«Шонаев жастары» облыстық сайысқа барады

Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Білім-ринг» интеллектуалдық сайысының аудандық кезеңі болып өтті.

Жобаның мақсаты жастардың білім деңгейін жоғарылатып, ой-өрісін дамытып, интеллектуалды ортаны қалыптастыруға атсалысу. Аудандық тарихи-өлкетану музейі ғимаратында ұйымдастырылған сайысқа ауданның белсенді жастарынан құралған "Эйнштейн" және "Көшбасшы" командалары, Ақтоғай ауылдық округінен "Ақтоғай" командасы, Бақсай ауылдық округінен "Самұрық" командасы, Ақжайық ауылдық округінен "Қызылүй" командасы, О.Шонаев атындағы орта мектебінен "Шонаев жастары" командасы, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясынан "Қырандар" командасы, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінен "Самғау" командасы қатысып, білімдерін сынады. Ойын шартына сай сайысқа түскен екі команда сұрақтарға дер кезінде, дұрыс жауап беру арқылы ұпай жинауы тиіс. Тетікті алғашқы секундта басып, алайда, қате жауап берген топтың бір мүшесі қысқарып отырады. Тағы бір ерекшелік, сайыс бір команда бес ұпай жинағанға дейін жалғасады. Топтар тең түскен кезде жеңімпаз анықталғанша қосымша сұрақтар беріледі. Ал, шешуші ұпайға қол жеткізгені келесі айналымға жолдама алады. Аталған сыннан сүрінбей өтіп, сегіз команданың ішінен топ жарған "Шонаев жастары" тобы жарыс жеңімпазы атанды. "Қырандар" командасы екінші орынды еншілесе, "Эйнштейн" тобы үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз "Шонаев жастары" командасы доданың облыстық кезеңінде өнер көрсететін болады. Жоба облыс бойынша 7 ауданда және қалада өтіп келеді.

Бекболат СЕГІЗБАЕВ,

аудандық Жастар ресурстық орталығының іс-шара үйлестіруші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT