Алғыс айту күніне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде мерекелік шара өтті.
АЛЖИР лагеріндегі Ресейден қазақ жеріне жер аударылған тұтқын әйелдер Жалаңаш көлінің жағасында қамыс жинап жүрген. Бір мезгілде көл маңындағы ауылдың қазақтары балаларын ерте келіп, тұтқындарға тас лақтырта бастады. Күзетте тұрған сарбаздар «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу түгілі, мына қазақтар жақтырмайды» деп кекете күлді. Мұндай «тас атулар» бірнеше күнге созылды. Содан барактағы қазақ әйелдері мұның «құрт» екендігін ескертіп, өзге ұлт өкілдеріне бұл тастан қорықпау қажеттігін айтады. Осылайша тұтқындағы әйелдерге көмектескісі келген қазақтар ойлап тапқан айланың арқасында біраз өзге ұлттың өкілдері ажалдан аман қалады.
Бұл – «Jarqyn Bolashaq» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Құлабыз» еріктілер жасағының жастары сахналаған «Құрт – асыл тас» қойылымынан көрініс. Алғыс айту күніне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен мерекелік шараның шымылдығы да осы көрініспен ашылды. АЛЖИР лагерінің тұтқыны болған Гертуда Платайстың әңгімесінің желісімен сахналанған қойылым көрермендерді елжіретпей қоймады.
Кейін мерекелік шара сазды бағдарламаға жалғасты. Бауыржан Есебаевтың сөзіне жазылған «Қазақстаным – ұлы Отаным» әнін Еламан Ғафуров, Павел Ермишевтің «Цвети земля моя» әнін Дана Ғасырбек орындаса, «Шалқыма» күйін Ибрахим Сұлтанов күмбірлетті. Одан әрі Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған Алтынай Жорабаеваның әні «Қазақстанымды» Гүлсая Меңдігереева сахна төрінде шалқытса, Амандық Исатай мен Шыңғыс Нұрғалиұлы «Рахмет саған туған ел» әнімен мерекелік кешті қорытындылады.
Қ.БАҒЫТ