Прокуратура және жұмыспен қамту орталығы мамандары аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған жұмыссыз сотталғандармен кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан аудан прокуроры Нариман Олжабайұлы қазіргі уақытта пробация есебінде тұрғандардың бүкіл құжаттары тексеріліп жатқанын, жұмыс жасамаймын деген жоқ екенін, егер жіберген жұмыстан бас тартса, қайтадан ісі қаралатынын қаперледі. Әр сотталушының мойнында міндетті төлейтін қаражат барын, көбі оны әлі төлемей жатқанын, мерзімінен бұрын бостандыққа шығу үшін мойнында еш қарызы болмауын еске салды.
Жұмыспен қамту орталығының директоры Алмас Төлеген кейбірі ұсынған жұмыстарға бармайтынын, бірі берген жұмысқа кірмей, көтерме жұмыс алдым деп қолхат бергенін, оған ауылынан қоғамдық жұмыс та ұсынғанын айтты. Арасында «маған тек мамандық бойынша жұмыс керек» дейтіндер де бар, ал енді бірі жұмыс таңдап, табылған жұмысқа кіргісі келмейді. Аудан прокуроры кесілген мерзімді уақыттары бітіп, түзу жолға түскендер барын айтып, әр сотталушының немен айналысып жүргені, жұмысы, отбасы ұдайы тексеріліп отыратынын, сот бойынша төленетін қарызы айыппұл секілді есептелетінін, бұл кері түрмеге қайтару еместігін, алайда әркім өз ісіне мұқият, аса жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін, оны көп адам түсіне бермейтінін, айтқанды орындамай, айына екі рет тексеруге де келмей, үйінде де болмағандарды жазалап, кері қайтаруға мәжбүр болатынын ескертті.
– Әрдайым тексерген уақытта үйде болу керек. Бір шаруаңыз шығып жатса, пробация инспекторына ескерту қажет. Қайта қылмыс жасағандар да барын жасармаймыз. Әр адам өз тағдырын өзі шешеді. Сотталғандарға үкімет үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Арнайы квота шығарып отыр. Бұрын қателесіп, жаза бассаңыздар, енді қатарға қосылу жағын ойлау керек. Тірі адам тіршілік жасайды дегендей, қолдан келсе, өз кәсібін ашып, тіршілік қарекетін жасау жағын ойлаған дұрыс. Қашанда сіздердің түзу жолға түскендеріңізді қалаймын. Шақырған уақытта 2-3 рет келмесе, жұмысты дұрыс ұйымдастырмады деп есептеледі. Пробация инспекторлары да сіздер үшін тікелей жауап береді. Сондықтан бұған жауапкершілікпен қарау керек. Жұмыс ұсынса, бас тартпай, қалайда барған дұрыс. «Маған мамандық бойынша жұмыс бер, бермесең, ол жұмысыңа шықпаймын» деудің заманы өткен. Балалар жәрдемақысына қарап отыратындар бар арамызда,- деді прокурор Н.Ешманов.
Аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы, әділет капитаны А.Кабдыкайрова әр сотталушыны зерделеп, келген сайын түсіндіріп отыратынын, үйінде болуын да қадағалайтындарын, олармен түрлі шаралар өткізіп отыратынын, алайда өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын, әсіресе, екі рет жұмыстан бас тартып, көтерме жұмыста болғанын көлденең тартқандар барын айтты. Ісі сотқа жіберілгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеті тәулікке қамалады.
Кездесуде пробация есебіндегілер тарапынан «Сот шешімін қайдан қарауға болады?», «Токарлыққа оқығым келеді. Неден бастау керек?» деген сауалдар қойылды. Жауапты мамандар егер кеңес керек болса, пробация үйіне, прокуратураға келіп, жолығуға болатынын қаперледі.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА