Мұнай-газ саласы бүгінде ел экономикасының тірегі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарының еңбегін ерекше атап өтіп, олардың еліміздің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Президент айтқандай, бұл салада тек тәжірибелі мамандар ғана емес, олардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан жас буын да еңбек етуде.
Бүгінде жастар арасында «мұнай саласында жұмыс табу қиын, табыс аз» деген түсінік пайда болған. Алайда қара алтынның астанасы саналатын Атырау өңіріндегі жастардың мамандық таңдаудағы басты бағдары осы сала болу керек секілді. Себебі бұл саланың одан әрі жандануы¬на жас, білімді, білікті мамандар қашанда керек- ақ. Сексен жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауытында жауапты қызмет атқарып жүрген Жадыра Кабдрахманова да солай ойлайды. Кейіпкеріміз бұл салада табысқа жету үшін білімді, жан-жақты болу қажет ететінін айтып отыр.
– Жадыра, мұнай саласындағы еңбек жолыңыз қашан, қалай басталды? Зауытта атқаратын міндетіңіз қандай?
– Мен Атырау мұнай өңдеу зауытына 2020 жылдың қараша айында қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінде еңбекті ұйымдастыру және еңбекақы төлеу жөніндегі маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Бұл жолға түсуімнің алғашқы кезеңі жұмыс іздеу сайттарына – «hh.kz», «work.kmg.kz», «enbek. kz» сияқты платформаларға өтініш беру болды. Кейін сол өтініштеріме байланысты тестілеуден өтіп, жоғары баға алып, келесі кезең – сұхбатқа шақырылдым. Сұхбат барысында өзімді жақсы танытып, басқа үміткерлер арасынан ерекшелендім. Нәтижесінде, 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап ресми түрде зауыт қызметкері атандым. Қазіргі уақытта мен қызметкерлерді басқару бөлімінде персоналмен жұмыс маманы, яғни кадр маманы ретінде қызмет атқарып келемін. Жұмысыма үлкен ықыласпен және адалдықпен қараймын. Мен үшін бұл сала өте қызықты әрі маңызды. Әр күн жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер алып келеді. Сондықтан өз кәсібімді үнемі жетілдіріп, жаңалықтарды үйренуге тырысамын. Сонымен қатар, ұжымдағы әріптестеріммен жақсы қарым- қатынас орнатып, бірлесіп нәтижелі жұмыс жасау мен үшін өте маңызды.
– Осы бес жыл аралығындағы тәжірибеңізден мұнай-газ саласында жұмыс істеудің тиімділігін айта аласыз ба? Сонымен қатар өңірдегі бас зауыттардың бірінде жас мамандарды қолдау қалай жүзеге асырылуда?
– Мұнай-газ саласы – еліміздің экономикасының негізі әрі тұрақты дамып келе жатқан маңызды салаларының бірі. Бұл салада жұмыс істеу тиімділігі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, еңбекақы деңгейі салыстырмалы түрде жоғары, бұл мамандар үшін үлкен мотивация болып табылады. Екіншіден, мұнай-газ саласында жұмыс тұрақтылықты және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе отбасылы қызметкерлер үшін өте маңызды. Үшіншіден, салада кәсіби даму мүмкіндіктері өте кең. Заманауи технологиялар мен инновацияларды меңгеру арқылы мамандар өз біліктіліктерін үнемі арттыра алады.
Осы ретте, Атырау мұнай өңдеу зауытында жас мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Зауытта «Жас маман» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында бірқатар түлек оқуын аяқтап, олардың 90%-ы зауытта тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 5 студент кәсіпорын есебінен оқуын жалғастыруда. Жобаға қатысушылар жыл сайын өтетін конкурстық іріктеу арқылы таңдалады, бұл ең талантты және қабілетті жастардың іріктелуіне мүмкіндік береді.
Кәсіпорын түлектерді өз қаражаты есебінен Қазақстан, Қытай және ТМД мемлекеттеріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқытады. Бұл оқу орындары арасында Қазақ- Британ техникалық университеті, Satbayev University, Astana IT University, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті және Тяньцзинь технологиялық университеті бар. Сонымен қатар үлгерімі жақсы студенттерге зауыт тарапынан арнайы стипендия тағайындалады. Өндірістік тәжірибе және тұрақты жұмыспен қамту міндеттері де зауыттың бақылауында. Бұдан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауытында 2016 жылдан бастап дуалды оқыту бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында да студенттер зауытта жұмысқа орналасты. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясы еңбеккерлердің біліктілігін арттыруға ерекше мән беруде. Сонымен қатар халықаралық бағдарламалар орталығымен жасалған меморандум негізінде зауыт мамандары шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп, әлемнің үздік университеттері мен алпауыт кәсіпорындарында кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік алды. Болашақта Атырау мұнай өңдеу зауыты аймақтағы оқу орындарымен байланыстарын одан әрі нығайтып, мұнай өңдеу мамандығын кеңінен насихаттау және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Осы шаралардың барлығы жас мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары болуына, өндірістік ортаға тез бейімделуіне және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына септігін тигізеді. Сонымен қатар зауыттың әлеуметтік жауапкершілігі аясында жас қызметкерлерге барлық жағдай жасалып, олардың болашағы үшін тұрақты қолдау көрсетілуде.
– Бүгінде мамандар «Мұнайдың болашағы бұлыңғыр» деген тәмсілді айтып жүр. Осы орай¬да зауыттың халықты жұмыспен қамту деңгейі қалай?
– Қазіргі кезде әлемдегі энергетикалық нарықтағы өзгерістерге байланысты мұнай саласының болашағы кейбір сарапшылар тарапынан бұлыңғыр деп бағалануы мүмкін. Алайда менің ойымша, мұнай әлі де маңызды энергетикалық ресурс болып қала береді. Технологиялар дамып, қоршаған ортаны қорғау талаптары күшейе түскен сайын мұнай-газ саласы да өзекті мәселелерді шешу жолында белсенді әрекет етіп жатыр. Бұл сала жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы экологиялық талаптарға жауап беруге тырысады. Сондықтан мұнай саласының болашағы әлі де бар, тек ол сала үнемі жаңарып, өзгерістерге бейімделіп отыруы қажет.
Атырау мұнай өңдеу зауытында қызметкер- лерді жұмыспен қамту жүйесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бос жұмыс орындары туралы ақпаратты үнемі жаңартып отыратын арнайы платформалар мысалы, «qsamruk.kz», «work. kmg.kz», «enbek.kz» сияқты сенімді сайттар бар. Сонымен қатар, зауыт үнемі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып отырады, жұмыс іздеушілерге мүмкіндіктерін кеңінен ұсынады.
Жас мамандарға ерекше назар аударылады. Олардың кәсіби дамуына жағдай жасау мақсатында түрлі оқыту курстары, тренингтер және тағылымдамалар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен бірге тәжірибелі қызметкерлер жас мамандарға тәлімгерлік етеді, бұл олардың өндірістік ортаға тез әрі тиімді бейімделуіне және өз кәсібін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Осылайша, зауыт – қызметкерлерді толық көлемде қамтамасыз етіп, жұмыс сапасын үнемі жақсартып келеді. Бұл зауыттың өндірістік қуатын арттырып, жалпы ел экономикасына қосқан үлесін нығайтуға септігін тигізеді.
– Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы. Жуырда ғана 80 жылдық мерейтойын өткізген АМӨЗ өзінің жұмысшы сала өкілдеріне көңіл бөлді ме?
– Біздің зауытта жұмысшы персоналды өте қатты құрметтейді және қолдайды. Олар үшін арнайы әлеуметтік пакет қарастырылған. Отбасылы жұмысшылардың балаларына балабақшаға жеңілдік, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жұмысшы сала қызметкерлеріне фитнес-орталықтарға жеңілдік, балалы болса, отбасын құрса, жақын туысы өмірден өтсе, қаржылай қолдау да тұрақты түрде төленеді. Мемлекет басшысы айтқандай, жұмысшы мамандар –қоғамның қозғаушы күші, тірегі. Ал жуырда өткен Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойы ұжым үшін үлкен және маңызды оқиға болды. Бұл та¬рихи кезеңді атап өтуге арналған іс-шаралар жүйелі және салтанатты түрде өткізілді. Мерейтой аясында арнайы мерекелік медаль жасалды, ол зауыт қызметкерлері мен ардагерлеріне табысталды. Бұл – зауыттың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тарихы мен еңбектеріне берілген жоғары баға. Сонымен қатар, ардагерлерге, бір кездері осы салада қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған жандарға ерекше құрмет көрсетілді. «Даңқ жолы» атты кітап жарық көріп, онда зауыттың қалыптасуы мен дамуы туралы тарихи суреттер мен естеліктер жинақталды. Осы кітап арқылы жаңа ұрпаққа өнегелі тарихымызды жеткізу көзделді. Мерейтойға арналып деректі фильм түсіріліп, оның тұсаукесері өткізілді. Бұл фильм зауыттың 80 жылдық даму жолын кеңінен көрсетіп, қызметкерлердің еңбегі мен жетістіктерін ерекше атап өтті. Мен осы мерекелік шараларды ұйымдастыру тобының құрамында болдым, бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі құрмет болды. Ұжымның барлық мүшелеріне мерейтойды ұмытылмастай өткізуге үлес қосу менің кәсіби және адами дамуым үшін ерекше тәжірибе болды. Әрине, зауытымыз атаулы мұнай- газ кешендері мейрамында барлық зауыттың штаттық қызметкерлерін, жұмысшыларын сыйақымен қуантты.
Сұхбаттасқан А.САТАЕВА