Махамбет ауданында тұрғындардың баспана мәселесі оңынан шешіліп келеді.
Оның ішінде, «Нұрлы жер» бағдарламасының септігі көп. Аудан орталығындағы 60 пәтерлік үй аталған бағдарлама аясында салынып, берілді. Соның жалғасы ретінде Жалғансай, Махамбет ауылдарындағы үй кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға, осал топ санатындағылар да қоныс тойын тойлады. Ал сарайшықтық 6 көпбалалы отбасы бір уақытта пәтер кілтін қолдарына алып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады.
Жапалақтап жауған алғашқы қар да пәтер кілті табыстау салтанатының шырайын аша түсті. Шараға аудан әкімінің орынбасары З.Жаңабайұлы, ауыл тұрғындары, көпбалалы аналар мен олардың туыстары қатысты. Сегізпәтерлік үйдің іші жарық, су, газы бәрі келіп тұр. Колледждің бұрынғы жатақханасын алып, толық жөндеу жұмыстарын жүргізген кәсіпкердің көпбалалы отбасыларға көмектесуді басты мақсат еткен.
- Қайырымдылық жасау, жығылғанға демеу беру секілді қасиеттер әкемізден дарыған. Қазіргі заманда баспана алу қиын екені белгілі. Осыны ескерген Үкімет түрлі бағдарламалар арқылы үй мәселесін шешуге тырысып келеді. Біз де осы бағытта өзіміздің үлесімізді қосуды мақсат етіп, ескі жатақхананы жөндеп, халық игілігіне ұсындық. Қоныс құтты болсын. Елімізде баспана мәселесі шешіліп, үйлердің саны көбейе берсін, -дейді кәсіпкер Мұрагер Жеңісбайұлы.
Пәтер кілтін қолына алып, көп жылдан бері үй жалдап жүргендердің арасында көз жасына ерік бергендер де болды. Ал ата-енесімен аядай ғана бөлмеде тұрып келген төрт баланың анасы Жансая Шакимованың қуанышында шек жоқ.
- Өте қуаныштымын. Бағдарлама аясында үйлі болып жатқандарды құттықтаймын. Аудан басшыларына, ауыл әкімі аппараты қызметкерлеріне көп рахмет. Үйдің іші жылы, балаларым үшін қуаныштымын,- дейді көпбалалы ана.
Аудан әкімдігі көппәтерлі тұрғын үйді тиімді басқару үшін мүлік иелерінің бірлестігін құруды қолға алу қажеттігін айтып келеді. Бұл жерде пәтер иелері үйді басқару және күтіп-баптау жөніндегі келісілген шарт шеңберінде бірлесіп әрекет етеді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган үйдің қасбеттерін, шатырын ағымдағы және күрделі жөндеуді ұйымдастыруға және қаржыландыруға құқылы болады. Яғни, көппәтерлі үйдің тұрғындары «бір жеңнен бас, бір жағадан қол» шығарып, бірлессе ғана үйдің жайы сайлы болмақ.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сурет:автордікі