Офицер журналист болып еді

«Жайық шұғыласы» газетінің 1958-1961 жылдардағы редакторы Ізтелеу Көпбаев журналистік қызметін майдан даласынан бастағандардың санатына жатады.

«Жайық шұғыласы» газетінің 1958-1961 жылдардағы редакторы Ізтелеу Көпбаев журналистік қызметін майдан даласынан бастағандардың санатына жатады.

Ол қанша ауыр, қиын болса да жаңбырдай жауып тұрған оқ астында дивизиялық газеттің мерзімді және тартымды шығуына үлкен үлес қосқан офицер журналист. Соғыстан оралған соң 1946-49 жылдары Бақсай аудандық партия комитетінде насихатшы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Бақсай аудандық атқару комитетінде төраға орынбасары, партия комитетінде 2-хатшы, Бақсай аудандық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы,1962-65 жылдары Бақсай аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, төрағасы болып еңбек еткен. Жұмыстан қол үзбей 1958 жылы Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтын, 1963 жылы СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебінің журналистік факультетін бітіріп, білімін жақсартқан.

Партия тапсырмасымен 1958-61 жылдары «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметін атқарады. Партия мен үкіметтің шақыруын бұқараға жеткізуде, халықты ортақ игілікті жасауға жұмылдыруға, ақ пен қараны, көп пен дараны ашып көрсетуде ұйымдастырушылық,жариялылық істерін, ақиқат арнасын паш етуге жұмсаған. Ардагер журналист аудан халқының қайратын,қаһарман еңбегін, тынысын жеріне жеткізе жазуға бар күшін сарқып,үнқағаздың беттері тек қорғасын әріп табымен емес, кәдімгі өндіріс өзегімен, жусан иісі аңқыған дала сазымен, адамдардың ынта-ықылас пейілімен тұнып тұруына айрықша ден қойған. В.Лениннің «Газет тек қана үгітші насихатшы емес, сонымен қатар ұйымдастырушы» деген сөзін ешқашан есінен шығарған емес.Қарамағындағы тілшілерге қатаң талап қойып отырды. Тілшілердің жазған мақаласының сапасына қатаң көңіл бөлді. Сол жылдары аудандық «Ленин жолы» газеті облыс, аудан газеттерінің алдыңғы шебінде болды.

-Әкеміз коммунистік партия ісіне, елге қызмет етуге шын жүрегімен берілген адал адам болды. Ұзақ жылдар бойына басшылық қызметте жүрсе де мүмкіндігін пайдаланып дүние-мүлік жинап көрмеген, балаларын адалдыққа, әділеттілікке, қарапайымдылыққа тәрбиелеген. Үйімізге қонақ көп келетін. Ол кезде қонақ үй деген атымен жоқ еді. Алматыдан, Оралдан, Гурьевтен келген жазушылар, ақындар, лауазымды қонақтар, ауылдардан келген мұғалімдер, қырдан шыққан шопандар бәрі біздің үйге келуші еді. Қонақ келеді десе үй-ішіміз абыр-сабыр болатын, әсіресе қыздар жағы. Жабылып дастархан жайып, ас дайындап,қонақтарды жақсылап қарсы алуды, алғыстарын алуды тәуір көретін едік.

Әкеміз үлгілі отағасы, жақсы жар, абзал әке бола білді. Анамыз екеуі бес ұл, үш қыз тәрбиелеп, бәрін де оқытты. Ұлдарын енші беріп жеке отбасы қылды. Қыздары қияға қонды. Бұл күндері олар Астанада, Атырауда, Индерде ірі кәсіпорын мекемелерде әке арманын, әке жолын жалғастырып адал еңбек етуде. Немере, жиен, шөберелердің алды да жоғары білім алып, еңбекке араласып, құрметке бөленіп өсіп келеді.

Каникул кезінде әкем мені машинасымен бірге елді, жерді, теңізді көрсін деп ертіп жүруші еді. Іссапарда жүрген кезінде журналист екенін білдіріп, үлкен қарияларды іздеп барып ертедегі тарихи әңгімелерді,шежірелерді, мағлұматтарды өз ауыздарынан жазып алатын.

Жолдастарының айтуынша, әкеміз мінезі кейде қатал, талапшыл, тынымсыз, кейде жұмсақ, кішіпейіл, ақжарқын әзілқой, қамқоршы болған,– дейді Ізтілеу Көпбаевтың екінші ұлы Асан Көпбаев.

Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» және Индер аудандық «Дендер» газеттерінің редакторы болған І.Көпбаевтың баспасөз саласындағы ерен еңбегі жас ұрпақты сүйіспеншілікке, патриотизмге тәрбиелеудің құралы болары анық.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521