«Бастау-Бизнес» жобасын 2019 жылы аяқтаған сарытоғайлық тұрғын Арман Төремұратов бүгінде жеке кәсібін қолға алып отыр.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен комиссия отырысында Арман өзінің құс шаруашылығы бағытында дайындаған бизнес жобасын сәтті қорғап шығып, 583 мың теңге грант ұтып алды.Ол осы қаражатқа инкубатор, құс шаруашылығына қажетті барлық жабдықты сатып алып, жұмысын бастап кетті.
«Құс шаруашылығымен айналысу көптен бергі ойымда жүрген әрі өзіме ерекше ұнайды. Бұл еліміздегі табысты бизнестердің қатарында. Мәселен, мал шаруашылығында малдың төлін алу үшін бірнеше жыл оны асырау керек. Ал құс шаруашылығында бір айдан соң жұмыртқадан балапан шығады, ал үш айдан кейін балапан үлкен құс болады», – дейді кәсіпкер.
Арман Төремұратовтың қожалығында 100 бас бройллер және 50 бас тауық бар. Мамыр айында инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынып, 68 балапан шығыпты.
- Әр жиырма бір күн сайын мен инкубаторға жұмыртқа салып отырамын. Сондықтан менде әр жиырма бір күн сайын балапан шығарылады. Қазір 2 инкубатор жұмыс істеп жатыр. Балапандарға тапсырыс жинап жатырмын деп жарнама беріп қойдым. Дәл қазір менде 100 балапанға тапсырыс бар, – деді ол.
«Бастау-Бизнес» түлегі балапандарды күздің басына дейін сатуды көздеп отыр, одан әрі қарай қыркүйек-қазан айындағы балапандар шаруашылықта қалып өсіріледі.
«Келешекте қызметті кеңейтіп, қаз,тауық, үйрек түрлерін қоспақпын.Алға қарай қаздарды жаю үшін жер телімі керек. Бұдан бөлек инкубацияны ертерек бастау үшін жылы орынжай да қажет. Алдағы жоспарым көп. Мемлекеттік қолдау мен өңірлік кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының көмегімен кәсібімді дөңгелентіп отырғаныма қуаныштымын әрі үлкен рахметімді айтамын», – дейді А.Төремұратов.
Айта кетейік, ағымдағы жылы ауданда «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 8 адам грант иегері атанды.
Б.САПАРОВА