Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бұл мәселені тереңірек көтеріп, дабыл қағуы керек.
«Денсаулық сақтау саласы орталықтандырылып, облыстық бюджетке берілгелі аудандық ауруханадан күй кетті. 120 млн. қарызға белшесінен батқан мекеме құрдымға кетудің аз- ақ алдында тұр. Оған қандай да бір көмек көрсетуге аудандық әкімдіктің құзіреттілігі жоқ. Ол ол ма?! 2021 жылдың қаңтар айынан бастап білім саласы да орталықтандырылады. Мектеп пен балабақшаны облысқа беру жүйесіне біз қарсымыз. Өйткені, баланың болашағы – елдің болашағы».
Баспасөзге жазылу науқанына орай ауданымызда болған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі директоры Ысқақ Егембердиев пен облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев, Нәсіп Шалабаевамен өткен кездесуде Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Мәжиев осылай деді. Оның пікірін денсаулық сақтау саласының ардагері Ермек Сабиров пен Қоғамдық кеңес төрағасы Самат Жайлашев та қолдады. Ал, аудан әкімінің орынбасары Света Аманшиева бұл мәселенің бүгінгі күннің өткір тақырыбы екенін растап, әлі де кеш болмай тұрғанда білім саласын орталықтандыруды тоқтату қажеттігін, бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарына үміт артатынын жеткізді.
-Аудандық аурухана жергілікті әкімдікке қараса, қазіргідей қиын жағдайда қалмаған болар еді. Мамандарымыз да қалаға қашпас еді, тұрғындар да қаладан емделмеген болар еді. Орталықтандырудың опа бермейтініне денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы дәлел болып отыр. Енді осындай күйге білім саласының да ұшырауына жол берілмеуі керек, – деді Света Ертілеуқызы.
Тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдаған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі директоры Ысқақ Егемберидиев бұл мәселені қаперге алатынын, облыстық газеттерде көтеріп, ғылым және білім министрлігіне журналистік сауалдар жіберілетінін айтты.
Ысқақ Дүйсембайұлы сондай-ақ соңғы кездері жергілікті газеттердің сапасы жақсарып, мазмұны артып келе жатқанын, басылым беттерінде проблемалық мәселелердің көбірек көтерілуіне, жазылған жайға билік өкілдері тарапынан жауап берілуіне, оқырманмен кері байланыс орнатылуына басымдық беріліп отырғанын алдағы уақытта басылымдарды онлайн жазылу қолға алынғалы отырғанын атап өтті.
Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Төлеуішұлы мен «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Хисметоллақызы да өздері басқарып отырған басылым бетінде бұған дейін көтерілген, бұдан кейін көтерілетін мәселелер туралы баяндап, аудан тұрғындарын газетке жазылуға шақырды. Аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Баян Сүйеуова аудан айнасының бүгінгі таңдағы басты мақсаты оқырманды көбейту, оқырманға ойлы да оқылымды мақала ұсыну екенін айтты. Бұған қоса биылғы жылы қолға алынған баламалы жазылымның сәтті жүзеге асқанына тоқталып, қолдау көрсеткен аудандық әкімдікке, бөлімдер мен мекеме басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне алғысын жеткізіп, 2021 жылға да жазылу деңгейі төмендемейтініне сенім білдірді.
Б.СҮЙЕУОВА