Атырау тағы да қатерлі қызыл аймаққа енді. Нақты деректерге сүйенсек, бұл жолғы індеттің беті қатты көрінеді.
Тәулік сайын жүзден астам адамнан коронавирус анықталып, жұртшылықты үрей құшағында ұстап отыр. "Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді" дегендей, соған қарамастан жасырынып той-садақа жасау әлі күнге дейін тиылмай отыр. Бұл өте қауіпті құбылыс. Сол баяғы бармасаң, той шашуынан қашқандай боласың, ұят болады, ағайынды бата айырады деген сияқты қазақы, қасаң қағидамен өмір сүріп жүргеніміз өкінішті.
"Ауру қадірін сау білмес" дегендей, осы пандемия деген пәлекетпен арпалысып, үш айдай төсекке таңылдым. Қасымдағы сайрап жатқан науқастар ойламаған жерден бір жұтым ауаға зар болып, көз алдымда соңғы рет ышқынып өмірмен мәңгіге қоштасқандарын көзіммен көріп, жаным шырқырады. Мен де бір Алланың рахымы түсіп, тілеулес достардың да дұғалары қабыл болған болар, әупірімдеп бір ажалдан аман қалдым. Өзгелерге сабақ болсын деп бастан кешкендерімнің бәрін БАҚ-да жарияладым да. Көзге көрінбейтін мылтықсыз майдан қатарымызды сиретіп жатыр. Тұтастай бір шаңырақтың оты сөнген жағдайлар да бар. Мұны неден деп ойлайсыздар? Сол баяғы бейғамдық, қарапайым сақтық шараларын сақтамағандықтан деп білемін.
Ал, ресми емес деректер бойынша індетке шалдығып, қайтыс болып жатқандардың басым бөлігі бір-бірін құшақ жая қарсы алып, бір табақтан ет асаған құда-жекжат, дос-жарандар екендігі белгілі болып отыр. Ол қанша жерден жасырса да, сымсыз телефондар арқылы тарап жатыр. Бұл дегеніңіз көпе-көрінеу бір-бірімізді ажал апанына итермелеу емес пе? Осыны неге түсінбейміз? Құдайға шүкір, бізде де тамыр-таныс, дос-жолдас, құда-жекжат жеткілікті. Олар да демалыс күндерін құр жібермей түрлі жақсылықтарына, садақаларына арнап шақырып жатады. Бірақ мен сыпайы түрде ондай шақырулардан бас тартуға мәжбүрмін. Өйткені Жаратушы Иеміз маған бір рет ауыр сынағын ұсынып, пейілі түскені болар бір ажалдан аман қалдым. Ал екінші рет(құдай бетін әрмен қылсын) ондай ауыр сынақты көтеруім неғайбіл. Алла Тағала да менің ондай "еркелігімді" көтере қоймас.
Сондықтан барлық сақтық шараларын сақтап, үйімізде тыныш отырайықшы, құдай үшін! Той-томалақ ешқайда қашпайды. Ал, денсаулық, бас амандығы бәрінен қымбат.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ