Тұрғын үй кезегіне таныстық жүрмейді

Аудан әкімі Ж.Ахметов жеке қабылдауына келген тұрғындарды қабылдады.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, округ әкімдері, аудандық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары қатысты. Алдымен кірген ІІ топ мүгедегі Г.Нигматуллина өзінің ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушісі екенін, көптен бері пәтер жалдап жүргенін, тұрғын үйге мұқтаждығын, тұрақты жұмыс таппай жүргенін алға тартты. Аудан басшысы үйдің кезекпен берілетінін айтып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөліміне оны барынша қамқорлауды, материалдық көмек көрсетуді тапсырды.

Бейбарыс ауылының тұрғыны Г.Қабиева Еңлік есімді қызының 11 сыныпта оқитынын, логопед, дефектолог мамандығына оқуға түскісі келетінін, 1 ай ақылы курста оқитынын еске салып, ЖОО-на оқуға түсуге көмектесуді сұрады.

Аудан әкімі Ж.Бахуұлы қыздың оқу үлгерімін сұрап, арнайы облыс әкімінің гранты барын, оқу үлгерімі жоғары, 80-100 балл жинауы тиістігін айтты. Ол үшін балаға бар жағдай туғызуды тапсырды.

Ақжайық ауылының тұрғыны Т.Қабылбаева Атырау медколледжін бітірген Альфия есімді қызына қызметтік үй берілсе деген өтінішін жеткізді. Аудан басшысы аудандық аурухананың бас дәрігері міндетін уақытша атқарушы М.Шуақбаевты шақырып, бұл мәселені бірлесіп шешетінін, жалпы дәрігер мамандарға тұрғын үй берілетінін тілге тиек етті.

Сарытоғай ауылының тұрғыны Б.Әбежанова жаңадан салынған үйіне газ бен электр жарығын жүргізуге көмек сұрай келіпті. Махамбеттік зейнеткер Н.Ғаббасованың орнына келген ұлы Мұрат Дюсешев Харкин көшесіндегі екі пәтерлік үйдің бір жағы біраз жылдан бері бос тұрғанын, ол үйдің жарлары жарылып, сылақтары құлап жатқанын айтып, егер үйді сатуға шығарса, алғысы келетінін жасырмады. Аудан басшысы алдымен ол үйдің жағдайын анықтау үшін уақыт беруін өтінді. Хабары оған кейін берілетінін еске салды.

Алмалыдан келген С.Ермекова ауылда 2006 жылғы бала жастан мүгедек қызын Астанадағы ақылы клиникаға емдеткісі келетінін айтып, көмек сұрай келіпті.

Аудандық мәслихат депутаты С.Шотпақов бұл мәселені демеушілер көмегімен ғана шешуге болатынын жеткізді. Жалғансай ауылдық округіне қарасты Сахан күтірі қыстағында тұратын С.Нигметова жарық сөніп қалып, қараңғы жерде қалғандарын оны әзер дегенде жалғатқандарын, айырғыш ауыстыруды айтып, көмек сұрады. «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет электр желілері бөлімшесінің маманы Сакен арнайы линия өз баланстарында екендерін, бірақ трансформаторға дейін жекеге өткенін, ричакты сатып әкелсе ғана ауыстыра алатынын айтты. Сондай-ақ ол техникалық қызмет көрсетуге келісім-шартқа отырса, ауыстырып, бәрін өзгертіп беретінін еске салды.

Зейнеткер К.Жұмағамбетова жер мәселесімен әкім қабылдауына осымен үшінші рет келгенін, Береке ауылынан өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер телімін ала алмай жүргенін жеткізді. Аудан әкімі ХҚКО-на барып, жерге қайта арыз беруді ұсынды.

Тұрғын үй мәселесімен кірген Ә.Құсайноваға әзір беріліп жатқан үй жоқтығы айтылды. Махамбет ауылының тұрғыны А.Утегенова шаруашылық кітабына тіркелмеген үйде тұрып жатқанын, үйдің иесі өмірден озғандықтан сол жерде тұрақтап қалғанын баяндады. Аудан басшысы бұл үйдің кімнің меншігі екенін, мұрагерлерін анықтап, егер болмаған жағдайда оны бұл кісіге жекешелендіруге беру жағын қарастыруды мамандарға тапсырды.

Атырауда жеке кәсіп- керлікпен айналысатын Г.Абдыгалиева тұрғын үйін мемлекет тарапына өткізгісі келеді екен. Аудан әкімі техникалық талаптарға тұрғын үйі сай келсе, мемлекеттік тұрғын үй қорына тұрғын үй алынған кезде конкурсқа қатыса алатынын ескертті.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT