Әскери маман болам десеңіз...

«ҚР Ішкі істер министрлігі ведомстволық жоғары оқу орында­рына оқуға шақырады» тақырыбында жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Іс-шараға облыстық по­лиция департаменті тәрбие және кадр жөнінде басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Қуандық Мұратбекұлы, білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп оқушылары мен ата-аналар қатысты.

Кездесуге қатысқан ҚР І ІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жоспарлау және бақылау бөлімінің инспекторы, поли­ция лейтенанты Адамкелді Аманбайұлы сөз алып, оқу орны туралы әңгімеледі. Әскери оқу орны туралы бейнеролик те көптің көңілінен шықты. ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды акаде­миясы криминалистика кафедрасының аға оқытушысы, полиция капитаны Наргиз Болатбекқызы да әріптестерінің ойын жалғап, академияның артықшылықтарын атап өтті.

ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының құқық қорғау қызметін басқару кафедрасының бастығы, по­лиция полковнигі Майя Болатқызы мұнда ерлер ғана емес, қыздар да көп оқитынын, академия цифрлық кри­миналистика, киберқылмысқа қарсы күрес, криминалды полиция маманда­рын даярлайтынын еске салды. Осы академияның әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасының доценті, по­лиция майоры Жұлдыз Ерланқызы да академияға түсуге құштар жас түлектерге құжат тапсыру, конкурстық кезеңдерден өту туралы кеңес берді.

– Барлық оқуға қабылданған кур­санттар тегін оқиды. Ұлдар Отан алдындағы борышын да осында өтей алады. Академиядан 40-тан астам генерал шықты. Бұл академия – жаңа форматтағы полиция орган­дары қызметкерлері, ұйымдасқан қылмыс, экстремизмге қарсы күрес, киберқылмысқа қарсы күрес маман­дары, әсіресе, әлемдік тәжірибеге сай цифрлық криминалистер дайындайтын жалғыз әскери жоғары оқу орны,- деді Ж.Ерланқызы.

Алматы академиясының тыныс- тіршілігін бейнелейтін бейнеролик арқылы танысқан түлектер полиция органдары саласына аса қызығушылық танытты. Сала мамандары оқушылар арасында түрлі ойындар ойнатты. Мәселен, «Қимылды қайтала» ойы­нына жеті адам қатысып, сыйлыққа ие болды. Бұдан басқа «Тапсырма­лар», «Ойлан, тап!», «Полиция болғым келеді» ойындарына да оқушылар бел­сене қатысып, оларға кәдесыйлар та­бысталды. Болашақта сақшы, тергеуші, құқық қорғау, жол полициясы ма­маны боламын деушілер қатары көп. Бұл мамандықты қалаушылар ара­сында қыздар жағы басым. Кезде­суге қатысқан ұл-қыздар өз ойларын ашық айтып, елге өз үлесін қосқысы келетінін, бүгінгі таңда қажет мамандық екенін, әділдік пен шындық жолында еңбек етуді армандайтынын жеткізді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT