Ағаштан жасалған бұйым- дар халқымыздың өмір-тіршілігінде кең таралған дүниелердің бірі деуге болады. Мәселен, қазақтың баспанасы киіз үйден бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған.
Ақтоғайлық Махамбет Төкенов қолөнер шеберлерінің отбасында дүниеге келді десек, артық айтқандық болмас. Себебі, оның әкесі ағаш шебері болса, анасы тігінші. Ағалары да бұл өнерден кенде емес. Ал оның ағаш бұйымдарына деген қызығушылығы 6 сыныптан басталған. Ұстазы Рая Ерғазиеваның жетекшілігімен мектептегі қолөнер үйірмесіне қатысып, ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Негізінен ағаш бұйымдары пайдалануға ыңғайлы әрі тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. Қолыңмен жасаған әр бұйымыңа белгілі бір уақыт пен күш-жігеріңді арнауың қажет. Бастаған әр ісіңді аса ептілікпен тиянақты орындасаң ғана ойыңдағыдай нәтижеге қол жеткізуге болады.
Бүгінгі таңда 10 сынып оқушысы Махамбет ұлттық құндылықтар мен мәдениетті насихаттап, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында оқушылар арасында ұйымдастырылатын байқаулардан қалыс қалмай, атсалысып келеді. Ол 2017 жылы оқушылардың аудандық ғылыми жоба жарыстарында қоршаған ортаны қорғау секциясы бойынша және облыстық «Шеберлер қалашығы» сайысында 3 орындарды иеленді. Ал өткен жылы «ASYL MURA» облыстық балалар этнофестивалінің «Ұлт символдары балалар қолымен» номинациясы бойынша және «Қалдықтар адам игілінде» аудандық ғылыми жобалар сайысында («мұнай сорғысы» жұмысы) жүлделі 2 орынмен марапатталды. –Ата-бабамыздан жалғасып, бүгінгі жас ұрпаққа жеткен қолөнерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, ұлттық қазынамыздың қадіріне жете білейік, –дейді М.Төкенов.
Б.Сапарова.