«САРАЙШЫҚ ОҚУЛАРЫ – 2025»: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

СӘУІР АЙЫНЫҢ ОН ЕКІНШІ ЖҰЛДЫЗЫ ЕЛІМІЗДЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ РЕТІНДЕ АТАП ӨТІЛЕ- ДІ. АТАУЛЫ ДАТАҒА ОРАЙ, САРАЙШЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙ ҚОРЫҒЫ РМҚК ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «САРАЙШЫҚ ОҚУЛАРЫ-2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ. САРАЙШЫҚТА ОСЫМЕН ТӨРТІНШІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ӨТКІЗІЛІП ОТЫРҒАН КОНФЕРЕНЦИЯҒА АТЫРАУ ӨЛКЕСІНЕН ҒАНА ЕМЕС, АҚТӨБЕ, ОРАЛ, АЛМАТЫ, ҰЛЫТАУ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТАРЫНАН ПРО­ФЕССОРЛАР, ДОКТОРЛАР, ҒЫЛЫМ КАНДИДАТТАРЫ МЕН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР, ДОЦЕНТ, ӨЛКЕТАНУШЫЛАР, ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІ, СТУДЕНТТЕР ОНЛАЙН ЖӘНЕ ОФФЛАЙН ТҮРДЕ ҚАТЫСЫП, ӘРТҮРЛІ ТАҚЫРЫПТАРДА БАЯН­ДАМА ЖАСАДЫ.

Алдымен республикалық конферен­цияны ұйымдастырудың мақсаты мен оның өту барысы жайлы «Сарайшық» музей қорығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар Қапизұлы танысты­рып өтті.

- Өздеріңізге белгілі, «Сарайшық» музей қорығы жәй ғана музей қорығы ретінде емес, еліміздің, алыс-жақын шетелдік ғалымдардың басын қосқан жоғары дережедегі республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар өтетін ғылыми орталыққа айналып отыр. Бүгінгі айтулы шарамыздың мақсаты - Сарайшықтың ғана емес, жалпы еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды зерттеу жұмыстарына облыстың, одан қала берді еліміздің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерді шақырып, тәжірибе алмасып, олармен бірлесе жұмыстар жүргізу болып табы­лады. Терең мазмұн мен құнды дерек­терге толы конференциямызға онлайн және оффлайн форматта қатысып отырған барша қатысушыларға зор алғысымды білдіріп, сіздер үшін пай­далы болады деп сенемін, - деді ол өз сөзінде.

Алғашқы боп С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұманазар Асан тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, «Едіге батыр ұрпақтары: Әзберген батыр» туралы баяндама жасады. Екі жүзге таяу ғылыми еңбектің авторы, ноғайтанушы ғалым бес жыл бұрын «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпос» тақырыбында ғылым докторлығына диссертациясын сәтті аяқтаған. 2001 жылы «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» монографиялық зерттеуі, 2011 жылы «Сарышолақ Боранбайұлы», 2016 жылы «Ер Едігенің тарихы» атты кітаптары баспадан шыққан. Ол өз баяндамасында көптеген тарихи де­ректерге тоқталып, ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың батыры әрі биі – Әзерберген Мұңайтпасұлын тікелей Едіге батыр ұрпағы деп түйіндейді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов Қорғанша қаласындағы 2024 жылғы жүргізген зерттеулерімен таныстырды.

Қорғанша қаласы, Қызылқоға ау­даны, Қаракөл ауылының солтүстік шығысында Жаңақора мекенінен 4 км шығыста орналасқан. Қаланың маңынан Ойыл өзенінің бір сала­сы Құройыл өзені өтеді. Археолог М.Қасеновтің айтуынша, қаланың салынған уақытына қатысты көне жаз­ба деректерде ешқандай мәлімет жоқ. Әртүрлі пікірлер бар деседі.

- Қаланы алғаш зерттеген мәскеулік археолог Л.Л.Галкин оны «Алтын орда» қаласы деп жазған екен. Ал аңыз бой­ынша оны Асан қайғы салған делінеді. Ол Еділден бері көшкенде бірнеше жүз адаммен сол жерге үй салып, он жыл отырған екен. Ол туралы жыршы Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» деген жыр толғауынан кездестіреміз. Ал Шернияз Шанайұлы ақынның өлеңінде қаланы салған Нұралы хан десе, кей деректер­де Қобыланды салған деген 26 қала бар, соның бірі осы Қорғанша деп келеді. Қазба жұмыстары кезінде ашылған бір бөлмеден Алтын Орданың керамикала­ры сонымен қатар әшекей заттар мен құмыра сынықтары табылды. Қамал сазды кірпіштен қаланған. Қалыңдығы – 9 м, сақталған биіктігі – 1,5 м. Ал кезінде ол жау өтпейтін қамал болған. Орталығынан ашылған бөлмеден де керамика сүйек қалдықтары, сырға- сақинасымен бірге жерленген адам та­былды. Сол маңнан табылған күмістен, мыстан, қоладан жасалған зергерлік бұйымдар оныншы ғасыр жәдігерлері екені белгілі болып, мамандар оны оғыздардыкі деп топшылады. Тарихтан белгілі, оғыздардың негізгі мекені – осы Батыс Қазақстан. Оғыздар үлкен мемлекет болған, көптеген қалалар тұрғызған. Соған сүйеніп, Қорғаншаны осыдан мың жыл бұрын оғыздар салған болуы әбден мүмкін. Әрине, болашақта әлі зерттеуді қажет етеді. Бұл қаланың аналогын іздеп, Жылыой ауданынан таптық. Құлсары-Мұқыр тас жолынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Көлемі 400х400 м тура Қорғаншадан айнымайтын екінші қала салынған екен, - дейді ол.

Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тұрғындарының мал шаруашылығын остеологиялық материалдар негізінде зерттеуші Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты, зооархеологиялық зерт­хана меңгерушісі Мамбет Шагирбаев «Ортағасырлық Сарайшық, Ащысай және Қарағайлы ескерткіштерінің остеологиялық материалдарын археозоологиялық зерттеу нәтижелері» тақырыбында онлайн түрде баяндама жасады.

Қазақстанның ежелгі халқының физикалық ерекшеліктері «палео­антропология» бойынша бірнеше мақала мен басылымдардың авторы, физикалық антрополо­гия зертханасының меңгерушісі Рамазан Жанұзақ 2023 ж. қазба жұмыстарының барысында Сарайшық қаласынан табылған антропологиялық материалдардың сипаттамасына тоқталды.

Ал Түркістан облыстық «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей қорығы» РМҚК ғылыми қызметкері, философия мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдарының магистрі Ерқожа Абдуахитов Сарайшықтың отандық туризмді дамытудағы рөлі жайлы баяндама жасады.

Атырау аумағындағы көне ескерткіштер мен тарихи орындарды анықтау, зерттеу және сақтау ісіне белсене атсалысып, өлке тарихын зерделеуге сүбелі үлесін қосып келе жүргендердің бірі – облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары, өлкетанушы Фархад Байдәулетов. Ол Атырау өңірі аумағындағы ру таңбалары» жайында баяндады.

2024 жылы Нарын құмына жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарына облыстық тарихи-өлкетану музейі археология ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі, магистр, археолог Ғаламат Базарбаев тоқталып өтті.

«Рух, дәм, таңба: туристік бренд құраушы үш таған» тақырыбындағы №41 Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Лариса Тарихқызы баяндамасымен таныстырды. Ол әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жан-жақтан келетін туристер үшін Сарайшық музей қорығына да ұлттың тарихи бейнесін жеткізетін, терең мағынасы бар кәдесыйлық ретінде құрамы талқан, жент, құрт, аңыз жазылған қағаздан тұратын «Хан тағамы» жиынтығы мен «Сарайшық таңбасы» тұмаршасын дайындауды ұсынды.

-Бастама жергілікті кәсіпкерлер үшін де табыс көзі бола алады, осылайша, музей экономикалық мультипли­катор ретінде де әрекет етеді. Бұл өнімдер экологиялық таза, жергілікті шикізаттан жасалатын болғандықтан жаһандық туризмнің «жауапты тұтыну» қағидасына да толық сәйкес келеді. «Хан тағамы» – тарихты баян­дап қана қоймай, дәммен жеткізудің озық үлгісі. Бұл – эмоция, жады, таным және экономика тоғысатын, ұлттық болмысты терең ұғынуға мүмкіндік беретін бірегей туристік өнім. Со­нымен қатар «Сарайшық таңбасы» тұмаршасы шетелдік турист үшін бұл шағын металл тұмар – жай ғана суве­нир емес, өзі тұрған елде кездеспейтін, басқа өркениетке тән, көшпенді болмысқа сіңген материалдық мәдениеттің шағын шифры болмақ. Бұл бастама музейдің өзіндік брендін қалыптастыру жолында шешуші рөл атқара алады, - деп атап өтті.

Сонымен қатар ол ел басқарған, дәуір түзеген, тағдыр шешкен тарихи тұлғалар - Сарайшықта жерленген жеті хан жайлы ақпарат беретін за­манауи үлгідегі «Сарайшық хандар павильоны» туралы жобасын слайд арқылы таныстырып өтті. Лариса Тарихқызының тың идеяға толы баян­дамасы көпшілікті тәнті етті.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени музей қорығы» РМҚК бас инспекторы, ортағасырлық Сарайшық қаласын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан білікті археолог Айбек Тұрарұлы Сарайшықтағы №2 қазбаның зерттеу жұмыстары жайлы баяндады.

Ғылыми-тәжірибелік  конференцияның екінші бөлімінде екі секция бойынша жалғасын тапты. Бірінші секция жұмысы – тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғаудағы өзекті мәселелер, Жошы ұлысы тарихы туралы зерттеулер, Қазақстандағы және шетелдегі археология ғылымының дамуы: нәтижелері мен келешегі және Жошы ұлысы халықтарының этнографиясы тақырыптарына арналды. Оған т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова төрағалық етті.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғалым-хатшысы, археолог Амангелді Жұмабаев төрағалық еткен екінші секция жұмысы туған өлкені зерт­теу, Жошы ұлысы тарихының білім беру саласында оқытылуы және Қазақстандағы музей ісін дамыту, музейлердің туризм саласындағы ор­нын анықтау, туризмді дамыту бойын­ша ұсыныстар мен жобалар, қалаларды археологиялық зерттеудің заманауи әдістері (цифрлық технологияларды қолдану) тақырыптарында өрбіді.

 

Б.САПАРОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT