8 шілде күні Жылыой ауданында бастау алған Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, "Ақсұңқар" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ауыл жастарын қолдау мақсатындағы «Атырау жастарының аудандағы күндері» жобасы 31 шілде күні Махамбет ауданынан аяқталды.
Бір айға созылған жоба аясында облысымыздың 7 ауданы мен шалғайдағы елдімекендерін аралап, түрлі кездесулер, спектакль мен концерттер қойған жоба қатысушылары ауыл жастарының өзекті мәселелерін тыңдап,еркін диалог құруға мүмкіндік берді. Ашық алаңда, айқын пікірлер айтылды Спикер №7 жобасының қатысушылары, облыстағы ораторлық өнерді дамытуға, ашық пікір-сайыс алаңдарын қалыптастыруға, жалпы жастарға өз ойын нақты, айқын жеткізуге тәрбиелеп жүрген бірқатар азаматтар да ауданымызға ат басын тіреп, арнайы қонақ болып келіпті. Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, жерлесіміз Роллан Қабылұлы жастарға жақсы тілегін арнап, еркін форматтағы кездесуді бастап берді.
Белгілі блогер, Спикер №7 жобасының негізін салушылардың бірі Әнуар Жұмабай, ораторлық өнердің майталманы, тренер Нұрлан Азаматов, «Сағыз» квн командасының капитаны, белсенді жас Жасұлан Сапаров, «Бибі саз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Набиева және де Қарағанды қаласынан, Белорусия мемлекетінен келген қонақтар да кездесуге қатысып, қазіргі таңдағы өзекті тақырыптарды талқылады.
«Кастинг» көрерменін ойға салды Кездесуден кейін Жастар театрының "Кастинг" комедиясын тамашалаған көрермендердің алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес.Күнделікті өмірімізден ойып тұрып орын алып жатырған оқиғаларды сан қырынан, боямасыз көрсетіп, ата-ананың көңілін, баланың аңғалдығын, отбасылық өмірдің құпиясы мен ақиқатын астарлы әзілмен жеткізе білген театр таланттарының өнеріне жиналғандар әрі таңданып, әрі ойланып қалған секілді.
Гала-концерт отшашумен аяқталды «Өнерпаздағы» әсерлі кездесу мен әдемі спектакльден кейін ауыл тұрғындары ашық аспан аясында, орталық алаңда ұйымдастырылған гала-концертті тамашалауға жиналды.
Биылғы Жастар жылында белсенділік танытып, осындай керемет жобаның жүзеге асуына атсалысқан Көңілді тапқырлар клубы, субмәдениет өкілдері, "Томирис" би тобы т.б көптеген жас өнерпаздарға ауа-райының қолайсыздығына қарамастан барын ортаға салып, ауыл жастарына жарқын көңіл-күй сыйлаған барша талантты, шығармашыл топқа аудан әкімінің орынбасары М.Жұмахметұлы арнайы келіп алғысын білдірді.
Кеш соңында әдемі отшашуды тамашалап, Атырау жастарының әнұранын қатысушылар мен қонақтар қосыла шырқады.
А.САТАЕВА