Өздері бұл өмірден өтіп кетсе де, тарих тағылымы ел жадынан өшпек емес. Сондай жандардың бірі өмірінің соңғы жылдарын Алға ауылында өткізіп, 1995 жылы дүниеден озған, кеңес жауынгері Құспан Дәркенұлы есімді ағамыз еді.

Санасында сан қайталанып, ойына ойран болған майдан даласы оралған сайын, миын жеген мың сұрақтан мазасы қашып, маңдайы қыртыстанып, түнерген түрін, орайын тауып көпшілік ортадан оқшаулай түсетін. Оңашада шер­ленген көңілі: «Әттең-ай, әттең сұм соғыс...» деп көкірегі қарсы айырыла күрсінеді-ақ. Жападан жалғыз қырда жүріп: «О, сұм соғыс талайдың жа­нын жалмадың-ау. Талайдың жарын жесір, ұрпағын жетім етіп, шаңырағын шайқадың-ау. Талай мен сияқтылардың тағдырын тәлкек те еттің ау, сен сұм соғыс!»деп мұңға батып шерленетін.

Ол соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы ғана елге оралады. Келісімен Жайық бойындағы Бақсай ауданының бір колхозына мүше болып кіреді. Ал­дымен бір отар қой бақты. Екі жылдан кейін кол­хоз басшылығы оның еңсе бойлы, кең иықты ірі денесі мен күш-қуатына қарады ма, әйтеуір оған Жуантөбедегі жылқы малын бағуды сеніп тапсыра­ды. Осы өңірде туып, бала кезінен ат жалына жар­масып өскен қыр баласына жылқышылық атакәсібі емес пе?! Бұл шаруаның да әп дегеннен ыңғайын тауып, дөңгелентіп әкетеді. Жайық бойындағы өзі туған Тасқайраң ауылына көрші ауылдың Нағима атты қызымен жанұя құрады. Жанұялық жаңа өмір күнделікті тіршілік қамына тырмыстырып, ағайын- туыс арасында өз ырқымен тыныш өтіп жатты. Ты­нымсыз бейбіт өмір тіршілігінен соғыс салған жан жарасы да бірте-бірте көңілінен көмескіленіп бара жатқандай еді.

Бір күні Құспан жылқышы үшін жарық дүние төңкеріліп түскендей жағдай орын алды. Оның себепшісі жақында ауысып келген колхоздың жаңа басқармасы болатын. Оның өзі де қыр-сыры көпке мәлім, осы маңның адамы еді. Домаланған, тапал бойлы жаңа басқарма келе сала қарауындағыларды «қырып-жойып», өз тәртібін орнатып жатыр дегенді келген-кеткендерден естіп жүрген. Ендігі кезек жылқышыға да жеткен бе? «Тез жетсін!» деп, хабар салыпты. Бұл болса «Жарайды. Ұнамасам, малын тапсырармын» деген оймен колхоз орталығындағы кеңсеге келген.

Отырған орнын темекінің көк түтінімен буда­лап, өзі де түтін болып түтеп отырған тапал қара басқарманың түрін көріп: «Әбеке, жайшылық па, не болып қалды?» деп бөлмесіне шақыртуымен кел­ген колхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы, соғыс ардагері Дүйсенғали Төленов. Төр төбесіндегі «тағында» домаланып отырған басқарманың май басқан бұғағы бүлк-бүлк етіп, қабағын түйіп буырқанып:

- Қайдан жай болушы еді?! Арамызда жаудың ада­мы жүр, партком жолдас! - деп гүр етті.

- Не дейсіз, Әбеке, ел аман, жұрт тынышта қайдағы жау? - деп аң-таң болған партком сұрағын аяқтамай жатып, есіктің арғы жағындағы хатшы­сына: «Шақыр, кіргіз Дәркеновті!» деп, ышқына айқайлады. Алдында жатқан әскери комиссариат­тан ба, әлде прокуратурасынан ба? Ол жағын өзі де толық ұқпаған тілімдей хат-парақшаны парткомға қарай ысырды. Ол бұл азаматтың соғысқа Бақсай ауданынан алғашқылардың бірі болып аттанғанын бұрыннан білетін. Соғыстан кейінгі шаруашылық барысында да кездесіп жүр. Қырда жолыққанда аз- кем сырласқаны да бар-ды. Жаңа есік алдында да амандасқан. Басқарма бөлмесінің маңдайшасы ала­салау есігінен сәл еңкейіңкіреп кірген еңгезердей жылқышы амандасып алып, босағадағы жалғыз отырғышқа қарай беттегені сол еді. Май басқан жұдырығымен столын бір қойып, үстіндегі темекі күлін бұрқ еткізген басқарма:

- Әй, сен, біздің алдымызда шалқайып отырмақшысың ба?! Тұр сол есік алдында, жаудың құйыршығы! Сен немістерге сатылған жаусың біз үшін. Саған отырмақ тұрмақ, біздің елде де орын жоқ. Көрдің бе мұның ішімізге жасырынып кіріп алып, талтаңдауын. Талтаңдатармын мен сені! - деп ышқына кетті.

Партиялық этикадан шығып, әрі арыстай азаматты балаша тұрғызып қойып, түйеден түскендей түйдек сөздермен түйреп, қаралай бастаған басқармаға қарап:

- Әбеке, сабыр сақтаңыз. Мына сөздеріңіз ағамыздың атына, жаптым жала, жақтым күйе емес пе? - деген еді. Ол одан бетер бурадай бұрқырап, не бір түрлі құлақ естімеген балағат сөздермен ба­стырмалай түсті. Мынадай қаралауды естігенде бір қызарып, бір бозарған Құспанның тұла бойы тоқ соққандай дуылдап, құлағы шуылдап, өн бойынан жөпелдемде ыстық тер шым-шымдап, басына дейін көтерілген қаннан қалшылдап тұрып, тілі сөзге кел­генде:

- Ау, айналайын-ау, ештеңенің анық-қанығын білмей жатып, қалай мені қаралап тұрсың? Қасымда болып, көзіңмен көргендей. Мен немістерге өзім қолымды көтеріп немесе қашып барып кірді дейсіңдер ме? Мен Отанымды сатқан жоқпын! Мен соғыстым. Мен жараландым да. Сонда да қайта ұрысқа кірдім. Мен тағы жараландым, өлім аузында жаттым. Мен...мен..., - деп әрі қарай ақиқатын айтып, мынау сияқты соғыс көрмеген, ауыл арасынан әріге аттап шықпаған жанның алдында ақталғысы да кел­мей, басына дейін шапқан ызадан көзінің жасы ағыл- тегіл төгіліп, қос жанарынан тоқтаусыз парлады кеп.

- Е-е, енді сенің немістер үйретіп жіберген өтірігіңді тыңдап отыруымыз керек екен ғой. Қарай гөр мұны. Немістердің жансызы. Сатқын! - деп ау­зынан ақ көбігі шашырап, зіркілдеген басқарманың сөзін аяқтатпай:

- Тоқтат! Жетер енді! Мынауың шектен шыққан қаралау! - деп партком басқарманың өзіне зекіген. Ол одан бетер құтырып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, бураша бұрқырап, орнынан атып тұрды. Осы жерде партком, оның білегінен қысып ұстап тұрып:

- Көке, сіз шыға беріңіз! Сізде ешкімнің де ша­руасы жоқ. Болуға тиісті де емес. Кете беріңіз! - деген. Бірақ жылқышы басқармасы рұқсат етпей тұрып шыққысы жоқ. Екі көзінен төгілген жасын да сүртуге шамасы жоқ, ызадан екі иығы селкілдеп әлі тұр еді.

- Кетпейді ол! Мен бұның түбіне жетпей тын­баймын. Мен бұны өз қолыммен қазір айдап апа­рып түрменің түбіне тығамын, - деп бөлмені басына көтеріп, тапал бойы еңселі Дүйсенғалидың иығына жетпей, қолтығының астынан басын шығарып, кеңірдегі үзілердей ышқынып жатқан. Кенет оны қос қолтығының астынан көтеріп алып, столының шетіне отырғызған Төленов, есік жаққа мойнын бұрып:

- Кет дегенде ит те кетеді ғой. Тез бұл жерден кетіңіз, көке! Жұмысыңызға барыңыз! Сізде ешкімнің, ешқандай да шаруасы жоқ. Кетіңіз! - деді.

Өзіне араша түскен соғыс жауынгерінің қатты- қатты зекігені әскери бұйрықтай естілді де, көз жасы парлауымен бөлмеден шыға жөнелді. Сто­лына отырғызған күйінде әлденелерді әлі де көкітіп жатқан басқарманың енді жағасынан қысып алған бастауыш партия ұйымының хатшысы:

- Әй, басқарма шырақ, есіңді жи, айналаңа көз сал. Біреуді балағаттап, қараламас бұрын өзіңнің өткеніңе ой жүгірт. Артыңа қара! Ол кешегі күні ел басына күн туғанда өзі сұранып Қызыл Ар­мия қатарына қосылды. Сен айтқан немістерді өз көзімен көріп, олармен бетпе-бет шайқасқандардың бірі. Сен құсап неміс атын үйде жатып естіген жоқ. Тағдырдың жазмышын көрді, басынан өткерді. Ал, сен ауылда қалғанда не тындырып, не істедің? Үндемейсің ә? Әлде, сенің ауылда қалған бала-шаға, шал-кемпір, қатын-қалашқа қырғидай тиіп, жесір қатындарға қалай қол салып, неше жанұяны жа­сырын ойран қылғаныңды есіңе салайын ба? Әлде сенің қоймашы болғанда халықтың маңдай терімен жинап, сақтаған тұқымдық тары, картобын қалай үйіңе ұрлап тасығаныңа куәлерді шақырайын ба? - деп жағасынан қолын босатып, бурадай бұрқыраған басқарманы сабасына түсірді. Дүйсенғали жоғарыдан келген хатты өзі алып, бөлмесінен шығып кеткенше, сол столының үстінде отырған күйі, үнсіз бозар­ды да қалды, әлгінде ғана шегірткенің айғырындай шырылдаған пәлеқор басқарма.

«Кет дегенде ит те кетеді ғой. Кетіңіз, көке!»деген Дүйсенғалидың бұйрығы құлағында жаңғырып, көз жасын тыймастан, кеңсе ауласында тыпыршып тұрған Күреңайғырдың үзеңгісіне сол аяғын іле сала сауырлата қамшы басты кеп. Ауыл сыртына шыға бере Жуантөбе жайлауына қарай құйғыта жөнелді. Әлгіндегі кеңсе ішінде естіген балағат сөздер мен қаралау жанын жегідей жеп келеді. Әр сөздері мен үтір, нүктесіне дейін санасында сан қайта жаңғырып, көз жасы омырауын жуып келеді. Қашаннан сыр мінез болып қалған Күреңайғыр да иесінің бет- жүзіне жел қақтырып, жан-дүниесін жайланды­райын дегендей, қамшы салдырмай-ақ тоқтаусыз құйғытып келеді. Құстай ұшып келеді. Иесінің де көз жасы тоқтаусыз ағып келеді, ағып келеді.

Осылайша қанша шапқанын да білмейді, бір уақытта ой шырмауынан шығып, есін жиып өз-өзіне келгенде білгені Күреңайғырдың шылбы­рын қолына қысып ұстаған қалпы, Жуантөбенің етегіндегі терең сайдың табанында, мамыр туғалы шоқтай жанып, қауыз жарған қызғалдақтар ара­сында, жасыл жайлауында шалқасынан жатыр екен. Бетін жуып келе жатқан көз жасы да мамырдың май­да желімен кеуіп, ашу-ызадан ширығып келе жатқан тұла бойы да босап, көңілі әлденеден жай тапқандай. Көптен күпті болып жүрген көңілін жайлатқан, ол нендей күш еді? «Шіркін, қазағым-ай! Бір ауыз сөздің көңілдің кілті екенін қалай дөп басып айтқансың?!» деп күбірледі. Шалқасынан жатқан күйі көңіл са­райы ашылып, неше жылдардан бері есіне алудан да үрейленіп, талайым тағдыр тәлкегіне түсірген сол бір жылдарды жадылай жөнелді, ой жүйрік.

* * *

1942 жылдың июнь айында Бақсай аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына сұранып, соғысқа аттанды. Екі айдай дайындықтан өткеннен кейін, Украина майданына қарасты атқыштар полкінің құрамында фашистік басқыншыларға қарсы ұрысқа кірді. Сталинград қаласын қорғау кезіндегі үлкен бір ұрыста бір иығынан жараланып, дала госпиталінде он күндей ем-дом алып, қайтадан өзінің атқыштар полкіндегі жауынгерлері қатарында сапқа тұрды. 1943 жылы немістердің шабуылын тоқтатып, қарсы ұрыс са­лып Сталинградтан ұзатып, неміс қолында қалған деревняларды жаудан босату операциялары жүріп жатқан. Бұл операция нағыз кескілескен ұрыстарға ұласып, әрбір елді мекенді бірде олар, бірде біздің жақ иеленіп, күні-түні кескілескен қанқұйлы қырғын болатын. Немістерді үлкен бір селодан ығыстырып шығарып, село сыртындағы орман шетінен сәл тыныштықты пайдаланып, қорғану үшін окоп қазуға бұйрық болды. Қасымдағы мардвин жігіті екеуіміз өзімізге тиесілі жерімізді қазып жатырмыз. Бастығымыз кіші сержант орыс жігіті арасында: «болыңдар, тездетіңдер!» деп әкіреңдеп қойып, өзі ағаш көлеңкесінде махоркасын газет қиындысына орап отырған. Бір уақытта гүрс-гүрс бомба, снаряд­тар жарылысынан құлақ тұнды. Бір снаряд тура ағаш түбінен жарылғанда дүние төңкеріліп түскендей болды. Есім бір кіргенде ағаш түбінде отырған сержанттың дене мүшелері бөлініп, шашылып жа­тыр да, қасымдағы жауынгердің тура тамағына сна­ряд жарқыншағы қадалған. Бірақ еш қан жоқ, жан тапсырған. Менің жамбасымнан қан атқылап жатыр екен. Талықсып барып есімнен танып қалыппын. Бір есім кіргенде дала емханасында жатқанымды ұқтым. Емханамыз кешегі өзіміз босатқан селода. Әйтеуір, жаным қалғанына шүкір етіп жатырмын. Емхана деген аты болмаса дәрі-дәрмектің де түрі шамалы, бары жеткіліксіз екен. Менің жамбасым­нан снаряд жарқыншағының біреуін алғанымен орны жазылып болмады. Жаздың күні, шыбын- шіркей кеулеп жүр. Қайта-қайта іріңдеп, жара орны құрттай бастаған еді. Бір күні таң бозында дәлізден медбике қыздардың шошып шыңғырған дауыстары шығып, артынша жеке-жеке атылған мылтық дыбы­стары естілді. Біздерді немістер қоршап алған бол­ды. Дәрігерлерді тұтқындап, дәрі-дәрмектерін салып алған. Ауыр жаралыларды шетінен атып келе жа­тыр. Бізге келгенде қасымдағы екі жаралыны атып, маған оқталғанда қастарындағы офицер автоматтың ұңғысын жоғары көтеріп жіберіп: «орныңнан тұр!» деп ымдады. Тұрдым. «Жүр!» деді. Солдаттарына мені алып жүруді бұйырды. Бір машинаға бәрімізді тиеп алып, өздерінің тұрағына әкелді. Машинадан өздігінен түсе алмай жатқандарын табандатып, ма­шина қорабында қалдырды. Жүруге жарағандарды уақытша емханаларына жатқызды. Біздің дала ем­ханасындай емес аппақ, тап-таза екен. Жарама бір май жағып, қайта таңып берді. Бірер күннен кейін барлық тұтқындарды темір жолға әкеліп, төбесі ашық вагонға тікемізден тығыздап тұрып тиеді. Қанша күн жүргеніміз есімде жоқ. Жолда талып қалып, орны­нан тұра алмай жатқандарды атып, өлгендерді жолға тастап келе жатыр. Маған иықтасып бір өзбек жігіті келе жатқан. Өзі әбден қалжырап бітті. Уысына қысып алған нават шекерін арасында сорып қоятын. Байғұс соңғы сәтінде уысын босатып, нәр алып келе жатқан тәттісін менің алақаныма салып, сәлден соң көз жұмды. Иманды болғыр. Сол кесек шекер енді маған нәр болып, әлі келемін. Содан бір күні таңда бір жерге тоқтап, тірі қалғандарымызды вагоннан түсірді. Қолдарында арпылдағын иттері бар, ав­томаттарын асынып алған неміс солдаттарының қапталдауымен, шұбыртып отырып қалың орман ара­сына әкелді. Айналасын жебе сымдармен қоршаған ұзын барақ үйлерге қамады. Үстімізге тұтқындарға арналған ала жолақ костюмін кигізді. Күн ұзағына жұмыс, жұмыс. Жан-жағымыздан ит ұстаған неміс солдаттары қоршап тұрады. Көбіне орманнан ағаш кесеміз. Оны бұталаймыз. Бір жерден екінші жерге тасимыз. Көлік келсе тиейміз.

Бір күні қасымдағы бір орыс жігіті жуан бөренені көтеруге шамасы келмей жатыр екен. Мен қасына барып жуандау жағын көтере бергенім сол еді, жарақаттанған жамбасым дыз етіп, сынықтай сырқырағанда жаным көзіме көрініп, бөренені тастай салдым. Бөрене барып әлгі әлсіз орыстың аяғына түскенде ол бақырып жылап, жата кетпей ме? Сыртымыздан бағып тұрған екі солдат жетіп кел­генде әлгі: «Мына қазақ менің аяғыма әдейі тастап жіберді» деп шағынып, өкіре берді. Сол мұң екен, қолдары қышып тұрған екі солдат екі жағымнан ке­зек-кезек таяқтың астына алып, итше тепкіледі кеп. Әбден соққыға сойылып, жер дүние шыр айналып көзім қарауытып, есімнен танып бара жаттым. Одан әрі не болды білмеймін...

Бір уақытта есім кіріп айналама қарасам, тап-таза оңаша бөлме, аппақ төсенішпен темір кереуетте жа­тыр екенмін. Қасымдағы отырғышта жауынгерлік киімімен бір неміс солдаты отыр. Бұлдыраған көзімді бір жұмып қайта ашып, шұқшия қарадым. Ой, Алла, кәдімгі өзіміздің қара қазақ. Үстінде мұнтаздай немістердің кіші офицерлерінің киімі. Маған қарап сәл жымиып: «Қалайсың, бауырым?» дегенде, жүрегім кеудемнен шығып кетердей аталақтап қоя берді. Тұрып құшақтамаққа ұмтылғанымда:

- Бүгінше көп қозғалмаңыз. Әуелі әлденіп алыңыз, - деді. Кеудеме алақанын басып тұрып:

- Иә, мен де қазақпын. Кеше сізді өлімші етіп са­бап, лақтырып тастаған жерінен, түрме бастығымен келісіп, осында алып келдім. Көрер жарық, татар дәміңіз әлі таусыла қоймағаны шығар, маған кез болғаныңыз, - деді ол.

Кеберсіп кеуіп жатқан аузыма тілім әрең сыйып: «Аллам қорғап, саған тап қылғаны. Рахмет!» дегенді әрең айттым. Ол аз-кем тамақ салған ыдыс пен бір графин суды өзі отырған отырғышқа қойып жатып:

- Әзірше әлденіп, өз-өзіңе келіп ал. Мен қайтып келіп, ендігі жайыңыздың қалай боларын айтармын, - деді де шығып кетті.

Мен үш күнен соң күш жинап, орнымнан тұрып, жүруге жарадым. Қазақ бауырым біз жатқан лагерьге жақын жердегі қаладағы немістердің шта­бында қызмет атқарады екен. Арасында осы ла­герьге келіп тұруға құқығы болған. Мені өздерінің бір жоғары шенді офицерінің үй қызметіне орнала­стырып қойды. Әлгінің шаруа жайында жанұясы мініп, серуен құратын жылқылары да бар екен. Мен көбіне солардың бағым-күтімімен айналыса­мын. Жағдайым жақсарып, әбден әлденіп те ал­дым. Қожайын неміс армиясының полковнигі. Оны бірде Шығыстағы майданға жіберіп, мен жанұясына бас-көз болып қалдым. Қазақ бауырым келіп-кетіп тұрады. Бір күндері қала айналасына біздің кеңес армиясының бомба, снарядтарының жарылыстары көбейді. Тіпті, қала шетінен автомат, пулеметтердің де сойқаны естіле түсті. Сол күндердің бір түнінде қазақ бауырым келіп, жағдайды баяндап: «Сен тез арада түрмедегілерге қосылуың керек. Ар жағы қалай боларын бақ-талайыңнан көрерсің» деп өзімен бірге алып келген түрменің алабажақ костюмін киіп алуымды өтінді. Мен оның көрсеткен жолымен жасырына жүріп отырып, лагерь ау­ласына кірдім. Барақтарды бұзып шығып, жан- жаққа қашып жатқан біздің адамдарға қосылдым да кеттім. Таңертең жарық түсе біздің әскерлер қаланы толық алып, лагерьден қашып шыққандарды жинап, өз қарауылдарына алды. Содан біз сияқты неміс тұтқынынан босатылғандарды ұшы-қиыры жоқ үлкен теңіз жағасына әкеліп, пороходқа тиеді. Енді бізді өзіміздің кеңес солдаттары күзетіп келеді. Бірнеше күн жүзіп отырып, Новороссийск қаласына жеттік. Өзіміздің кеңес еліндеміз ғой демесек, бұнда да тұтқынбыз. Кезек-кезек шақырылып, НКВД-ның «үштік» деген тергеушілерінің алдынан күнде өтеміз. Соңында сол үштіктің шешімімен Украинаның Дон­басс қаласындағы ларерьге жіберіліп, осындағы шахта қызметіне салындық. Өмірі көрмеген жера­сты жұмысы немістер лагерінен титықтап шыққан жандарға тіптен оңай болмады. Қалжырап барып жантәсілім болып жатқандар да аз емес. Мен өзімнің Құдай берген қажыр-қайратымның арқасында бәріне де төтеп беріп келемін. Әрі бұнда дәрігерлер бақылауы тұрақты. Олармен ортақ тілімізде түсінісіп, емін-еркін шүйіркелесеміз. Ауырып-сырқап қалсақ, емханаларына да жатқызады. Маған да екі-үш мәрте ем алуға тура келген болатын. Емхананың бас дәрігері 40 жас шамасындағы әйел адам болатын. Күйеуі соғыста қайтқан. Бала-шағасы, шаруа жайы бар екен. Екеуара сырласу барысында ол маған өзінің тұрмыс жайына көмектесіп, шаруашылығына қарасуға ұсыныс тастады. Түрме қарауында жүре берсең, саулығың қанша мықты болса да бір күні сен де ажал құшуың мүмкін ғой дегенді көлденең тартты. Мен де ойландым. Ал, түрме басшыларымен арадағы жағдайдың бәрін шешуді өз мойнына алатын бол­ды. Осылайша мен тағы да үй-жай жұмыстарына ауыстым. Қожайын әйел шынында да айналасына өте беделді екен, бәрін де ың-шыңсыз реттеді. Осы қалада Ұлы Жеңісті де естіп, қуандық. Енді Алла қаласа туған жеріме де орала аламын-ау деген үміт көңілімде қылаң бере бастады. Осы үмітпен тағы бір жылдай уақытты осы жақта өткіздім. Менің өлі, не тірі екенімнен де ағайын-туыстарым хабарсыз. Елге деген сағыныш та үдей түсті. Қожайын әйелге ойымды жасырмай жиі айта беретін болдым. Ол болса мен сияқты қажыр-қайратты, шаруашылығын дөңгелентіп отырған жаннан айрылғысы жоқ, әрине. Дегенмен, ол да адам баласы ғой, менің де жай-күйімді, жүрек қалауымды құрметтеді. Ақыры еліме оралуыма келісіп, жол қаражатым мен барлық қажетті құжаттарымды түгендеп берді.

* * *

Сол соғыстың салған салқын сызына жүрегін мұздата бергісі келмей, көбіне көңілін бүгінгі бейбіт күннің тіршілік түйткілдеріне қарай бұра беретін. Бұ жолы тартынбады, қайта ойына ерік беріп шырмала берді. Қарғыс атқыр соғыс жылда­рында басынан өткендерін көңілімен көріп, көз ал­дынан өткізе берді. Қайта бұл жолы бойы жеңілдеп, өзінен-өзі ақталғандай ма, қалай? Бір түрлі жаны да жадыраңқы тартып, Күреңайғырын жетегіне алып, алдындағы дөң төбенің басындағы үйіне бағыттап келеді. «Ай, жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа деген осы ғой» дегенде ішкі күбірі сыртқа естілді. Небір жылдардан көңілін күпті етіп, жанын жегідей жеп, ойына оралтып еске алудан да үрейленіп үркіп келген-ді. Сол бір зіл жүктен бойын босатқан, Дүйсенғали парткомның бір ауыз сөзі еді ғой. «Көке, кете бер! Сенде енді ешкімнің шаруасы жоқ. Болуға да тиісті емес!» деді-ау. Ай, айналайын, қанша де­генмен соғыс көрген азамат қой. Азамат! Сол бір ауыз жылы сөз, ел алдындағы азаматтық арына қорған болғанымен, мемлекет тарапынан соғыс ардагері деп көңіл бөлінбей, көбіне көп елеусіз қала беретін. Оған да көңіл көндігіп, біраз жылдар­ды артта қалдырды. Колхоз малын тапсырып, 1960 жылдар ортасында Алға ауылы аймағындағы орман- тоғайдың қарауылшығы қызметіне ауысты. Орман шаруашылығы мекемесі ауыл орталығы шетінен, орманға таяу жерден баспана салып берді. Мекемесі Махамбет ауданы орталығында болғанымен жанұясымен Алға ауылдық кеңесі есебіне тіркелген- ді. Бір күні, яғни 1975 жылдың жазғытұрым мезгілінде ауылдық кеңес төрағасы Иманғазиев Құрманғали шақыртып, кеңсесіне келген.

-Құсеке, стол басына келіп, маған таяу отырсаңыз? - деді амандық-саулық сұрасып болғасын. Содан ал­дында жатқан қатырманың бетін ашып, үлкені бар, тілдейі бар бөлек-бөлек парақшаларды шығарды да:

- Құсеке, мынаның бәрі сіздің құжаттарыңыз, - деді қашанда асықпай, сабырмен сөйлейтін ауыл кеңес төрағасы. Бұның тұла бойынан әлдене жүгіріп өткендей, денесі сәл тітіркенгендей болып, үнсіз аңырып қалған. Құрманғали одан әрі де сөзін жалғап:

- Бұл жерде сіздің Сталинградты қорғау майданы­на қатысқаныңыз. Сол жерде жараланып, артын­ша қайта соғысқа кіргеніңіз. Мынау «За оборону Сталинграда» медаліне ұсынғаны туралы хаттама. Екінші рет жараланып, дала госпиталінде емделіп жатқаныңызда басқыншы неміс армиясының тұтқынына түсіп қалғаныңызды куәландырған құжаттардың көшірмелері, - деп жылы жүзімен Құсекеңе қараған.

Өңі мен түсін айыра алмай аң-таң болып отырған Құспан қарттың: «Құдай бар екен ғой. Менің де Отан үшін соғысқан шындығым кеш те болса жетті- ау» деп күбірлеген ішкі үні жақын отырған жанға анық естілген.

- Және мына бір тілімдей анықтама қағаздың не екенін білсіз бе? - деп тіптен таңырқандырып қойды да:

- Ертеректе сізді сұрап бір хат келген екен,- деп ол жайлы қарт жауынгердің өзінен күткендей ыңғай танытты.

- Иә, иә, соғыс біткеннен кейін жылқышы болып жүргенімде бір хат келген жәйі бар еді. Бірақ ол қағазда не жазылғанын менің өзіме көрсетпеген, - деп сондағы басқарманың балағатын еске алғысы келмей, күмілжіп қалған. Кеңес төрағасы бұл анықтамаға қатысты жайды өзі баяндап берді.

Ол соғыс кезінде қолға түсіп, немістер жағында тұтқында болған Дәркеновтің қайда екенін сұрастырған Жоғарғы әскери прокуратураның хаты болғанын айта келе «Сізді одан кейін неге іздемегенін білесіз бе, Құсеке?» - деп әлгі тілімдей парақшаны Құспанның алдына қойды. Көз жүгіртіп оқыса: «Сіздер сұрастырған Дәркенов Құспан деген азамат соғыстан оралғаннан кейін бір инфекциялық ауруға шалдығып, ақыры сол аурудан қайтыс болған. Колхоз партия ұйымының секретары Д.Төленов» деп орыс тілінде жазып, соңына қолын қойыпты.

Құспан тілімдей парақты қолына алып, көзіне тақай түсіп: «Айналайын, Дүйсенғали бауырым-ай. Сен мені сонда басқарманың балағатынан ғана ара­шалап қоймай, бүгінге дейінгі бүкіл бейбіт өмірімді қорғап қалған екенсің ғой». Толқып кеткен көңіліне де ерік беріп барып, бойын жинағанда:

- Менің рухымды қан майданда екі мәрте жаралаған жаудың бомбасы да, тұтқында жүргенде әлденеше есімнен тандыра соққыға жыққан неміс солдаттарының тепкісі де сындыра алмаған, - деді ол.

- Құсеке, сіз нағыз қайратты да, қайсар жауынгерсіз ғой. Сіздердің көргендеріңізді бүгінгі ұрпақ көрмесін, - деп бұның босаған көңілін қайраттандырмақ болып, сөзін бөлген кеңес төрағасының қолын жібермей тұрып:

- Бірақ тіршілікте қанша мықтымын десең де сөз сүйектен өтеді екен. Соғыс бітіп, тұтқыннан босап елге оралғалы, әркімнің артымнан аузы­на келгендерін пыш-пыштап, болмағанды болды қылып, жалған жалалаған қаңқу сөздері-ақ жа­нымды жылдар бойы жегідей жеді ғой, айналайын. Жылдар бойы осы шындыққа жете алмай келіп едім. Міне енді, кеште болса менің де шындығым жетті-ау?! Мен ақтығыма жақ болған Алланың және Дүйсенғалидың алдында өмір бойы қарыздармын! Менің соғысқан шындығымды шығарып, ел алдын­да өткен өмірімінің ақиқатын ашуға қызмет қылған саған да ризамын, Құрманғали інім! – деп оны сол сәтте от болып жанып тұрған құшағына тартты.

Ауыл кеңес төрағасы мұнымен шектеліп қалмады. Жоғарғы әскери ұйымдарға түрлі сипаттағы анықтамалар мен сұраныс хаттарын жолдай жүріп, сол 1975 жылғы Ұлы Жеңістің 30 жылдық ме­рейтойына арналған мерекелік медалімен мара­патталуына қол жеткізді. Бұл марапат – Құспан Дәркенұлының Ұлы Отан соғысына қатысып, елімізді фашистік басқыншылардан қорғауда бір кісідей атсалысқандығының ақиқаты. Кешігіп болса да жеткен шындығының куәсі еді.

Сәтқали ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,

өлкетанушы.

Атырау қаласы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT