Сарайшық ауылында Сапарғали Мұқаловты еске алу шарасы өтті

Ер есімі - ел есінде

Жеңісті жақындату жолында талай боздақтарымыз оқ пен оттың ортасында қалса, тыл еңбеккерлері де өз үлестерін қосты. Отансүйгіштік пен патриоттық сезімнің озық үлгісін көрсете білген қаһармандардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Бұл алапат соғысқа 2 миллионға жуық адам қатысып, олардың жартысы майдан даласынан оралмады. Сондай тұлғалардың бірі – Сапарғали Ербатырұлы Мұқалов. Ол 1920 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 22 қазанда Чита қаласында әскерге шақырылып, 16-шы Әскер құрамындағы 5-ші механикаландырылған корпустың 13-танк дивизиясында Отан алдындағы борышын өтеді. 1941 жылы небәрі жиырма бір жастағы жауынгер Сапарғали Мұқалов Смоленск үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. «Переправа» ресейлік іздестіру-зерттеу жасағының арқасында жауынгердің сүйегі өткен жылдың 22 қазанында Смоленск облысының Кардымовский ауданынан табылды. 2020 жылдың 10 желтоқсанында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың тікелей қолдауымен Сапарғали Ербатырұлының сүйегі кіндік қаны тамған Атырау жеріне әкелінді.

s

Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 76 жыл толуына орайластыра Сапарғали Мұқаловтың туған жері Сарайшық ауылында «Солдат сағынышы» атты еске алу шарасы өтті. Шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Өтешов, Махамбет ауданының әкімі Р.Джанглишов, «Былина» орыс этно- мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Кораблев, майдангердің туыстары және өзге де мәртебелі қонақтар алдымен майдан даласында қаза тапқан сарайшықтық боздақтарға арналған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Шара С.Мұқаловтың тікелей туысы Марат Үмбеталиевтың басқаруындағы «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және Атырау облысы әкімдігі, облыстық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің қолдауымен ұйымдастырылды. «Хан ордалы Сарайшық» кешенінің алаңында өткен еске алу шарасына қатысқан ауыл имамы Ж.Кенжалиев майдан даласында опат болған боздақтар рухына дұға бағыштады. Еске алу шарасының алғашқы сөзі аудан әкімі Р.Джанглишовқа берілді.

soldat06052021-3

- Адамзат тарихындағы зұлматты соғыстың аяқталған, әділеттіліктің ақ таңы атқан Ұлы Жеңіс күні құтты болсын. Бұл жеңіс майдан даласына аттанған сарбаздар мен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты, қайсар рухының жеңісі. Жеңістің оңай келмегендігіне сол соғыста мерт болған боздақтар санына қарап та айтуға болады. Елімізден аттанған қос жауынгердің бірі опат болды. Олар келер ұрпақтың бейбіт өміріне, бүгінгі еліміздің егемендігіне жол ашты. Бүгінгі күні асқан тебіреніспен еске алып отырған жерлесіміз Сапарғали Мұқалов туған жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеп кетті. Бұл жандардың ерлігін қазіргі ұрпақ есте сақтап келеді. Ұлы Жеңістің 76 жылдығы құтты болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді Р.Бауыржанұлы.

s

Асылдарын ардақтап, боздақтардың есімдерін баянды етуге ұйытқы болып келе жатқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов та өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді. Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын, Ұлы Жеңістің 50 жылдығында ресми мәліметте Ұлы Отан соғысында оққа ұшқан боздақтардың саны 13 мың болатын. Одан кейін компьютерлендіру дәуірі басталып, мүмкіндік кеңейген уақытта боздақтар саны екі есеге өсті. Шетелдермен байланыс нығайған кезеңде жат жерде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер табылып, боздақтар саны арта бастады. «Батыс өңірлік қолбасшылығы» бас қолбасшысының орынбасары, полковник С.Айсұлбеков, «Былина» орыс этно- мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Кораблев, жауынгердің туысқандары да сөз алып, шараның өтуіне себепші болғандардың баршасына алғыстарын айтты. Ал сұрапыл жылдардың құрбаны болған С.Мұқаловтың туған жиені Марат Үмбеталиев нағашысының мүрдесін қабыл алып, қастерлеу жұмыстарына белсене араласқан. Шараның өтуіне қолдау білдіргендер қатарында облыстық қоғамдық кеңес те бар. Кеңес төрағасы М.Өтешов «өлгені қайта тірілген» С.Мұқаловтың туыстарына құрметін білдірді.

s

- Көзімізге жас алып, қуанатын Жеңіс күні таяп қалды. Қазақта «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген ұлы сөз бар. Міне, Сапарғали ағамыз қазақтың ұлына кигізетін кебенегін киген болуы керек. 80 жылға жуық уақыттан кейін өзінің туған топырағына оралып, мәңгі орнын Атырау облысындағы зираттан тапты. Сонау Мәскеудің бер жағындағы, 300 шақырым жердегі Смоленск қаласындағы тоғайда қайтыс болған адамның сүйегі табылып, іздестіру жұмыстарына Павлодардағы, Атыраудағы, Смоленскдегі азаматтар араласып, Сапарғали ағамыздың сүйегі елге оралды. Елге жеткізудің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Оған облыс әкімдігі, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі араласты. Соғыс кезінде Мәскеуге шығатын жалғыз жол Смоленск болды. Осы жерде миллиондаған кеңес әскері қаза тапты, олардың ішінде Сапарғали ағамыз да бар еді. Көрер қызығы аз болғанмен, ерлік ісі мәңгілікке сақталады. Елге өнеге, тәрбие беретін осындай жұмыстар өз жалғасын таба берсін,-деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Сақтайұлы.

Жерлесіміздің сүйегінің елге оралуына бірқатар азаматтардың көмегі зор болды. Әсіресе, «Былина» орыс этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Александровичтың еңбегінің арқасында үлкен жұмыстар атқарылды.

s

- Сапарғали Мұқалов туған жері үшін құрбан болған арда азамат. Отан үшін отқа түсу – патриотизмнің ең озық үлгісі. Атамыздың сүйегінің табылғандығы туралы хабарды туған-туыстарына жеткізу мен үшін бақыт деп есептеймін. Сонымен қатар, осыдан аз уақыт бұрын Орлов облысынан қызылқоғалық жауынгердің жерленген жері табылды. Мұндай хабарды естіген ұрпақтарының жүзінен қуаныш көру біз үшін мәртебе әрі мақтаныш. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыратын боламыз. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын, ынтымағы жарасқан еліміздің аспаны ашық болсын,-деді А.Александрович.

s

Еске алу шарасына «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің өнерлі жастары да келіп, өнерлерін жұртшылыққа паш етті. Соғыс ардагерлерінің қатары сиресе де, Ұлы Жеңіс пен бейбіт өмір үшін өз жандарын қиған аталарымыздың рухын биіктету кейінгі ұрпақтың парызы болмақ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ,

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT