Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі – әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші саналады. Осыған байланысты көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы сапаның дамуына үлкен мән береді. Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:
– көрсетілетін қызметті алушылардың тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;
-мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;
– есеп берушілік және ашықтық;
– сапасы мен қолжетімділігі;
– процесті үнемі жетілдіру;
– үнемділік және тиімділік.
Мемлекеттік қызметтің сапасы – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті – халыққа қолжетімді әрі әділ қызмет ұсыну.
Г.СЕМБАЕВА,
Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы