Құрбан айтқа бес күн қалды

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын! Жер бетіндегі барша мұсылман қауымына ортақ Құрбан айт мерекесіне де таядық. Осы күнге жеткізген әуелі Жаратқан Аллаға сансыз шүкіршілік етеміз.

 

Ораза айттан 70 күннен соң келіп, үш күнге созылатын Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні биыл 11 тамыздан басталады. Әрбір мұсылманға құрбан шалу – уәжіп Құрбан айт – хақ дініміз Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық құлшылығы күндерімен сәйкес келетін ғажап мереке. Жалпы "құрбан" сөзі араб тілінде "жақындау" деген мағына береді. Ал терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (с.а.у): "Намаз оқы және құрбан шал", – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Құрбан шалудың артықшылығына, сауапты іс екендігіне қатысты Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.) бірнеше хадистері бар. Уәжіп дәйектерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» - деп бұйырған. Сондай ақ, «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибарһим (ғ.с.) сүннеті» деуі құрбан шалудың уәжіптігін көрсетеді. Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған, шамасы жеткен әрбір мұсылманға құрбан шалу - уәжіп. Құрбандық малын мүмкіндік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбандық шалу шарттары бойынша, құрбан шалушы тұрғылықты мекенде болуы керек, яғни құрбан шалушы жолаушы болмауы қажет.

Құрбандық малын қалай таңдаймыз?

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Бұл күні мұсылман жамағатын, тіпті ислам дінін ұстанбайтын адамдарды етпен тамақтандырған сауапты іске жатады. Құрбандыққа жылқы малы сойылмайды. Сонымен қатар елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Бір немесе екі көзі соқыр мал мен құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтіндей ақсақ мал жарамайды. Сонымен қатар тісінің көбі жоқ мал мен мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал жарамайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа шалынбайды. Көру қабілеті нашар мал мен бір аяғы ақсақ бола тұра үш аяқпен жүруге шамасы бар мал құрбандыққа шалынады. Бірнеше тісі жоқ мал мен мүйізінің бөлшегі сынған немес мүйізі қисық мал сойылады. Құйрығы мен құлағының кішкене бөлігі жоқ мал да құрбандыққа шалынады. Құлағы тесілген, пішілген мал да құрбандыққа жарамды.

Құрбан шалғанда айтылатын дұға

Құрбандыққа шалынатын малға қарап пышақты қайрауға болмайды. Малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен Құбылаға қарату керек. Құрбан шалуға ниет ету мен "Бисмиллә, Аллаһу Акбар!" деп айту керек. Малды сойғанда өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын кесіп, малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту қажет. Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي لّهِلِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ "Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»459. «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ". Одан кейін: ألله أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд" – деп, тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деп бауыздалады. Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.

Малдың етін үшке бөлу

Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Бірі құрбан шалушының отбасына, бала-шағасына, екінші бөлігі туған-туыс, көршілеріне, үшіншісі кедей және мұқтаж жандарға беріледі.Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату — мәкрүһ. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Бірігіп құрбан шалуға болады ма?

Қой немесе ешкіні бір адам құрбандыққа шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір адамның жалғыз, сондай–ақ жеті адамның ортақ шалуына да болады. Ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір адамның құрбан шалу, ал екіншісінің тек етін алу ниеті болса, шалынған мал барлығы үшін құрбан болып есептелмеді.

"Шек беру" деген не?

Еліміздің кейбір өңірінде қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айт пен Құрбан айттан бұрын мал сойып, туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады. Мұны "шек беру" дейді. Шекте қайтыс болған адамдардың аты аталып, әруақтарына құран бағышталады. Қайтыс болған кісіге сауап болсын деген мақсатпен марқұмның атынан мал сойып, құрбан шалу шариғатта бар. Дегенмен қазіргі кезде құрбан айттан бір күн бұрын шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар бар. Бірақ бақуатты мұсылман адамға құрбан айт күндері мал сойып, құрбан шалу міндет. Ал құрбан айттан бір күн бұрын шалынған мал нәпіл құрбандыққа есептеледі. Имам Бухари риуаят еткен хадисте: "Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын", — делінген. Ал арапада мал сойған кісінің тұрмысы төмен болса, Құрбан айт келгенде құрбан шалудың қажеті жоқ. Аллаһ Тағала шалған құрбанымызды, ықылас-ниетімізді қабыл алып, осы дүниеде де, ақыретте де бәріміздің жүзімізді жарқын қылғай! Әмин!

Сұлтан Ұзақбай, «Исатай-Махамбет» мешітінің наиб-имамы

Сурет дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT