Газетті рухани жаңғырудың бір бөлшегі санайтын есболдықтар қашанда жазылу науқанының алдыңғы қатарынан табылады.
-Жылына екі рет келетін баспасөзге жазылу науқанына ауылдағы мектептер мен балабақшалар ұжымы, өзге де бюджеттік мекемелер мен ауыл тұрғындары бір кісідей қолдау көрсетіп, ұйымшылдықпен жазылуды әдетке айналдырған. Биыл да сол үрдістен жаңылмай берілген жоспарды артығымен орындадық. Ауылымыздың үлкендері – аудандық басылыммен бірге өсіп жетілген ұрпақ. Газетке жазылу да – ұрпақтар сабақтастығы болып атадан-балаға мирас болып келе жатқан дәстүр.
Ата-аналарымыз «Малды өңір» деп аталған кезден газетті жаздырып алатын. Қазір біз «Жайық шұғыласын» үзбей алып келеміз. Бізден кейінгі ұрпақ та осы үрдісті жалғастыра берері сөзсіз. Өйткені аудандық басылым –мемлекетіміздің жүргізген саясатының дұрыс бағалануына, сол арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына үлес қосушы баспа құралы. Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан кезде газеттен бас тартуға болмайды. Осыны түсінген ауыл халқы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, газетке жазылудан тысқары қалған емес.
Иә, интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді айтып жүргендер бар. Бірақ, газет көтерген мәселенің шешімін тапқанымен құнды. Өз басым аудандық газетті халықтың тағдырына бей-жай қарамайтын газет деп білемін. Өңіріміздің өмірі осы газеттің бетінде өрбіп келеді, – дейді Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Әділғалиев.