Ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген ақ жаулықты әжелеріміз де бүгінде заманның көшіне ілесіп түрлі байқаулар мен конкурстарда топ жарып жүр. Сондай жан-жақты, өнегелі, бала тәрбиесінде тәжірибесі мол жандардың бірі – аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тойған Сариева.
Жуырда Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнегелі әже» облыстық байқауында Тойған Қалимқызы да бақ сынап, алғыс хатпен марапатталды.
Байқаудың мақсаты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жалғастырушы ақ жаулықты әжелеріміздің ақыл-ой, парасаттылығын көрсету, әжелер арқылы ұмыт бола бастаған ата - баба мұрасын жаңғырту, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды сыйластық белгілерін жастарға үлгі ету еді. Барлығы қала мен ауданнан келген сегіз қатысушы ІІ кезең бойынша өзара бақ сынады. Жүлделі орындарды Исатай, Құрманғазы, Жылой ауданынан келген өнегелі әжелеріміз өзара бөлісті.
А.САТАЕВА