Паразиттік ішек құрттары

Қазіргі қоғамда кең таралған, бірақ көп жағдайда назардан тыс қалатын мәселелердің бірі – паразиттік ішек құрттары. Олар адамның ішегінде тіршілік етіп, ұзақ уақыт бойы белгісіз түрде өмір сүре алады. Алайда уақыт өте келе ағзаға айтарлықтай зиян тигізіп, жалпы денсаулықтың нашарлауына әкеп соғады.

Гельминт жұмыртқалары микроскопиялық болғандықтан, күнделікті тұрмыста олармен кездесу оңай. Жұғу жолдарының негізгі түрлері: жуылмаған өнімдер мен лас су; қол гигиенасының сақталмауы; жануарлармен тығыз байланыс; топырақ пен тұрмыстық заттар арқылы жұғу; балалардың құмсалғыштарда ойнауы. 
Паразиттер адамның ішегіне түскеннен кейін өсіп, дамып, көбейеді. Кейбір түрлері ағза ішінде қозғалып, басқа мүшелерге жетіп, қосымша ауру тудыруы мүмкін.Ағзаға түсетін салмақ. Ішек құрттарының әсері бірден байқалмауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе келесі белгілер байқалады: шаршағыштық, әлсіздік; ас қорыту жүйесінің бұзылуы; тәбет өзгерістері; іштің мазалауы немесе кебуі; балаларда ашушаңдық, ұйқысы бұзылуы, оқу қабілетінің төмендеуі. 

Балалар арасында жиі кездесетін острицалар түнгі уақытта анус аймағына жұмыртқа салып, қышыну туғызады. Бұл қол арқылы қайта жұқтыруға әкеледі. Паразиттік аурулардың салдары – гельминттер ағзаның витаминдер мен минералдарды сіңіру қабілетін төмендетеді, иммундық жүйені әлсіретеді және аллергиялық реакцияларды күшейтеді. Ұзақ уақыт емделмесе: қан аздық, салмақтың азаюы, жүйке жүйесінің әлсіреуі сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Балалар үшін бұл салдар әлдеқайда қауіпті: өсіп- дамуын тежеп, жалпы жағдайын нашарлатады. Алдын алу – ең тиімді қорғаныс. 

Кез келген паразиттік аурудың таралуын болдырмаудың негізгі жолы – жеке және тұрмыстық гигиена. Қолды сабындап, жиі жуу; тағам өнімдерін дұрыс жуу және өңдеу; таза ауыз суды пайдалану; жануарларды ветеринарлық тексеруден өткізу; балалардың ойын ортасын таза ұстау; төсек-орынды жиі ауыстыру. Қажет жағдайда дәрігер кеңесімен профилактикалық ем жүргізуге болады. Паразиттік ішек құрттары – көзге көрінбейтін, бірақ елеулі қауіп төндіретін жұқпа. Одан қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым гигиена мен санитарлық талаптарды сақтау. Әрбір азамат өзінің және отбасының денсаулығын қорғау үшін алдын алу шараларын назардан тыс қалдырмауы тиіс. 


Б.АБИШЕВА, 
«Ұлттық сараптама орталығы» аудандық 
бөлімшесінің зертханашысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT