Неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі

Соңғы өзгерістерге сәйкес, жаңа Конституция жобасында неке — ер мен әйелдің арасындағы заңды түрде тіркелген, ерікті әрі тең құқықты одақ деп жазылды. Бұрын ол 27-бап болса, қазір 30-бап болып өзгерді. Балаларға қамқорлық жасау, оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндетті болса, ал кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқор болуға міндетті және мемлекет неке, отбасы, ана, әке және баланы қорғауға міндетті екені өзгеріссіз қалды.
Осы нормаға қатысты айтар болсам, некені ер мен әйелдің одағы ретінде нақты көрсету қоғамдағы дәстүрлі отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталған қадам деп бағалауға болады. Отбасы, ата-ана және баланың мемлекет қорғауында болуы — тұрақты қоғам қалыптастыру үшін маңызды. 
Бұл балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, ата-ананың жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай ұстаным қоғамдағы ортақ түсінікті бекітіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Ең бастысы – адамдар өз құқықтарының қорғалатынына сеніп, болашағына алаңдамай өмір сүре алады.
З.Болатқызы,
АХАТ бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT