Таңдайлықтардың қуанышы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар ауданымызда жалғасын табуда. Аудандағы  3 спорт кешенінің қатары тағы біреуімен толықты. Республика күнінің 35 жылдығы қарсаңында  Бақсай ауылдық округінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. 

Шараға қатысқан аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев ауыл тұрғындары мен спортшыларды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

- Баршаңызды қасиетті де, қастерлі мерекеміз Респблика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау мерейлі мереке аясында ауыл тұрғындары ерекше қуанышқа кенеліп отыр. Бүгін  көріп отырғандарыңыздай, сапалы әрі заманауи үлгіде салынған жаңа спорт кешенін халық игіліне табыстағалы отырмыз. 

Осы тұста, құрылыс жұмыстарын бастауға ықпал еткен облыс әкімі С.Шәпкеновке, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә.Нәутиевке аудан халқы атынан алғыс білдіреміз.

 Спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе балалардың спортпен емін-еркін шұғылдануына үлес қосатын болады. Ел намысын қорғайтын, ауданымыздың мақтанышына айналар спортшылар шығуына тілектеспін, - деген тілегін білдірді. 

Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде бой көтерген спорт кешенінің құрылысын «Сұңқар Құрылыс ЛТД» ЖШС мердігер компаниясы   жүргізді. Жалпы құны 125480,0 млн. теңгені құрайтын спорт кешенінің сыйымдылығы 150 адамға арналған. Толықтай спорттық құралдармен жабдықталған кешен Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің меншігінде болады.

Спорт кешенде футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, грек-рим күресі секілді өзге де спорт түрлеріне 400-ге тарта бала қамтылады деп жоспарланған. 


Б.САПАРОВА

суреттер автодыкі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT