Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі тексерілуде

Тексеру жұмыстары күшейтілді.

Өңірде орын алған соңғы оқиғадан соң төтенше жағдайлар қызметіне тықыр таянды. Махамбет ауданындағы жеке тұрғын үй аумақтарында қайтадан шұғыл түрде өрт қауіпсіздігін тексеру шараларын жүргізуде. Мұржаны уақытылы тазалау, сыртын отқа төзімді материалдармен қаптау керектігін ескертіп, керек десеңіз, үйіне дейін кіріп, пештің еш жерінен түтін шықпай тұрғанына дейін көз жеткізіп жүр. Сондай-ақ, улы газбен улануды және оқыс оқиғаларды болдырмау үшін жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану бойынша жадынамалар таратуда.

pesh11321

Біз де аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Р.Жақсылықұлы, №11 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау кіші сержанты Т.Серіков, аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы А.Жаңбырбаева, «Интергаз Орталық Азия» АҚ қызметкері О.Садықов және Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы С.Жұбановалармен бірге үгіт-насихат жұмыстарына шықтық. Байқағанымыз, тексеру жұмысын барлық үйде жүргізу мүмкін емес. Бірінде арсылдаған иттер үйге маңайлатпаса, енді бірі есіктерін ашпайды. Жалпы аралау кезінде анықталған кемшіліктер бойынша үй иелеріне тек ауызша ескерту ғана беріледі. Оларды жауапқа тарту заңда қарастырылмаған.

Үгіт-насихат жұмысын жүргізушілер тұрғындарды түрлі төтенше жағдайлардан сақ болуға шақырды. Жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелері мен жылу маусымында орын алатын өрттер туралы ақпараттарды үлестірді. Рұқсат еткендерді үйіне кіріп, пеш жаққанда өрт қауіпсіздігінің сақталуын тексерді. Яғни, пеш құбырының бүтіндігі, жанғыш заттардың бөлек орналасуы назарға алынды.

- Өрт қауіпсіздігінің және табиғи, көмірқышқыл газына уланудың алдын алу бағытында профилактикалық үгіт-насихат іс-шаралары жүргізілуде. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде тұрғын үй секторларының үй иелеріне қауіпсіздік талаптарын сақтауды және газ қондырғыларын пайдаланған кезде абай болуды ескерте отырып, жадынамалар таратылуда. Аталған жұмыстар ауданымыздың барлық ауылдық округінде құзырлы орган мамандарының, ерікті жастардың қатысуымен жүргізілуде және бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады, - дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Рүстем Жақсылықұлы.

Айта кету керек, өткен жылы елімізде өрт туындамастан табиғи газбен улану салдарынан 22 адам қаза тапса, газбаллонды қондырғылардың жарылуынан 11 адам жарық дүниемен қош айтысқан.

«Әр тұрғын өзінің және отбасының өміріне жауапкершілікпен қарағаны абзал»,-дейді мамандар.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521