Шежіре тұнған құт мекен –Махамбетім!

Махамбет ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шежіре тұнған құт мекен- Махамбетім!» атты аудандық өнер фестивалі Бейбарыс, Алмалы, Алға ауылдарында жалғасты.

Бейбарыс ауылындағы шара кәріс ұлтының Қазақстанға жер аударылып, Махамбет ауданының топырағына табан тірейтін сәтін сахналаудан басталды. Сол кезеңдердегі қиындықтарды дәл көрсете білген өнерпаздар жиналған жұрттың көзіне жас үйірілтті. Бекболсын Алпамысов «Ұлы дала», Ислам Нұрмұхаммед «Биіктік», Жеміс Жиенқұлова «Көркемқыз», «Аруана» ансамблі «Құстар қайтып барады», Қуат Суханғалиев «Қызылқұмда ауылым» әнін әуелетсе, Сакесов Бекарыс оқыған Жұмекен Нажімеденовтің « Қыран қиясы » мен Нұриза Абишеваның Ф.Оңғарсынова жазған «Жетім қыз» монологі жүректерді тебірентті.

Домбырашылар ансамблі де халық әні «Еркем-айды», орыс халқының әні «Во саду ли в огороде», халық күйі «Тепең көкті», З.Ещанованың «Каспий толқынын» ұсынды. Жұлдыз Сапиуллина «Махамбеттің термесін» төгілтсе, сазгер, күйші, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дауылбаев Орынғали өз шығармасы «Исатай-Махамбет» күйін күмбірлетті. Сазды бағдарлама барысында жүргізушілер Атырау облысының 80 жасымен, ауданымыздың 90 жасымен құрдас Бейбарыс ауылының ардақты аналарын атап өтті. Олар Үмітай Аухадиева торқалы 90 жасқа жетіп отырса, Жаңыл Қапанова, Мария Мусина, Галина Александровна, Қоныр Төлегеновалар 80-нің сеңгіріне шығып үлгерген. Осы мерейгер аналарға арнап Ислам қажы немерелері Тойжан мен Тамилла Рахат Тұрлыхановтың «Асыл әже» әнін ұсынды. Мың бұралған биші қыздар да ауылдастарына әсем композицияларын ұсынды.

Ақан серінің «Қараторғайын» қыл қобызда ойнатқан Кәусар Асылбекқызы да көрерменнің көңілінен шықты. «Ару өлкем-Махамбетім! » және «Жайнай бер,Бейбарысым!» әндерін Жаңабай Жайлашев хормен бірге орындады. Алмалылық өнерпаздар шараларын би шашумен ашты. «Айару» бишілер тобы мен Гүлбахрам Губайдуллина «Қазақ биімен», Тұрлан Бисембиев «Жайықтың бойы Сарайшық», Мерей Қабдолов халық әні «Сары ала қаз», Егізбай Ермекұлы «Нурикамал», Ақұштап Жамбаулова «Оренбурский пуховый платочек», ерлер ансамблі «Көк тудың желбірегені, Айару Тәттіғали «Мен елімнің гүлімін» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мирас Алдаберген М. Өтемісұлының «Арғымақ сені сақтадым» өлеңін оқыса, Батырғали Еламан мен Әзіржан Әділхан «Күй тартыспен» көрінді. Замзам Ешанова атындағы балалар өнер мектебінің кіші топ домбырашылары ансамблінің орындауында Жасарал Еңсепов «Балбөбек» және халық күйі «Жастар биі» де өз деңгейінде орындалды.

Алғалықтардың шымылдығы «Көңіл толқыны» күйімен ашылды. Одан әрі жалғансайлық ақын Амангелді Есенғалиевтың «Махамбет рухымен сырласу» көрінісі қойылды. Қыздар ансамблі «Сәлем ата жұртыма», Орынгүл Сапарова «Айналдым елім», Жұлдыз Құрманғалиқызы «Атырау» әндерін, Тілеген Сырымжан «Өз елім», Дильназ Жұмашева «Мереке» Саяжан Құлахметова мен Данагүл Кеңесова халық әні «Әгугай домбыраны» әуелетті. Алғаның ардагері Махамбет Оңдағанидың «Махамбет - менің мекенім» өлеңін Әйгерім Демеу оқыды. Қуаныш Қашқылдықовтың «Аманаты» құлақтың құрышын қандырды. Шара шымылдығы Төлеген Мұхамбетжановтың «Астана кешімен» жабылды.

Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT