«Университетті жаңа бітірген жас математик, физик, химик, тарихшы мамандарды шетелге бір-екі жыл магистратураға оқуға жіберу керек» дейді композитор, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Илья ЖАҚАНОВ.
Бұл туралы композитор-жазушы «atr.kz» – ге берген пікірінде айтты.
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Үш тілділікті енгізу ақылға қонымды жүргізілуі тиіс» екенін айтты. Жиырма бірінші ғасыр – жаһандану ғасыры. Бүгінгі жастар бүкіл дүние жүзілік экономикалық, әлеуметтік және мәдени жаңалықтармен хабардар болып отырғаны жөн. Жер жүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатынан да белгілі бір дәрежеде хабарлы болғаны абзал. Бұл үшін білім керек, сол елдердің тілін жетік меңгергені дұрыс. Ғасырлар қойнауындағы шежірелерді ақтара отырып, көзіміздің жеткені – сонау ата-бабаларымыздың да өз заманында бірнеше тілді үйренуге талап қылғаны. Мәселен, әлемде екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 75 тілде емін-еркін сөйлеп, сол елдердің азаматтарымен қарым-қатынас жасағаны – бүгінгі жас өскінге үлгі. Ал, ата-бабамыз неліктен бірнеше тілді игеруге ден қойды? Бұл сұраққа сақтар мен ғұндар шежіресі жауап береді. Ежелгі түркілер өз балаларынан ана тілін, достың тілін, жаудың тілін білуді талап еткен. «Мәңгілік ел» идеясын дүниеге әкелген Тоныкөк, Білге, Күлтегін қағандардың да өз замандарында озық ойлы, парасат пен сол кездегі ілім-білімді игерген кемеңгерлер екенін тарих дәлелдеуде.
Олай болса, бүгінгі таңда Елбасының алдымызға қойып отырған үштілділік – Тәуелсіздігіміздің баянды, экономикамыздың тұрақты, ішкі-сыртқы саясатымыздың сенімді, әлеуметтік саламыздың әлеуетті болуы үшін ең көкейтесті мәселе. Осынау талаптарға сай болу ең алдымен, білімділікті, ұшқыр ойлылықты, дарындылықты талап етері анық. Бүгінде үштілділікке баулу балабақша табалдырығынан бастап жүргізілуде. Осының өзі – өте дұрыс қадам. Баланың миы барлық ақпаратты тез қабылдап алатыны сөзсіз. Сондықтан, кішкене кезінен бастап қазақ, ағылшын, орыс тілін меңгерген жасөспірімнің алатын асуы – биік, шығатын тауы – заңғар шың. Сонымен қатар, жиырма бірінші ғасыр балаларының ойлау қабілеті, талант-дағдысы да өзгеше екені дәлелденуде. Мемлекет басшысының талабының өзі өмірден алынған шындыққа негізделіп отырғаны да баршамызға белгілі.
Қазір төрткүл дүниеге есік-тереземіз ашық. Шетелге шығу дегеннің өзі қарапайым нәрсеге айналды. Бұрын, яғни сексенінші-тоқсаныншы жылдары шетелге шығып келген адам бізге ғарышқа ұшқан космонавт сияқты көрінетіні рас еді. Ал, қазір мүмкіндігі бар әрбір азамат ешқандай ың-шыңсыз шетелге барып, демалып, саяхаттап қайтып жүргенін көзіміз көріп жүр. Осының өзі де Алланың берген сыйы емес пе? Алайда, шетелге шығу үшін сол елдің тілін білу – ең бірінші қағида. Барған жерде тіл білмей, қиналып, елге қайтуы мұң болып жүргендерді де әлеуметтік желілерден, көгілдір экраннан көріп, біліп жүргеніміз және шын. Осы орайда тіл білу – ең басты маңызы бар қажеттілік. Атырау облысында үштілділік дұрыс жүргізіліп келеді. Мектептерде де ағылшын, орыс тілдерімен қоса қытай, араб тілдерін оқытатын арнайы гимназия сыныптары бар екенін көріп жүрміз.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім іл» дегендей, Атырау қаласындағы № 34 көп салалы мектеп-гимназиясында осы мәселе жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде де ағылшын тілі мамандығына оқытып, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ағылшын тілі факультетінің түлектері қазіргі таңда шетелдерде магистратурада білімін жетілдірсе, кейбірі шетелдік мұнай компанияларында аудармашы қызметін абыроймен атқарып жүр. Аталған жоғары оқу орнын бітірген ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері облыс мектептерінде жас ұрпаққа шет тілін үйретіп, жемісті еңбек етуде.
«Білім саласындағы реформаны да логикалық нәтижелерге дейін жеткізу қажет. Қазіргі заманғы шындық біздің балаларымызда жаңа дағдылар мен құзыреттерді дамытуды талап етеді. Мен үш тілділік біртіндеп нормаға айналуы тиістігін айтқан болатынмын. Біздің балаларымыз – олар жаһан балалары. Олар бүкіл әлемдік кеңістікте, үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондықтан қазақ, орыс және халықаралық ағылшын тілін білу маңызды», – деді Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.
Бірақ, Елбасы мұны асығыс жүргізбеу қажеттігін ескертті. «Алдымен педагогтерді дайындап алу қажет. Ағылшын тілін білетін физика, математика және химиядан сабақ беруге қабілетті педагогты қаншама оқыту қажет. Ал, біздің министрлік ертеңнен бастап-ақ мұғалімдерге сабақ бере бастауды тапсырды. Үш айға курсқа шақырып, оқытасыңдар. Алайда, кім үш айдың ішінде математиканы ағылшын тілінде үйрете алады? Бұған қоса, мол қаражат та жұмсалды. Шетелден мұғалімдерді шақырып, сабақ беруді бастаған жеңілірек болар ма еді. Сондықтан, бұл мақсат пен міндет қала береді және министрлік бұл тұрғыда да дұрыс бағытта да болды. Жоғары оқу орындарына қатысты да дұрыс саясат жүргізе алды. Бірақ, мұның барлығы ақылға қонымды болуы әрі адамдарға неліктен, қашан қажет екендігі түсіндірілуі тиіс еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының үштілділікке мән беріп, оны ақылға қонымды түрде, асығыстыққа берілмей жүргізу керектігін айтқан пікірі барша қазақстандықтың жүрегіне жол тапты деп ойлаймын. Осы орайда университетті жаңа бітірген жас математик, физик, химик, тарихшы мамандарды шетелге бір-екі жыл магистратураға оқуға жіберу керек. Бұл – менің өз пікірім. Қазақстанда жүріп, шетел тілін жоғары деңгейде меңгере алмайтыны анық. Шетелге оқуға барса, ол жерде қазақша, орысша сөйлей алмайды, тек ағылшынша ғана сөйлеуге мәжбүр болады. Әрине, алдын ала ағылшын курстарынан өткізіп барып жіберген жөн. Университеттен бакалавриат дәрежесін алаған жастың өзі – 21-22-дегі мұғалімдер. Олар он жеті-он сегіздегі жасөспірім емес, алды-артын бағамдайтын жасқа жеткендер. Сол себепті, осы мәселеге де назар аударылса, дұрыс болар еді. Президентіміз айтып отырғандай, үш айда математиканы ағылшын тілінде ешкім оқыта алмайтыны – айдан анық. Биылғы Жастар жылында игерілетін ауқымды істердің қатарында осы мәселенің де тұруы – заңды.
«Тілін білген – бәрін біледі» дегендей, ағылшын тілін білген адамның ешқашан далада қалмайтыны – өмірде дәлелденген аксиома. Төрткүл дүние бүгін ағылшын тілінде сайрап тұр. Елбасының үштілділікті мәселе етіп қоюының өзі – ұрпақ болашағын ойлаған парасатының айқын көрінісі. Атырау жерінен Түркияға, тіпті кешегі ТМД елдеріне аяқ басып көріңізші, орыс тілі мен ағылшын тілі міндетті түрде керек болады. Сондықтан, бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде айтылған үштілділік бүгінгі күннің мәселесінен ешқашан түспек емес. Осыны іске асыру – өз қолымызда.
Илья ЖАҚАНОВ,
композитор,
жазушы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері.