Бүгінгі таңда өзекті тақырыпқа айналып отырған мәселе – мал ұрлығы. Аудан бойынша мал ұрлығына қарсы күрес жұмыстары, малды сату және тасымалдаудағы заңдылықтың сақталуы, ұрлық малды заңсыз жерде сою, заңсыз ет өнімін сатуға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алайда әлі де болса, өзінің жеке малдарына жүрдім-бардым қарайтындығы, тұрғындар тарапынан кейбір жағдайларда мал ұрлығының алдын алуға бөгет болуда.
Әсіресе, жылқы малының жылдың төрт мезгілінде далада қараусыз қалдырылуы, уақтылы түгенделмеуі – мал ұрлығына басты себеп. Ауыл шаруашылығы малдарын бағымсыз, бақташысыз дала жайылымына жібермеу қажет, себебі, малдың 90%-ы далада бағымсыз жүрген кезінде ұрланады. Сондықтан ауылдық округтерде тұрғындарға өз малдарын қараусыз қалдырмау, малды кезекпен бағуды ұйымдастыру жөнінде кеңінен түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы орайда ҚР «Ветеринария туралы» заңының 10-бабына сәйкес елді мекендерде мал жаятын жайылымды айқындауға қатысты ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы малдарына арналған жайылымдық жерлерді анықтау жұмыстары аудандық жер қатынасы бөлімімен бірлесіп, нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауылдық округтердегі мал дәрігері мамандарына жұмыс уақыты біткеннен кейін және демалыс күндері ветеринариялық анықтама бермеу жөнінде тапсырмалар берілді. Осы ретте малдарын қолды етпеудің жолы тұрғындар жеке малдарын сырғалап, паспортпен қамтамасыз етуге тиіс. Ағымдағы жылдың есептік мерзімінде аудан бойынша 10286 міқ, 18924 қой-ешкі, 1977 бас түйе, малдары сырғаланса, 1627 бас жылқы таңбаланып ауыл шаруашылығы жануарларын бір- дейлендіру дерекқорына енгізілді. «Қорған» мал сою пунктінің ауласы қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларының иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау орны ретінде белгіленді.Өткен 2018 жылы 6 бас міқ, 18 бас түйе малын ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасы бойынша мал иелері анықталып, учаскелік инспекторлар тарапынан ескерту берілді. Ауданға қарасты 3 мал сою пунктінде 2018 жылы 7577 бас міқ, 3830 бас қой, 1679 бас жылқы, 247 түйе, 57 бас шошқа, 108245 құс сойылып, ветеринариялық талапқа сай мал сою орнына тасымалданған малдардың іліспе құжаттары зерделеніп, аудан және қала сауда нүктелеріне ет өнімдері жіберілсе, 1196 бас міқ, 188 бас түйе, 1269 бас қой, 190 бас жылқыға мал базарына сатуға ветеринариялық анықтама берілді. Жалпы аудан көлемінде заңды және жеке тұлғалар арасында ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз жерде сою, заңсыз ет өнімін сату фактілері тіркелген жоқ.ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бойынша, мал ұрлығының алдын алу, жолын кесу, тиісті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз малды тасымалдауды болдырмау мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен жасақталған 2 жақты меморандумға байланысты бірлесіп, жүргізілген рейд нәтижесімен мал тасымалдау кезінде анықталған 36 тұлғаға қатысты заң бұзушылық фактілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-ы бабымен 962000 теңге айыппұл салынды. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдардың жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің негізінде жайылымдарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл тұрғындарының малға күзетті күшейткені абзал. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауын тоқтатпайынша, құқық қоғау органдарының мал ұрлаушылармен күресі оң нәтижесін беруі екіталай.
М.НУРМУХАНБЕТОВА,
Махамбет аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы.