АУДАННЫҢ ЖАС СПОРТШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ЕСІМІ ЖИІ АТАЛЫП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ БІРІ – ДАНИЯР СӘЛІМЖАНОВ. ОЛ 2005 ЖЫЛДЫҢ 30 ҚАРАШАСЫНДА МАХАМБЕТ АУЫЛЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, 2016 ЖЫЛЫ АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ «ФУТБОЛ» БӨЛІМІНЕ ҚАБЫЛДАНҒАН. СОДАН БЕРІ ОБЛЫСТЫҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТТАРДА ӨНЕР КӨРСЕТІП, АУДАНЫМЫЗДЫҢ НАМЫСЫН ТАЛАЙ МӘРТЕ АБЫРОЙМЕН ҚОРҒАП КЕЛЕДІ.
Данияр футболдың қыр-сырын бапкерлері Асқар Алдешов пен Әділет Идрисовтен үйренді. Жаттықтырушысы Асқар Алдешов шәкіртінің жетістіктерін зор мақтанышпен айтады:
– Данияр біздің бөлімге келгеннен бастап алдыңғы қатардағы шабуылшылардың бірі болды. Жарыстардың шешуші сәттерінде маңызды голдардың авторы атанып, команданың жеңісіне үлес қосты. Республикалық, облыстық турнирлерде «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Мерген ойыншы», «Үздік жартылай қорғаушы» номинацияларына ие болды, – дейді бапкері.
Жас спортшының жетістіктері аз емес. 2017 жылы Атыраудағы «Жеңіс кубогі», «Былғары доп» облыстық іріктеуі және лига ойындарында чемпион атанып, Семейде өткен республикалық «Былғары доп» додасында күміс жүлде иеленді. Ақтаудағы «Тұңғыш Президент» турнирінде де күміс медаль алды. 2018 жылы облыстық лига ойындарында чемпион, «Былғары доп» іріктеуінде – екінші орын, ал «Тәуелсіздік мерекесіне» арналған облыстық турнир мен Индердегі жарыстарда жеңімпаз болды.
2019 жылы Қаратау қаласындағы республикалық турнирде аудан тарихында алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Атыраудағы «Жеңіс кубогі», «Былғары доп», «Реал кубогі» турнирлерінде қатарынан жеңімпаз атанды. Ресейдің Астрахань қаласында өткен халықаралық «Каспий кубогінде» бесінші орын алды. Сол жылы Жамбыл облысындағы ҚР чемпионатында «Үздік ойыншы» атанды.
2020 жылы Тараздағы республикалық турнирде тағы чемпион болып, облыстық футзал біріншілігінде, «Арсенал кубогінде» жеңіс тұғырынан көрінді. 2023 жылы Астанадағы мектеп-колледж оқушылары арасындағы ҚР чемпионатында облыс құрамасында өнер көрсетіп, чемпион атанды. Сол жылдың жазында Сербиядағы әлем біріншілігінде үздік бестіктің қатарына енді.
Қазіргі таңда Данияр облыс және республика көлеміндегі жоғары лига жарыстарында «Үздік ойыншы» атанып жүр. Былтыр Алматының «Алатау» командасында бірінші лига ойындарына қатысып, бүгінде МФК «Атырау» құрамына іріктеуге қатысып жатыр. 2020 жылы ауданның «Үздік спортшысы» атағына ұсынылған ол – болашағынан зор үміт күттіретін жас аяқдопшы.
– Бала кезде көше-көше боп доп тебетінбіз. Сол сәттерден бастап футболға деген қызығушылығым артты. Медет, Әліби, Нұрсат сияқты достарыммен «Дина» командасында ойнап бастадық. Кейін бірнеше клубта өнер көрсеттім. Арманым – «Атырау» футбол клубының сапына қосылып, Алла қаласа ұлттық құрамада ел намысын қорғау, – дейді Данияр.
Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні қарсаңында ауданымыздың мақтанышы, жас талант Данияр Сәлімжановтың жетістіктері көпке үлгі. Еңбегі мен табандылығы арқылы ол талай жас спортшыға шабыт беріп келеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ