Соғыс ардагерінің құрметіне мемориалды тақта ашылды

Бүгін Жалғансай ауылында ауданның Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері және ауылшаруашылығы саласының дамуына еңбек сіңірген  Досқалиев Қайролла Досқалиұлына арналған мемориалды тақтаның ашылу шарасы өтті.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ербөлек Махамбет, аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев, сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақытбек Таубаев және аталған оқу орнының профессоры, белгілі тарихшы Шахман Нағимұлы, "Былина" орыс этно-мәдени бірлестігінің басшысы Андрей Короблев және ауданға қарасты мекеме-бөлім басшылары арнайы  қатысты.
Қайролла Досқалиев туралы азды-кем мәлімет беріп өтсек. Ол сұм соғыс басталған жылы ауыл мектебін аяқтап, жастайынан тыл жұмыстарына етене араласқан. 1944 жылы  әскер қатарына алынып, оқу-жаттығу курсынан өтіп, сол жылы ІІ Украина майданына кіретін 336 гвардиялық дивизияның қатарында неміс басқыншыларымен бетпе-бет шайқасады. Майдан даласында алған ауыр жарақатының асқынуы салдарынан госпитальда емделіп, 1945 жылы ІІ топ мүгедегі болып елге оралады. Соған қарамастан ауданымыздың іргелі шаруашылықтарында қырық жылға жуық уақыт еселі еңбек еткен. Оның майдан даласындағы ерлігі  Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Жуков медалімен және Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамоталарымен бағаланды.
Шара барысында аудан басшылары, облыстан арнайы келген қонақтар сөз сөйлеп, соғыс әрі еңбек ардагерінің өткен өмір жолын еске алып өтті. 
- Өткеннің өнегесі бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Кезінде осы ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, егін, мал шаруашылықтарының өркендеуіне үлес қосқан жергілікті азаматтар туралы айтқанда солардың ішінде Қайролла Досқалиевтың және оның әулетінің есімі ерекше аталады. Соғыс зардабын тартқан Қайрекең "Заурал" және "1 май" совхоздарында, Жалғансай ауылының ауылшаруашылығы саласында зейнеткерлік жасқа жеткенше абыройлы еңбек етті. Осындай  жерлес азаматтарымыздың еңбек жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу, үлгі ету міндетіміз. Сондықтан бүгінгі шара жаңа заманның талаптарына сәйкес кешегі өткенімізді жаңарта отырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуға ықпал ететін маңызды шара дер едім. Бұл мемориалды тақта бір адамның есімін  ұлықтау ғана емес, бүкіл майдангерлерге көрсетілген құрмет деп түсінуіміз керек және олардың өнегелі өмір жолы жаңа заман жастарына шамшырақ болады деп сенеміз, - деді  профессор Б.Таубаев өз сөзінде.
Соғыс ардагерінің өзі тұрған үйіне орнатылған мемориалды тақтаны салтанатты түрде ашу рәсімі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашевқа табысталды. 

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT