Пробация үйінде сотталғандар арасында қайта қылмыстық құқық бұзушылықтың санының өсу жағдайларының алдын алу, қылмыстың себептерін жою, оның санын азайту мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Оған аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, пробация қызметінің мамандары, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталғандар қатысты.
Дөңгелек үстелді ашқан аудандық Пробация қызметі бөлімшесінің бастығы, әділет майоры Нұргүл Ташекенова ашып, осы ақпан-наурыз айлары ішінде екі алаяқтық, ұрлық қылмыстар орын алғанын қынжыла баяндады.
Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алмас Төлеген мамандығы жоқ азаматтарды 1-3 айлық курстарда оқытып, белгілі бір мамандық алып беретінін, олар шәкіртақымен, жолақы, үй жалдау қаражатымен толық қамтылатынын, кәсіп ашамын дейтіндерге кәсіпкерлік қолдау барын айтты.
-Пробация қызметінен маған жұмыс сұраған 21 өтініш түсіп, оның 14-і тіркелді. Оның ішінде 9 адам жұмысқа орналасса, 2-і қайта даярлау курсынан өтті. Өздері сұранып, бетоншылық, арматуршылық, аргонды дәнекерлеушілікке оқығандар да болды. Шетелдік компанияларда жұмыс істеп жатқандар да бар. Кей азаматтар «Темірәлі» ЖШС-не түйіндемелерін тапсырып отыр, –деді А.Ұзақбайұлы.
Оның ойын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Махамбет филиалының менеджер-кеңесшісі Алмас Хамидуллин жалғап, Елбасы тапсырмасымен кәсіп ашамын дегендерге мүмкіндік мол екенін, түрлі жоба-бағдарламаларға қатысуға болатынын қаперледі.
Жиын соңында мамандар «Ауылдағы тұрғын үйді кепілге салуға бола ма?», «Қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?», «Шетелдік компанияларға жұмысқа қалай тұруға болады?» сынды сауалдарға жауап берді.
Дөңгелек үстелді аудандық Пробация қызметі бөлімшесінің бастығы, әділет майоры Н.Ташекенова қорытындылап, шараға атсалысқан сала мамандарына алғыс айтты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.