Полиция қызметкерлері вакцина алды

Әркім өзінің және ағайын-тумасының өмірі үшін жауапты.

Итжанды вирус күллі әлемді әбігерге салғалы жылдан асып барады.

Індет өршіген кезде әлемдегі алпауыт елдердің қалалары қаңырап бос қалғанын жаңалықтардан естіген болатынбыз. Осы бір жылдың ішінде каратин талаптарын берік ұстансақ ғана індетті жеңуге болатынын түсіндік.

Қалыпты өмірге қайта оралуымыздың бірден-бір жолы – оқшаулану, яғни той мен құдалыққа, қонаққа, садақаға бармай, шыдамдылық таныту. Өкінішке орай осы жағы бір атым насыбайдан көңілі қалатын халықтың ұрпағына қиындау болып отыр. Індет өршіп жатса да «өлімнен ұят күшті қалай бармайсың, бір Құдай өзі сақтасын» деп тығылып, той-садақа жасаушылар да, оған тығылып барушылар да тыйылмай тұр. Ауылдастарыма айтарым, бұл күрес жалқының емес, жалпының күресі. Біз өз қозғалысымызды шектеу арқылы ғана індеттің де қозғалысын шектейміз. Біздің бір-бірімізге көмегіміз – осы болмақ. Әркім өзінің және ағайын-тумасының өмірі үшін жауапты.

Өзіңізді індеттен қорғаудың ең басты жолы вакцина алу. Жуырда өзім бас болып, қызметкерлеріммен бірге вакцина алдым. Өйткені, күндіз-түні көз ілмей қайнаған тіршіліктің қақ ортасында жүретін полицейлер үшін қауіпсіздік ең басты орында. Қазіргі уақытта екпе алған барлық қызметкерлердің жағдайы қалыпты.

Бұл індеттің қашан тоқтайтынын ешкім де тап басып айта алмайды. Сондықтан жан сақтаудың жалғыз жолы –вакцина алу және карантин талабын орындау. Ендеше, ертеңіңіз үшін қыдырысты азайтып үйден шықпаңыз.

Абай БАЗАРҒАЛИҰЛЫ,

аудандық полиция бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT