Қаза дастарханы шелпек нанмен шектелсе

Соңғы жылдары қайтыс болған адамның үші, жетісі, қырқы, жүзі, жылына арнап ас беру дәстүрін бәсекелестікке айналдырып алғанымыз өтірік емес.

Қазақ дәстүріндегі қаралы үйде қазан асылмайтыны туралы әңгіме аңыз болып қалды десек те болады. Бүгінде қазаның дастарханы той дастарханынан асып түспесе кем қалмайды. Қаралы үйге көңіл айта келіп дәл бір қонаққа келгендей жайланып отырып, шай ішіп, ет жеп,шұрқырасып әңгіме айтып барып тарқау әдетке айналды. Шектен тыс көп әзірленген тағамдар, әсіресе жаздыгүні іріп-шіріп, соңы мал мен итке төгіліп жататынына куә болып жүрміз.

Осындай ысырапшылдықты тоқтату мақсатында елімізде қаза дастарханына қойылатын жеті түрлі ас мәзірі бекітілген болатын. Алайда ол тәртіпке құлақ асып жатқан адамдар жоқтың қасы десек те болады.

Елімізді індет жайлап, дерт дендей бастағанда садақаны тек жақын тума-туыстар арасында ғана өткізуге пәрмен берілді. Бірақ өлімнен ұятты күшті санайтын қазақ халқын төбе көрсетіп, көңілін айтып, батасын оқудан індет те тоқтата алмай тұрғаны жасырын емес.

Жақында туған енем бауыр жетіспеушілігінен көз жұмды. Туған жері, әрі әке-шеше, бауырларының, құдай қосқан қосағының жатқан жері Құрманғазы ауданында болғандықтан сүйегін сол жаққа алып барып, арулап жер қойнына тапсырдық. Атыраудан, Махамбеттен барған келіндер мен қыздар (қайынсіңлілерім) әдеттегідей үш күндік қадесіне көңіл айтып келушілерге дастархан дайындау қамына кіріскелі жатқанбыз. Үлкен қайныағам бәрімізді жинап алып,аулаға киіз үй құрылатынын, ішіне тек екі үстел (орындықсыз) құрылып, дастарханға тек қана шелпек нан қойылатынын айтты. Індет белең алып,садақа өткізуге тыйым салынғалы бері Құрманғазы ауданы түгелдей осындай әдіске көшіпті. Көңіл айтуға келген адамдар бетперделерін киіп келіп,дастархандағы шелпек нанды бір үзіп ауыз тиіп, «қайыр болсындарын» айтып қана кетіп жатыр. Біздегідей жайланып отырып шай ішу, ет жеу деген атымен жоқ. Тағам да ысырап болмайды, қаралы үйге де көп салмақ түспейді. Вирус жұқтыру қаупі де төмен.

-Құрманғазы ауданының халқы жоғарыдан қандай қаулы шығады,сол қаулыда айтылғандарды сол бойда орындауды әдетке айналдырған. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Айналып келгенде барлығы өзіміздің денсаулығымыз үшін екені анық, - дейді құрманғазылықтар.

Жылдар бойына қалыптасып қалған дәстүрді тез арада ел болып өзгертіп, полиция мен әкімдіктің талап етуінсіз, ысырапшылдықтан саналы түрде бас тартқан құрманғазылықтардың әрекеті өзге аудандар мен Атырау қаласы тұрғындарына үлгі боларлықтай-ақ екен деген ойға қалдым.

Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT