«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында бастауыш партия ұйымдары төрағалары, ардагерлер, кәсіпорын, мекеме басшылары қатысқан жиында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезіндегі партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партияның алдына қойған айқын, әрі нақты тапсырмалар мен міндеттері туралы аудандық мәслихаттың хатшысы М.Мырзашев кеңінен түсінік берді.
Біз дамуға арналған шығыстар көлемін азайтпауға және мұқтаж жандарға көмектесуге тиіспіз, – деді Н.Назарбаев съезде сөйлеген сөзінде. Биыл республикалық бюджеттің барлық қаражатының 45%-ынан астамы арнайы әлеуметтік салаға бөлініп отыр. Соған қарамастан, Қазақстанда, әлеуметтік бағытта сәйкессіздік-диспропорциялар мен бірқатар проблемалық түйткілдер бой көтеруде. – Осыған байланысты партия төрағасы қазақстандықтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Осы қаражаттардың мақсатты жұмсалуына партиялық бақылауды күшейту қажеттігін шегелеп айтқан Марат Оразұлы азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамыту туралы партияның негізгі басымдықтарына тоқталды. Хабарламашы бұдан әрі «Партияның Жарғысына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге» қысқаша тоқталып өтті.
Жиынның күн тәртібіне сай келесі кезекте сөз алған «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, депутат А.Қабенов Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы шешімнің өміршеңдігін нақты мысалдармен тарқатып айтты. Бұдан әрі жиын сайлаушылар сауалдарына байланысты жалғасын тапты. Махамбет ауылының тұрғыны құқық қорғау саласының ардагері А.Есмахов халқымыздың құда түсу, сырға салу сияқты салт-дәстүрлерінің бәсі, мән-мағынасы төмендеп бара жатқандығына, жалпы тойдағы орынсыз шашылу, ысырапшылыққа тосқауыл қою керек деген жанайқайын білдірді. Қоғам белсендісі С.Жайықов Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен 1990 жылдары біріккен шетелдік компаниялар қазақ мұнайын жаңа технологиямен игере бастағанын, жаңа жұмыс орындары ашылғанын, еңбекақыны доллар түрінде алып, қомақты салық төлеп, мемлекет қазынасына барынша үлес қосқандығын тілге тиек етті. Жаңа мұнай көздерінің ашылуына байланысты Қаратон, Сарықамыс, Бекбике, Қошқар, Комсомол ауылдары экологиялық аймақтарға көшірілгендігі - Елбасының халыққа деген қамқорлығы деп білемін. Сондықтан Н.Назарбаев қандай құрметке де лайық. Білім беру саласының ардагері Б.Масалимова ұзақ жылдар бойғы еңбегінің зейнетін көріп, алаңсыз ұрпақ тәрбиелеумен айналысып, отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүргендігін алға тартты.
Жиын барысында ескі су құбырлары қашан ауыстырылады, Нәжімеденов көшесіне су тартыла ма, мешітке су тартып берсе, Махамбет ауылы бойынша қай көшелер асфальтталады? деген сауалдарға аудандық мәслихат депутаттары Н.Ерғалиев, А.Қабенов, тұрмыстық қамту салаларының басшылары жауап берді.
Н.ТЕЛЬМАН.