Ниет тазалығы - ізгілік бастауы

Ниет әуел бастан ізгілік жолы, ар жолы. Жүрегі басқаларға деген сүйіспеншілікке толы, ниеті түзу адам өзгеге игілікті іс жасауға асығып тұрады. Арамызда тек өзіне емес, өзгелер үшін де қолда барын аямайтын қайырымды жандар аз емес.

Отбасына берілген тәлімді тәрбиенің жемісі шығар, Әсел кәсіпкер атанған шақтан бастап жетістігін қамқорлықпен ұштастырумен келеді. Қамқорлық жасау, сенім мен үміт жалғау, қол ұшын беру, жәрдемдесу, әлсізге қуат, балаға қуаныш сыйлау - жақсының шарапаты.

Бүгінгі күні «Болашақ» дүкенінің осы аттас сәулетті, еңселі мейрамхананың иесі Есениязова Әсел Какимқызы төрт жыл қатарынан «Мектепке жол» акциясына атсалысып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып бүлдіршіндерін бөліп-жармай оқу құралдарын сыйлап, «Құтты қадам» шарасын шын мәніндегі мерекеге айналдырған болатын. Соңғы екі жылда жаңа жыл мерекесіне арналған қайырымдылық шыршасын ұйымдастырды. 150 баланы қамтыған бұл шараға әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасы балаларымен қатар үздік оқушылар, көп балалы отбасы балалары қатысып, өздері айтып тауыса алмайтын қызыққа бөленді. Бәрі бірдей аттары аталып, Аяз атаның өз қолынан сыйлықтарын алған кездегі бал-бұл жанған бала қуанышы барлығын шаттыққа бөледі.

«Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» - демекші, қашанда көңілі жас баладай жәутеңдеп тұратын қарттарға көңіл бөлу - игілікті іс. Қарттар күні мерекесіне орай Әсем қызымыз Бейбарыс ауылының бүкіл қартын жинап, басын қосып, арқа-жарқа әңгіме айтқызып, қонақасы беріп, сыйлық ұсынып, сауапты іс жасады. Өзі ұшқан алтын ұя Чкалов атындағы орта мектебінің 80 жылдық мерейтойынан да қалыс қалмады. Өз қолдауымен басқа да жекеленген отбасыларға ауыз толтырып айтарлықтай қолдау көрсетіп жүрген Әсел Какимқызына көпшіліктің айтары алғыс ғана.

Иә, жаз дидарлы адамды көргенде жүрегің жіби сала бермей ме? Жақсыларымыз бен жақсылығымыз көбейсін. Жақсының шарапаты өмірдің өзін әдемі көрсетері сөзсіз!

Қаламқас ОРЫНБАСАРОВА,

Чкалов атындағы орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21