Қалың жауған қар махамбеттіктерді әбігерге салды

Қалың жауған қар махамбеттіктерді әбігерге салды

Әбігерге салған ақпан.

Өткен аптада басталған қардан тазалау жұмыстары аяқталмай жатып, көп уақыт өтпестен қайта қар жауып, оның арты боранға ұласып, жолдардың жабылуына әкеліп соқты. Осы аралықта Махамбет ауданы әкімдігінің Telegram-дағы чаты да күндіз-түні халықтың өтініштеріне,арыздарын назарға алып, көшелерді тазалау жұмыстарын жүйелі жүргізді. Бірақ техниканың аздығы да қолбайлау болса керек, кей көшелер қардан тазаланбай, жұртты біраз әбігерге салды. Тіпті жол қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Махамбет көпірі және «Атырау-Индер» бағытындағы жол қозғалысы да уақытша тоқтатылған-ды.

Редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғынының айтуынша, 23 ақпан сағат 19:30 шамасында «Шұғыла» мөлтек ауданы маңында жол таңдамайтын көлікпен тасжол бойында батып, тұрып қалған. Сол жердегі тұрғын Арман есімді азамат әкесімен бірге және жергілікті полиция қызметкерлері дереу көмекке келіп, 3 сағат дегенде қарды ашып, көлікті сүйреп шығарған. Үш сағат қарға батып, әбден жаурағандар ауыл азаматтарына алғысын да жеткізді. Ал Арманның сөзінше, таңертеңнен бері осы жерде бірнеше көлік батып, соларға көмектесумен жүрген.

q

- Үйіміз көшенің қиылысында болғандықтан бұл жерге қар көп жиналған. Содан түстен кейін автокөліктердің қарға батуы жиіледі. Шыдай алмай, әкем екеуміз шығып, көмектестік. Техниканың тапшылығы мен қысқа дайындықтың төмендігі халыққа қиындық әкеліп отыр. Ал осындай қиын кезде бірбірімізге демеу болып, көмек қолын созу азаматтық парызымыз деп білемін,-дейді ауыл тұрғыны.

Махамбет ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Нұрболат Бердіғалиевтің айтуынша, қар тазалау жұмыстарына аудан орталығындағы 4 техника және ауылдық елді мекендерде жергілікті шаруа қожалығының техникалары жұмылдырылған.

qys-260221-1-1

- 16 ақпан күні басталған қардан көшелерді тазалау жұмыстарына «Гумаров» ЖК, «ҚазСуШар» мекемелерінің техникалары мен 50-ге жуық қызметкер атсалысты. 90-ға жуық көше, барлық ауылдық округтегі су тазарту қондырғыларының маңы, мекемелердің алды тазартылды. Көпірдің тазалығына жауапты «Атырау жолдары» мекемесі нысанның қарын тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ауылдағы көмекке мұқтаж жандардың ауласын тазалауға коммуналдық мекеме жұмысшыларымен қоса ауданның ерікті жастары да көмек қолын созды. Тұрғындардан көбіне көшелерінің қарын тазалау бойынша өтініштер түсті. Қар құрсауында қалып қою, далаға шығып, боранды күні адасып кету деректері тіркелмеді. Тек «Атырау-Орал» тасжолының 87 шақырымында қардан шыға алмай тұрғандығын айтып, бір азамат хабарласты. Оған жедел тұрде жол-патрульдік полиция қызметкерлері жәрдемдесті. Жалпы тұрғындардан аса қажеттілік болмаса алыс жолға шықпауларын, «112» нөмірінен келіп жатқан хабарламаларды ескеруін сұраймыз, -дейді Н.Бердіғалиев.

Иә, арқаны кеңге салып, жылы ауа райына үйреніп қалған махамбеттіктер қыстың соңғы аптасында қытымыр қыстың боларын білді ме?! «Әр нәрсенің өз қайыры бар» демекші, мұны да жақсылыққа балайық.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT