Елімізде Мемлекет басшысы қол қойған салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін заң шеңберінде Қаржы министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылық жүргізу ережесі бекітіліп, жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауды көздейтін заң күшіне енді.
Осы заңның негізінде салық бойынша негізгі қарызын өтегендердің айыппұлы мен өсімпұлы алынып тасталады және салықты уақытылы төлемегені үшін сотқа немесе коллектрлық компанияларға ісі жолданған азаматтар да рақымшылыққа ілігеді. Бұл акция жылдың соңына дейін жалғасады. Берешекке белшесінен батқандар Мемлекеттік кірістер комитетінің ведомостволық хабарламасына сүйене отырып жариялаған baq.kz сайтының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек бүгінде 1,5 миллион отандасымыздың салықтық берешегі бар екен. Қарыздың жалпы сомасы 20,9 млрд теңге, ал оның 6,6 млрд теңгесі айыппұл мен өсімпұлдан тұрады. Салық төлемей жүргендердің дені Шымкент қаласы, Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары болып табылады. Олар негізінен көлік, жер және мүлік салығын өтемей жүргендер. Мемлекеттік кірістер басқармасының Атырау облысы бойынша баспасөз қызметінен білгеніміздей мемлекетке берешек болып жүргендердің қатарында атыраулықтар да аз емес көрінеді. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Атырау облысында 52,5 мың жеке тұлғаның жалпы сомасы 497,8 млн. теңгені құрайтын салықтық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш – 362,2 млн. теңге, есептелген өсімпұлдар – 135,6 млн. теңге. Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 79,3% (394 млн.теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығы бойынша берешекке 6,1 % (немесе 30,0 млн.теңге), мүлік салығына 14,6% (немесе 72 млн. теңге) тиесілі. Рақымшылыққа кімдер ілігеді? Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі болып табылады. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олар 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады. Егер салық төлеуші ағымдағы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарымен салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде мәліметтері жоқ жеке тұлғалардың, дегенмен кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру мен байланысты он бес жылдан астам есептелінген салықтан қарызы бар жеке тұлғалардың салық берешегінің сомасы есептен шығарылады. Түгендеу жұмыстары 2020 жылдың 5 қаңтарына дейін жүргізіледі. Сондықтан берешегі бар тұрғындарға есептелген өсімпұлдан құтылу үшін негізгі берешекті тезірек төлеуге асығуға тура келеді.
Б.СҮЙЕУОВА