Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс-құттың белгісі ретінде дастарханға өзге ұлттық тағамдармен бірге міндетті түрде наурызкөже пісіріледі. Төрт баланың анасы Нұрбике Утеубаева осы дәстүрден жыл сайын жаңылған емес.
-Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша наурызкөжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады. Осы ретте мен де өз отбасымда наурызкөже пісіруді, 14 наурыз көрісу күнінен бастап кетемін. Өйткені, наурызкөжені ұнататын балаларым бұл мерекені асыға күтеді.
Наурызкөжені дайындау үшін су, қыста сойған соғымның сүр еті, тары, бидай жармасы, күріш, тұз, сүт қажет болады. Алдымен жақсылап жуылған сүр етті суға салып, қалауынша тұз қосып пісіріп аламыз. Ет пісіп болған соң тары, бидай күрішті пісу уақытының ретіне қарай қайнатамыз. Пісуге жақындағанда молырақ сүт қосамыз. Бұлардан басқа айран, езілген құрт та қосуға болады. Еліміздің әр өңірінде әртүрлі тәсілмен дайындалады. Бұл өте тойымды, дәрумендерге толы ұлттық тағам, – деп өзі пісіретін ұлттық тағамның құрамымен бөліскен Нұрбике: -Барша қазақ халқын Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің мерейі арта берсін! – деген ақжарма тілегін арнауды да ұмытпады.
Б.Сүйеуова.