«Қазпошта» АҚ ұлттық пошта операторы компанияның 25 жылдық мерейтойына байланысты «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» акциясын өткізіп, зейнетақы мен жәрдемақы алушылар үшін сыйлықтар ұтысын ойнатты.
Мұнда «Сенім» қызметі бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алуға арналған ағымдағы немесе карточкалық шотты ашқан клиенттер 50 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейінгі сомаға тұрмыстық техниканы сатып алуға арналған сертификаттар ұтып алуға мүмкіндік жасалды.
Қазпоштада ақысыз шот ашып, ақшаны қолма-қол Kazpost және Qazkom бөлімшелерінен, банкоматтарынан комиссиясыз ала алады. Кез келген Қазпошта бөлімшесінде картаны немесе ағымдағы шотты тегін аша алады, ағымдағы шот арқылы өтетін кіріс және шығыс операциялар бойынша транзакциялар туралы SMC хабарламаларды тегін алуға болады. Коммуналдық қызметтерді ақысыз төлей алады (шотты науқанды өткізу кезінде ашқан жағдайда 01.01.2018 – 31.12.2018 аралығында). Kazpost және Qazkom бөлімшелерінен, банкоматтарынан комиссиясыз ақшаны қолма-қол ала алады. Хоум Кредит Банк, Альфа-Банк, AsiaCredit Bank, «Займер» ЖШС-де жеңілдікпен несие ала алады. Сондай-ақ, 80 жасқа толған зейнеткерлерге зейнетақы мен жәрдемақыны үйге тегін жеткізіп береді.
Акцияны аудан әкімінің орынбасары М.Жұмахметұлы ашып, «Қазпоштаның» 25 жылдығына орай аудан орталығында акция өткізуді көптен жоспарлағандарын айтып, олардың жаңашылдыққа ұмтылып, соңғы уақытта жаңа технологияларды енгізіп жатқанына ризашылығын білдірді. Бұл халықтың сеніміне кіруді көздегендіктен туған идея екенін айтып, жұмыстарына сәттіліктер тіледі.
Акция басталып, алдымен есепшот ашып, поштадан зейнетақы мен жәрдемақы алушылар арасында 50 мыңға дейінгі жүлделер ойнатылды. Алғашқы ұтысқа Жылыой ауданының тұрғыны Н.Құрманов ие болды. Одан әрі құрманғазылық Р.Бөлекбаева, Атырау қаласының тұрғыны Т.Рысқұлова, балықшылық А,Лұқпанова, құрманғазылық Б.Меркебаева сыйлықтар ұтты. 100000 теңге ұтысына Қызылқоға ауданының тұрғыны С.Досымбаева ие болса, 200 мың теңге сертификатын Исатай ауданының тұрғыны Р.Қайыпбергенова иемденді. Таңдай ауылының тұрғыны Абдолла Шахманов та 50 мың теңгенің сертификатын ұтып алып, қуанышқа кенелді. Одан әрі нөмір таратылып, залдағылармен де шағын жүлделер ойнатылды. Хоум Кредит Банк өкілі А.Гатулов жұбаныш сыйлығы ретінде үлкенді-кішілі сыйлықтар ұсынды. Ал Альфа-Банк өкілі Қазпошта бөлімшелері арқылы банк несиелерін, атап айтсақ, жұмысшыларға 3 миллион, зейнеткерлерге 500 000 теңге алуға болатынын ескертіп, сый-сияпаттарын ұсынды.
А.Қуанышқалиева.