АДАМНЫҢ ДЕНЕ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БІР САЛАСЫ – СПОРТТЫҢ ӨМІРІМІЗДЕ АЛАТЫН МАҢЫЗЫ ЗОР ЕКЕНІ БАРШАҒА АЯН. АУДАНЫМЫЗДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТЫП, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНЫП, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН. ҚАЗІРГІ ТАҢДА АУДАНДА 1 СТАДИОН, 3 СПОРТ КЕШЕНІ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР ЖАСАНДЫ ТӨСЕНІШІМЕН 29 ШАҒЫН ФУТБОЛ, 5 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ, 4 БАСКЕТБОЛ, 1 ВОЛЕЙБОЛ, 6 СТРИТВОРКАУТ ТРЕНАЖЕР АЛАҢЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІ МЕН ОНДАҒЫ 22 СПОРТ – ЗАЛ ОСЫНЫҢ КУӘСІ.
Бейбарыс және Алға ауылдарында модульді жылдам құрастырмалы спорттық нысандарын аудандық т ұ р ғ ы н ү й - к о м м у н а л д ы қ шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы салу жоспарланған болса, Сарайшық ауылына салынатын спорт кешенінің жобасы облыстық құрылыс басқармасы арқылы жасақталған. Қазіргі таңда қаржысына сұраныс беріліп отыр. Бұл ауылдағы ойын алаңының құрылыс жұмыстарына 2024 жылы 144 491,0 мың теңге қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілген болатын. 2023 жылы іргетасы қаланған Таңдай ауылындағы 150 орындық спорт кешенінің құрылысы бүгінгі күні толықтай аяқталды. Алдағы мереке қарсаңында ғимарат салтанатты түрде ашылып, кілті табысталатын болады. Ал, Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарындағы жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңдарының құрылыс жұмыстары белгілі себептерге байланысты әлі де аяқталмай отыр.
- Ауыл балаларын спорт секцияларымен қамту және олардың бос уақыттарын тиімді өткізіуін ұйымдастырыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымыз аз емес. Аудан бойынша Махамбет, Ақжайық спорт мектептерінде спорттың дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қазақ күресі, тоғызқұмалақ түрлерінен 1225 оқушы, Махамбет балалар- жасөспірімдердің даярлық клубында (ДЮК) спорттың каратэ-до, теннис, жеңіл атлетика, футбол, гандбол, шахмат, бокс, баскетбол, тоғызқұмалақ түрлерінен 640 оқушы үйірмеге қатысады. 2024-2025 оку жылында спорттың әр түрінен мектепішілік ашылған 73 спорттық үйірмеге 5721 окушы қатынасса, жалпы 5791 оқушы спорпен шұғылданады. Ал мекемелелер бойынша спортпен шұғылданушылар саны бүгінде 5 мыңнан асады, - дейді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы Назым Сәменова.
Биылғы жылы қаңтар-шілде айлары аралығында өткен 45 спорттық жарысқа ауданнан 2520-ға жуық спортшы қатысып, бағын сынаған. Махамбет, Алға, Бейбарыс, Жалғансай ауылдық округінің бокс, дзюдо, футбол, волейбол командаларының мектеп тәрбиеленушілері кезекті ҚР чемпионаты алдындағы ұлдар мен қыздар арасында біріккен оқу-жаттығу жиындарына қатынасып келсе, Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде баскетбол, бокс, футболдан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты алдындағы техникалық-тактикалық, күш және арнайы оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Сонымен қатар, Ақжайық ауылында грек-рим күресінен облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, 200 спортшы қамтылды. Махамбет ауылында Каратэ-до кекушинкайдан ауданның ашық біріншілігіне 300 спортшы қатысып, бақ сынады. Айта кету керек, каратэ – до кекушинкайдан жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Айшуақованың шәкірттері, Қазақстан Республикасының чемпионаттары халықаралық турнирлер, жоспарлы облыстық іріктеулер және облыс көлеміндегі ашық республикалық турнирлерге қатынасып, шеберліктерін шыңдап келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші арасындағы спартакиадаға аудан бойынша спорттың 9 түрінен 48 мемлекеттік қызметшілер қатынасып, волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, суға жүзуден жүлделі орындар алды.
Өткен шілде айында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын насихаттап, батырлық пен ептілікті, ұлттық құндылықты құрметтеуге дәріптейтін, ұлттық спорт түрі – қазақша күрестен өнер және мәдениет саласында жүрген мәдениет қызметкерлері арасында облыстық «Өнер барысы» турнирі өткізіліп, әр ауданнан үш салмақ дәрежесінде 28 палуан қатынасып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарға ие болды.
«ЕР ЖҮРЕКТІЛЕРДІҢ»- ЖЕТІСТІГІ
Ауданымызда «Ер жүректілер» Қоғамдық қоры 2018 жылдан бастап жұмыс жасайды. Онда үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорттың 4 түріне 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан қатынасады. Олар да түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Биыл мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы дойбыдан, тоғызқұмалақтан 3 спортшы спорт шеберінің үміткері атағын алды. Аудан спортшыларының көрсеткен жоғары жетістіктеріне байланысты «Ер жүректілер» спорт клубының жетекшісі Қуангереев Мухадияға «Біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы» атағы берілді. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған және көру мүшесі зақымдалған мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы дойбыдан, тоғызқұмалақтан және шахматтан республикалық, облыстық, аудандық жарыстарға да қатынасып отыр. Қазіргі таңда мұнда 5 спорт шебері, 7 спорт шеберіне үміткер бар.
КӨПТЕН КҮТКЕН ХОККЕЙ АЛАҢЫ
Жыл басы спорт сүйер қауым үшін жақсы жаңалықпен басталды. Қаңтар айында аудан әкімдігінің қолдауымен, «Alimay” ЖШС-нің басшысы, спорт жанашыры, 2024 жылдың «Үздік кәсіпкері» атанған ауылымыздың беделді азаматы Андашев Ерлан Амангелдіұлының демеушілігімен аудан орталығында хоккей алаңы ашылды. Аталмыш алаңда «Алтын шайба» шайбалы хоккейден ересектер арасындағы аудандық ашық турнирі, жасөспірімдер арасында 2 жолдастық кездесу өткізілді. «Туған жерге тағзым” жобасы аясында жүзеге асырылған бұл ашық алаң кәсіпкердің ауданға арнаған алғашқы тартуы емес. Бұған дейін де ол компания атынан Махамбет ауылының орталығынан құны 15 миллиондық заманауи спорт алаңын салып берген болатын. Оның өскелең ұрпақ үшін жасаған осынау игі істеріне жерлестері дән риза.
18 ОҚУШЫ «СПОРТ ШЕБЕРЛІГІНЕ ҮМІТКЕР»
Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлдегерлер атанған жас жеткіншектердің жетістіктері көңіл қуантады. Соның ішінде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерінен жыл ішінде, яғни 2024-2025 оқу жылында «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын 18 оқушы орындаған.
- Махамбет аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың сегіз түрі бойынша, атап айтсам, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол, ұлттық спортымыз – қазақ күресі, тоғызқұмалақ және греко-рим күресі үйірмелері бар. Қазіргі таңда 29 жаттықтырушы маман оқыту-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. 3 жаттықтырушы- мұғалім әкімшілік қызмет атқарса, 8-і жоғары білімді штаттан тыс жаттықтырушы-мұғалімдер. Спорттың бұқаралығын дамыту және оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданға қарасты Сарытоғай, Ақтоғай, Таңдай, Жалғансай, Талдыкөл, Бейбарыс, Алға елді мекендерінде ауыл балаларын спортқа баулу үшін бөлімшелер жұмыс жасайды. Болашақта аудан тұрғындарының сұранысына сай, мектебімізден каратэ-до кекушинкай, таэквондо, үстел теннисі, асық ату спорттық үйірмелерін ашуды және қызметтік қажеттілікке сай әдіскер, кадр, бухгалтер, психолог мамандарына сұраныс беріп, жаңадан жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы жылға жаттықтырушыларды біліктілік арттыру курстарынан өткізу де жоспарлануда. Алға қойған негізгі мақсатымыз – жастарымыздың спортқа қызығушылықтарын арттырып, олардың арасынан мықтыларынан іріктеу арқылы облыстық дарынды балаларға арналған спорт интернатына жолдау, - дейді аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Дүйсембайұлы.
Әлбетте, қоғамның өркендеуі дені сау, жан-жақты дамыған ұрпақтың қалыптасуына тікелей байланысты. Табысты елдің тірегі болар салауатты ұлт тәрбиелеу – ата-ана мен ұстаздың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі, салауатты ұрпақ тек жеке адам үшін емес, бүкіл ұлттың кемел келешегі үшін маңызды болмақ.
Б.САПАРОВА