Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық

Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шара О.Шонаев орта мектебі оқушыларының сахналық қойылымымен ашылды.

Қойылымда сонау Жәнібек, Керей хандардың дәуірінен бергі халқымыздың жүріп өткен жолы бейнеленді. Жоңғар шапқыншылығы, ақтабан шұбырынды, аштық, зиялыларды қынадай қырған репрессия, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан оқиғаларынан үзінділер берілді. Одан әрі аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.

-Осыдан жиырма жеті жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария етіп, мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тарихи оқиғалар тоғысқан 16 желтоқсан біз үшін қасиетті күн саналады. Өйткені, нақ осы күні қазақ халқының Тәуелсіздігі туралы сан ғасырлық арман-мүдделері орындалды. Қазақстан нағыз Тәуелсіздікке ие болудың арқасында қысқа мерзімнің ішінде қуатты да гүлденген мемлекет құруда таңданарлық табыстарға қол жеткізді. Барша азаматтардың игілігіне айналатын тиімді де бәсекеге қабілетті экономиканың негізі қаланды.

Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері орасан. Осы уақыт аралығында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан.

Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Бұл мерекені барша махамбеттіктер де жоғары жетістіктерімен қарсы алып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Биыл ауданымызда Елордамыздың 20 жылдығы, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбетін сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын! Мереке құтты болсын!- деген Ж.Ахметов аудандық қаржы бөлімінің басшысы Ерсайын Құлмағамбетовке Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Ал ардагер Асқар Құрманбаевқа «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ азаматтар мен азаматшалар облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Атап айтқанда, облыс әкімінің алғыс хаты аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Раушан Аренова мен аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Жанат Уәлиеваға табысталды. Махамбет ауданы сотының төрағасы Базарғали Қадырғалиев, Махамбет ауданының прокуроры Нариман Ешманов, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Абай Закариев, «Өнерпаз» мәдениет үйінің дыбыс режиссері - Александр Панин, еңбек ардагері Амантай Кенжеғұлов, аудандық «Казпошта» мекемесінің газет таратушысы Тұрсынай Ғарифуллина, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Алмажай Қартжанова, ардагер ұстаз, зейнеткер Әміржан Молдашев, аудандық мәслихат хатшысы Марат Мырзашев, «АтырауАгроөнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы – Владимир Розметов, аудандық учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Сәкен Жұмабаев, жеке кәсіпкер, еңбек ардагері Бержан Арыстанғалиев, мемлекеттік қызметтің ардагері, зейнеткер Нұртас Мұхтаровтар «Махамбет ауданының 90 жылдығы» медалімен марапатталды. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Махамбет аудандық филиалы маманы Гүлбаршын Сұлтанова, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дастанбек Расулиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Бибігүл Есенәлиева, аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Алмас Төлеген, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Айсұлу Ибраева, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Перизат Таңатовалар аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының жүргізушісі Қайырлы Ақшолақов, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Махамбет аудандық бөлімшесінің жүргізушісі Аяпберген Смадияров, аудандық соттың қызметкері Айгүл Шамхановаларға аудандық мәслихаттың құрмет грамотасы табысталды. Аудан өнерпаздары әсем ән, сәнді билерімен, күмбірлеген күйлерімен мерекенің көрігін қыздыра түсті.

Б.СҮЙЕУОВА.

Асқар Құрманбаев, ардагер:

-Тәуелсіздігіміздің биылғы торқалы тойы мен үшін ерекше болды. Саналы ғұмырымды ауданның өсіп-өркендеуіне, дамуына арнасам да, ешқашан ешкімнен атақ, марапат сұрап көрмеген екенмін. Бар күш- жігерімді, ақыл, білімімді, туған жердің көркеюіне сатусыз жұмсадым. Бүгін «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын алып қуанып тұрмын. Мені осы атқа лайық көріп ұсынған азаматтар мен азаматшаларға, қолдау көрсетіп отырған жерлестеріме ризашылығым шексіз. Еліміз гүлденіп, өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай деген ағалық ақ тілегімді арнаймын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521